24 СӘУІР . ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

24 СӘУІР, БЕЙСЕНБІ
Халықаралық жастар ынтымақтастығы күні. 1955 жылы Азия мен Африка елдерінің Бандунг конференциясында шешім қабылданған күннен бастап, отаршылдыққа қарсылық білдіріп, бейбітшілікті қолдайтын жастардың халықаралық ынтымақтастығы күні ретінде атап өтіледі.
Бүкіл әлемдегі армяндардың аза тұту күні. Осман империясындағы армян геноциді шарықтау шегіне жетіп, шамамен 1,5 миллиондай армян өлтірілген. Бұл күн 1989 жылдан бастап атап өтіледі.
Халықаралық астрономия күні. Бұл мереке 1973 жылы Америкада дүниеге келіп, астрономия жанкүйерлерін «Астрономияны адамзатқа таныстырушылар» деген бір ұранның астына жинады. Бүгінде бұл қозғалысты Астрономия лигасы, Тынық мұхит Астрономиялық қоғамы, Халықаралық Планетарийлер одағы басқарады.
Астрономия күнін әдетте сенбіде, ай орталанып, сәуір аяқталып, мамыр бастау алар кезде тойлайды. Бұл күні көптеген елдерде мыңдаған астрономиялық клубтар, ғылыми мұражайлар мен расытханалар, планетарийлер әртүрлі қызықты шаралар ұйымдастырып, көпшілікке дәрістер оқып, телеконференция, біріккен жобалар жасап, жұлдызды аспанды телескоптармен тамашалатады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
2 4 жыл бұрын (1990) Қазақ КСР-інің «Қазақ КСР Президенті қызметін бекіту және Конституцияға (Негізгі заң) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ Кеңес Социалистiк Республикасының Президенті туралы» Жарлығы қабылданды.
2 4 жыл бұрын (1990) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен Қазақстанның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.
2 4 жыл бұрын (1990) қазақ және орыс тілдерінде «Халық кеңесi» және «Советы Казахстана» газетінің алғашқы саны шықты.
2 3 жыл бұрын (1991) Түркияда Қазақстанның мәдениет және өнер күндері басталды. Осы іс-шара шеңберінде «Алтын тамырлар» атты көрме ашылды. Бұл көрме қазақ пен түрік халықтарының тарихи тамырластығын қамтыды.
1 9 жыл бұрын (1995) жазушы Қасым Қайсеновке, ардагерлер Алексей Кулаков пен Мурдин Тайповке «Халық қаһарманы» атағы берілді.
1 8 жыл бұрын (1996) Түркияда Абай күндерінің аясында Абайдың (1845-1904) шығармашылығына арналған мерекелік шаралар өтті. Анкарада салтанатты түрде жаңа мектеп ашылды, аталған мектепке қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімі берілді. Түркиядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен, онда Абайдың мұражайы ашылды.
1 8 жыл бұрын (1996) Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтағы мемлекет басшылары аллеясына Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен зайыбы Сара Алпысқызы алғашқы шырша ағашын отырғызды.
1 8 жыл бұрын (1996) Елбасы Н.Назарбаевқа елдегі ең жоғарғы лауазым белгілері - «Алтын Қыран» ордені, омырау белгісі және Президент байрағы тапсырылды.
1 4 жыл бұрын (2000) Алматыда «Еуразия - 2000» экономикалық саммиті өз жұмысын бастады. Саммитте Орталық Азия және Кавказ маңы елдері көшбасшылары интеграция, жаһандану мәселелерін, Еуразияның болашағын талқылады.
1 3 жыл бұрын (2001) Алматыдағы «Атакент» іскерлік әріптестік орталығында «Ұлы Жібек жолымен» атты бірінші халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесі ашылды.
