24 сағатта 7 отаны қатар аяқтап, бағдарламаға сұхбат беруге келген нейрохирург – Мыңжылқы Бердіқожаев

Мархабат
Фото: видеодан кадр

АСТАНА. KAZINFORM - «Jibek joly» телеарнасындағы «Мархабат» бағдарламасында қонақта болған нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев мамандығы мен өмірі туралы айтып берді.

ҚР Президент Ісі басқармасы Медициналық орталығы ауруханасы директорының хирургия жөніндегі орынбасары, жоғары санатты нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев Астана қаласында тұрады. Бірақ әр сенбі және жексенбі күндері Алматы қаласына ота жасау үшін ғана барады. Күрделі ота. «Мархабат» хабарының түсіріліміне де түні бойы көз ілместен, 7 отаны сәтті аяқтап келген Мыңжылқы Бердіқожаевқа: «Аптаның жеті күні бос емессіз, сонда сіз қай кезде демаласыз?» деген сұраққа, ол: «Ең тамаша нәрсе, сенің жұмысың хоббиің болуы. Мен ота жасаудан шаршаған емеспін. Жасаған оталарымның нәтижесін көргенде екі есе энергия аламын. Одан қалса, балаларымның маңдайынан бір иіскеп, әйелімнің көжесін ішіп демаламын», - деп, жауап берді.

Осыған дейін 7500-ден аса операция жасаған нейрохирург ең алғашқы жасаған отасын есіне түсірді.

Мархабат бағдарламасы
Фото: кадр видеодан алынды

 

«Отаны ең бірінші рет 2004 жылы 23 жасымда интернатурада оқып жүрген кезімде жасадым. Технологиялардың әлі толық келе қоймаған уақыты ғой, елімізге. Бастың жарақаты, басындағы ұйыған қанды алып тастауға тура келді. Ота сәтті өтті. Алғашқы отаның сәтті өтуі жас маман үшін маңызды» – дейді ол.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, соңғы уақытта өлім-жітімнің алғашқы себебі – жүрек-қан тамыр аурулары. Оның ішінде адамдарды жұмысқа жарамсыз ететін алдынғы орында тұрған – инсульт. Инсульттің алғашқы симптомдары – бір жақ қол-аяқтың әлсіздігі, қолда ұстап тұрған нәрсені құлатып алу, бастың айналуы, көздің көрмей қалуы, тілдің күрмелуі. Егер осы симптомдар жарты сағаттың ішінде қайтып кететін болса онда оны «традиаторлық ишемиялық атака» дейді. Адамдардың көбі сондай симптомдарды бірнеше рет басынан өткізгеннен кейін «Кезекті симптом жарты сағаттың ішінде өтіп кетеді, ешнәрсе етпейді» деп ойлап, оған үйреншікті нәрсе ретінде қарайды. Жедел жәрдем шақырмайды. Ал шын мәнінде сол уақытта ол науқаста инсульт басталып жатуы мүмкін», – дейді, дәрігер.

Әулетінен шыққан алғашқы дәрігер – Мыңжылқы Бердіқожаев алтыншы сыныпта оқып жүргенде-ақ дәрігер боламын деп шешкен екен.

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде.

Нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев хабар соңында денсаулықты сақтаудың қарапайым жолдары туралы айтып берді:

– Мүмкіндік болса, жаяу жүріңіздер. Жаяу жүре бастағанда, ағза мүшелері түгел жұмысқа кіріседі, гормондар орнына келеді, қан қысымы қалпына келеді, тәбетіңіз ашылады, асқазан дұрыс жұмыс істейді.

– Мүмкіндік болса, күніне 20-30 минут уақытыңызды кітап оқуға жұмсағаныңыз дұрыс. Ол деменцияның, алжудың, Альцгеймер ауруының алдын-алудың бірден-бір профилактикасы.

– Қолыңызда болып, шамаңыз келсе, садақа беріп жүріңіздер. Оның ішінде МӘМС жүйесіне де жалақыңыздан 10% садақа беруді ұмытпаңыз.

Соңғы жаңалықтар