8 жыл бұрын (2006) Астанада «Таймас» баспа үйінен ат спорты мен жылқы шаруашылығының бүгінгі жай-күйіне арналған «Қазанат» атты кітап жарық көрді. Оның авторлары - еліміздегі ат спорты мен жылқы шаруашылығының білікті жанашырлары саналатын Кеңес Рақышев пен Сәдібек Түгел. Бес бөлімнен тұратын бұл кітап жылқының қадір-қасиеті турасында ел аузында айтылып келген аңыз-әңгімелермен бірге жылқы малының биологиялық ерекшеліктері мен тұқым түрлері, республикада аталған саланы өркендету мен ат спортын дамытудың нақты мүмкіндіктері жан-жақты сараланып көрсетілген.
ЕСІМДЕР
13 1 жыл бұрын (1883-1939) Алаш қозғалысының қайраткері, биология, зоология, медицина салалары бойынша студент-шәкірттерге арнап алғаш оқулық жазған әмбебап ғалым, дәрігер, фольклоршы, педагог, тілші, қоғам қайраткері, профессор, Ресей Ғылым академиясы Өлкетану бюросының корреспондент-мүшесі ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ Халел дүниеге келді.
Атырау облысының Қызылқоға ауданында туған. Орал әскери-шынайы училищесін, Петербор әскери-медициналық академиясын бітірген. Студенттік өмірі саяси толқуларға толы кезеңмен тұстас келіп, оның саяси білімін жетілдіріп, қалыптасуына әсер етті. Ол осы жылдары ел ішінде үгіт-насихат жүргізіп, жергілікті «Фикр» (Пікір), «Уральский листок» газеттеріне мақалалар жазып, саяси толқулардың мән-жайын халыққа түсіндіріп отырды. 1909 жылы академияны үздік дәрежелі дәрігер атағымен, Алтын медальмен бітіріп, офицер ретінде кесімді мерзімдегі әскери міндетін өтеуге жіберілген. Алдымен Пермь губерниясында, кейін 2-ші Түркістан, 2-ші Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігерлік қызмет атқарды. 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінде «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік - сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» сынды кәсіби, әлеуметтік-саяси тақырыптарда мақалалар жариялап, өзіндік ой-пікірін білдіріп тұрған. Ғалымның «Как бороться с чумой среди киргизского народа» атты кітабы өз кезеңінде оба індетіне қарсы күрестің әдіс-тәсілдерін түгел қамтыған еңбек болған. Ресейдегі Ақпан төңкерісінен кейін қазақ даласында облыстық, жалпы қазақ съездерін ұйымдастырып, өткізуге атсалысқан. Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысып, І жалпықазақ съезінен Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылған. 1917 жылы ІІ жалпықазақ съезінде жарияланған Алашорда үкіметі - Ұлт кеңесі құрамына сайланған. Алаш қайраткерлерімен бірге бірінші кезекте халықты бүліншіліктен қорғайтын ұлттық әскер - халық милициясын жасақтауға, Алаш қорын құруға, елден алым-салық қаражат жинау ісіне күш салған. Уақытша үкіметтен билікті күшпен тартып алған большевиктердің үстемдігі нығайған тұста, Кеңес үкіметінің басшысы В.Ленинмен, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.Сталинмен бетпе-бет келіссөздер жүргізген. 1920 жылы тамыздың 21-інде Түркістан республикасы халық ағарту комиссариаты жанынан Түркістан халықтарының оқу-ағарту, мәдени және ғылыми мұқтаждарын өтеу үшін арнайы ұйымдастырылған Білім комиссиясының мүшелігіне, кейін төрағалығына сайланған. Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушы болған. Орта Азия (Түркістан) университеті медицина факультетінің хирургиялық емханасында ординатор, Түркістан денсаулық сақтау халық комиссариаты алқасының мүшесі және емдеу-санитарлық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Орта Азия мемлекеттік баспа алқасының, кейін Қазақ мемлекеттік баспасы Шығыс бөлімінің меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік баспа басқармасы меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқара жүріп, отандық ғылымның дамуына да мол үлес қосқан. Оның «Табиғаттану», «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі» (қазақша-орысша жаратылыстану сөздігі), «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер», т.б. оқулықтар мен ғылыми еңбектер жазған. Сонымен қатар қазақ халқының тілі мен әдебиетіне, тарихына қатысты материалдар жинақтап, тілдің дыбыс жүйесінің өзекті мәселесі - сингармонизм заңын зерттеген. «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы», «Шернияз шешен», «Алаш не сөз?», «Бұқарадағы Көгілташ медресесін салу туралы әпсана», «Тіллә-Қары мен Ширдор медреселерін салғызған Жалаңтөс батыр шежіресі», «Диуани лұғат ат-түрік», «Кенесарының соңғы күндері», «Қазақ әдебиетінің тарихы» сияқты, т.б. ғылыми-теориялық еңбектер жазып қалдырған. «Мұрат ақын сөзі», «Исатай - Махамбет», «Аламан» жинақтарын шығарған. 1932 жылы Кеңес өкіметі ұйымдастырған қуғын-сүргін саясаты кезінде тұтқындалып, ОГПУ үштігінің шешімімен Воронеж қаласына 5 жылға жер аударылған. Онда жүріп Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды емдеу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары секілді қызмет істеген. 1938 жылы шілденің 26-ында жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып, әуелі Мәскеу, кейін Алматы түрмесінде отырған. 1939 жылы сәуірдің 24-інде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілген. Ғалымның ісі тек 1958 жылы ақпанның 28-інде Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер алқасында қайта қаралып ақталған.
Ғалымға туған жері Атырау облысы Миялы кентінде ескерткіш қойылған. Атырау университетіне, Алматы және Атырау қалаларындағы көшелерге есімі берілген.
1 20 жыл бұрын (1894-1919) Ақмола облысында Кеңес үкіметін орнатуға қатысушылардың бірі СЕРІКБАЕВ Бәкен дүниеге келді.
Ақмола (Астана) қаласында туған. Ақмола училищесін бітірген. 1917 жылы С.Сейфуллин ұйымдастырған «Жас қазақ» атты жастар ұйымының жұмысына қатысты. 1918 жылы Ақмола уездік Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Сол жылы маусым айында ақ гвардияшылар бүлігі кезінде Ақмола кеңесінің басқа мүшелерімен бірге тұтқынға түсіп, атаман Анненковтың «Азап вагонына» қамалды. Ол Омбы лагерінде ақ гвардияшылардың қолынан қаза тапқан.
8 9 жыл бұрын (1925-1991) кен ісі саласындағы қазақ ғалымы, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, техника ғылымының докторы, профессор, жер қойнауын ашық қазу саласы маманы МҰСТАФИНА Әсия Мұстафақызы дүниеге келді.
Қызылорда облысы Сырдария ауданында туған. Қазақ тау-кен металлургия институтын (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университет) бітірген.
Еңбек жолын КСРО Металлургия өнеркәсібі министрлігі Кемпірсай кен басқармасы техникалық бақылау бөлімі бастығының орынбасары қызметінен бастаған. 1954 жылы пайдалы қазбалар кен орындарын игеруде техникалық көмек көрсету үшін Қытай Халық Республикасына жіберіліп, ол жерде «Совкитайметалл» АҚ-ы басқармасының өндірістік-техникалық бөлімінде аға инженер болып қызмет атқарған. Елге келген соң Қазақ КСР Ғылым Академиясының Кен істері институтының кіші ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері, жер қойнауын ашық қазу зертханасының меңгерушісі және ғылыми кеңесшісі қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері кен ашу жұмыстарында жаппай қопару әдістерін қолдану, бұрғылау технологиясын жетілдіру, кенді ашық әдіспен қазу жүйелерін талдау және карьерлерді автоматтандырылған басқару жұйелері арқылы пайдалану мәселелеріне арналған.
Ә.Мұстафина жемісті ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 2002 жылы Қазақстан кен ғылымына қосқан зор үлесі үшін және Кен істері институтының дамуына сіңірген еңбегіне байланысты «Д.А.Қонаев атындағы Кен істері институтының құрметті ғылыми қызметкері» атағы берілді.
7 8 жыл бұрын (1936) Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының және Платиналы Тарлан сыйлығының иегері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және М.Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың иегері, Тарбағатай, Аягөз және Үржар аудандарының құрметті азаматы ЖҰМАДІЛОВ Қабдеш дүниеге келген.
Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Шәуешек ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) филология факультетін тәмамдаған. 1965-1967 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкер, 1967-1976 жылдары - «Жазушы» баспасында редактор, 1976-1981 жылдары - Қазақстанның Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде жауапты қызметкер болған. 1980 жылдан бірыңғай шығармашылық жұмыста.
Қ.Жұмаділовтің алғашқы өлеңдері 1954 жылдан бастап жергілікті баспасөз бетінде жарық көрген. «Жамал» атты тырнақалды әңгімесі 1956 жылы Үрімжіде шығатын «Шұғыла» журналында жарияланды. 10 роман, 13 повесть, 50-ден аса әңгіме, көптеген мақала жазған, «Жас дәурен» өлеңдер жинағының, «Қаздар қайтып барады» әңгімелер жинағының, «Көкейкесті», «Атамекен», «Тағдыр» романдарының, «Дарабоз», «Соңғы көш» дилогияларының авторы.
«Дарабоз» романында даңқты қолбасшы - Қаракерей Қабанбайдың жорық жолдары баяндалады. Сондай-ақ романда 18-ғасырдағы қазақ халқының тыныс-тіршілігі эпикалық кең тыныспен көрсетіліп, Абылай ханның, қазақтың басқа да батырлары мен билерінің көркем бейнелері сомдалған. «Атамекен», «Тағдыр» тарихи романдарында шалғайда жүрген қазақ ұлтының ауыр тағдыры көрсетілген. 1998 жылы Қ.Жұмаділовтің соңғы жылдардағы көлемді шығармасы - «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық романы жарық көрді. 2008 жылы жазушының «Мәңгілік майдан» кітабы, ал 2010 жылы «Тозақ оты» повестер мен әңгімелері жарыққа шықты. Жазушының публицистикалық мақалалары «Қалың елім, қазағым» жинағында жарияланды. Қ.Жұмаділов шығармалары көптеген шетел тілдерінде, соның ішінде орыс, украин, беларусь, өзбек, ұйғыр, қырғыз тілдерінде басылып шыққан.
«Парасат» орденімен, ел мәдениеті дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін «Күлтегін» медалімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
7 6 жыл бұрын (1938) Алматы экономика және статистика академиясының ректоры, профессор, Қазақстан Республикасы жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері НҰРИЕВ Марат Алмасұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Мәскеу жеңіл өнеркәсіп технологиясы институтын бітірген. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының оқытушысы, аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі, проректоры болған. 1978-1984 жылдары - Қазақ политехникалық институтының проректоры. 1984-1987 жылдары - Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім министрлігінің басқарма бастығы. 1987-1989 жылдары - Алматы халық шаруашылығы институтының проректоры. 1989-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы институттың ректоры. 1996 жылдан Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары, хатшылық меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1997-2003 жылдары - Алматы экономика және статистика институтының проректоры. Қазіргі қызметінде 2003 жылдан бастап істейді. 60-тан астам ғылыми еңбектің авторы. Нұриевтің тікелей жетекшілігімен Алматы экономика және статистика академиясы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік аттестациясынан, БИСТРО-ТАСИС жобасы шеңберінде CAMEQ халықаралық стандарт бойынша сынақ түріндегі аккредитациядан өткен және іскерлік тәжірибеде жоғары сапалы қызметі үшін Халықаралық қор (Швейцария, Женева) тарапынан алтын медальмен марапатталған.
7 5 жыл бұрын (1939) шығыстанушы, тарих ғылымының докторы, профессор ХАФИЗОВА Клара Шайсұлтанқызы дүниеге келді.
Орал қаласында туған. Ташкент мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасын бітірген. 1969-1990 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының кіші ғылыми қызметкері, Ұйғыртану институтының аға ғылыми қызметкері болған. 1990-1994 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі. 1995-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері, бөлім бастығы. 1998-2005 жылдары Қайнар университеті стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының директоры қызметін атқарған. 2005 жылдан Қайнар университеті Қазақ тарихы мен өркениеті институтының директоры болып істейді. К.Хафизова Қазақстандағы белгілі қытайтанушы ғалым. Зерттеу еңбектері, негізінен 14-19 ғасырлар арасындағы Орталық Азия мен Қытай, оның ішінде Цинь империясы мен қазақ хандары арасындағы байланыстарға арналған. Ғалым 1997-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы тапсырмасымен қазақ шығыстанушылары арасында тұңғыш рет Қытайдың бірінші тарихи мұрағатында зерттеулер жүргізіп, күрделі еңбек жазды. 50- ден астам ғылыми еңбектің авторы.
6 3 жыл бұрын (1951) Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Тіршілік қауіпсіздігі» кафедрасының профессоры, Халықаралық Экология, адам және табиғат қауіпсіздігі ғылым академиясының академигі, КСРО өнертапқышы, еңбек сіңірген ғылым қайраткері ӨТЕПОВ Ерқасын Балапанұлы дүниеге келді.
Ақтөбе қаласында туған. Г.И.Носов атындағы Магнитогорск кен-металлургия институтын, Мәскеу болат және қорытпалар институты аспирантурасын, осы оқу орнының докторантурасын бітірген. 1974-1979 жылдары - «Ақтөбеауылмаш» зауытының инженер-технологы, аға шебері, ауысым бастығы. 1982-1989 жылдары - Владимир политехникалық институтының Муром филиалы ғылыми-зерттеу секторының аға инженері, аға оқытушысы, доценті. 1997-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы ЖАК Сарапшылар кеңесінің сарапшысы, төраға орынбасары. 2005-2008 жылдары - Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Тіршілік қауіпсіздігі» кафедрасының меңгерушісі. 2008 жылдың шілдесінен бастап - қазіргі қызметінде.
450-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 15 өнертабыстың, 20 монографияның және 10 оқу құралының авторы. Сонымен қатар оның басшылығымен 1 докторлық, 11 кандидаттық диссертация қорғалды.
Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Айрықша еңбегі үшін» медалімен, КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медалімен, Халықаралық Экология, адам және табиғат қауіпсіздігі ғылым академиясының М.Ломоносов атындағы медалімен марапатталған.
5 8 жыл бұрын (1956) Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының Шәкәрім Құдайбердиев атындағы, Қазақстан Журналистер одағының Төлеубай Ыдырысов атындағы сыйлықтарының және Ақтөбе қаласы әкімі сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері АШЫҚБАЕВ Ертай Ахатұлы дүниеге келді.
Ақтөбе облысының Темір ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 1983-2000 жылдары Темір аудандық «Жұмысшы туы» - «Рабочее знамя», Торғай облыстық «Торғай таңы» газеттерінде қызмет атқарған. 2000 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
Алғашқы өлеңдері «Темірқанат», «Ақ сәуле», «Бастау» жинақтарына енген. «Қос мең», «Жақсы баға», «Ұя», «Ашық сабақ», «Ғашықтар мектебі», «Қаңтардағы құс», «Қобыландының қонысы» атты өлең кітаптары, «Біздің керуен» эсселер жинағы жарық көрген. «Жалын» баспасы ұйымдастырған балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік шығармалардың республикалық жабық конкурсының төрт дүркін жүлдегері атанған. Ағылшын ақыны Джон Китстің, чех жазушысы Ярослав Сейферттің, неміс ақындары Стефан Георгенің және Нобель сыйлығының лауреаты Герман Гессенің, поляк ақыны Збигнев Херберттің шығармаларын қазақ тіліне аударған.
5 6 жыл бұрын (1958) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы (2014 ж сәуірінен) ЫҚСАНОВА Гүлнәр Мұстахимқызы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туылған. 1980 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіннің философия-экономикалық факультетін бітіріп, саяси экономия кафедрасының ізденушісі болды. 1986 жылы аспирантураны бітіріп сол кафедрада кандидаттық диссертациясын корғады. Экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дэрежесі бар. 1986-1994жж. - Қазақ мемлекеттік университетінің, Қазақ ауыл шаруашылық институтының оқытушысы. 1994- 2011 жж. телерадиокешеніндегі қызметі: «Қазақстан теледидар және радиосы» ТРК-ның Президент кеңесшісі, вице- президенті; «ТАҢ» Телекомпаниясының вице-президенті; «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның референті, вице-президенті, Бас директоры, Директорлар Кеңесі төрағасының кеңесшісі, Директорлар Кеңесінің төрайымы, Басқарма төрайымы. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясының мүшесі. «Кұрмет» ордені мен медальдармен марапатталған, Журналистика саласындағы ҚР Президент сыйлығының лауреаты.
5 6 жыл бұрын (1958) «ҚазМұнайтеңіз» АҚ және «ҚазМұнайГаз» барлау өндіру» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы БАЛЖАНОВ Асқар Құмарұлы дүниеге келді.
Ресейде туған. Губкин атындағы Мәскеу мұнай химиясы және газ өнеркәсібі институтын бітірген. Еңбек жолын «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінен бастаған. 1987-1990 жылдары - Атырау облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, жауапты ұйымдастырушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1990-1991 жылдары - Атырау облыстық атқару комитеті Сыртқы экономикалық байланыстар басқармасының бастығы. 1991-1994 жылдары - «Қазақстанмұнайгаз» Ұлттық мұнай компаниясының вице-президенті, «Қазақстанмұнайгаз» сыртқы сауда фирмасының бас директоры. 1994-2002 жылдары - «Кворум Энтерпрайзиз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, «Сұңқар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры, «Катрако» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры. 2002-2003 жылдары - «ҚазРосгаз» жабық акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары. 2003-2004 жылдары - «ҚазМұнайТеңіз» жабық акционерлік қоғамы бас директорының бірінші орынбасары. 2004-2005 жылдары - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарушы директоры.
4 9 жыл бұрын (1965) М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі ЖУАСБЕК Еркін Тілеуқұлұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыбарақ ауылында дүниеге келді.Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтының театр факультетін бітірген. Еңбек жолын ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға лаборант болып бастады. 1990-1993жж. - осы институттың аспирантурасында оқыды. 1994ж. - театртану саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, аталмыш институтта ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.
1996-1997жж. - Қазақтың өнер мәселесі бойынша ғылыми Орталығына бөлім меңгеруші. 1997-1999жж. - ҚР Білім және мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің театр және кино бөлімінің бастығы; 1999-2001жж. - Республикалық Неміс драма театрының директоры; 2001ж. - М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында әкімшілік директоры; 2004-2008жж. - ҚР Театр қайраткерлері Одағының төрағасы. 2008ж. желтоқсанынан-2013ж. сәуіріне дейін Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрының директоры. 2013ж. 1 сәуірінен М.Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі қызметіне тағайындалды. 1995ж бастап республикалық және халықаралық, сондай-ақ Ташкент, Бішкек, Уфа, Қазан қалаларында өткен театр фестивальдерінде қазылар алқасының мүшесі. 1991-1997 және 2002-2008 жж. аралығында Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында дәріс оқыды.
Түрлі жинақтар мен мерзімді БАҚ беттерінде 50-ге жуық ғылыми-көпшілік мақалсы жарияланған. Драматургия жанрында табысты еңбек етіп келе жатқан Е. Жуасбектің «Үйлену», «Күлеміз бе, жылаймыз ба?», «Антивирус», т.б пьесалары республика театрларында қойылды.
9 5 жыл бұрын (1919) кипр саясаткері, 1974 жылғы 23 шілдеден 7 қарашаға дейін және 1993-2003 жылдардағы Кипр президенті Глафкос Иоанну КЛИРИДИС дүниеге келді.
6 2 жыл бұрын (1952) француз модельері, өзінің жеке Сән үйінің президенті Жан-Поль ГОТЬЕ дүниеге келді.
5 7 жыл бұрын (1957) албан ғалымы, және саси қайраткері, Албанияның оныншы президенті Бамир ТОПИ дүниеге келді.