24 сәуір. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 24 сәуірге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Кәсіби әкімшілік қызметкерлері күні

Жыл сайын сәуір айының соңғы аптасының сәрсенбісінде тойланады. Мерекелік іс-шараға әкімшілік құрылымдар мен кеңселердің барлық қызметкері, қабылдаушыдан басшының көмекшілеріне дейін қатысады.

Дүниежүзілік иммундау апталығы

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бастамасымен сәуір айының екінші жартысында өткізілді. Бастапқыда бұл шара Еуропалық иммундау апталығы деп аталды және сәйкесінше тек еуропа елдерін қамтыды, бірақ бірте-бірте оған басқа континенттер де қосылды.

Апталық адамзатты жұқпалы аурулардан қорғаудың негізгі профилактикалық шараларының бірі ретінде иммундау мәселесіне қоғамның назарын аударуға арналған.

Халықаралық жастар ынтымақтастығы күні

Демократиялық жастар дүниежүзілік федерациясының шешімімен жыл сайын 24 сәуір күні аталып өтеді. Алғаш рет 1957 жылы атап өтілді. Бұл дата 1955 жылы өткен Азия мен Африка елдерінің Бандунг конференциясының қорытынды отырысына орай белгіленді. Бұл күн мемлекеттік органдардың, қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының назарын жастар проблемасына аударту мақсатын тұтады.

Халықаралық мүсін күні

2015 жылы Халықаралық мүсін орталығы құрған жыл сайынғы мереке. Оның мақсаты — мүсін өнерінің түрі ретінде танымал ету және адамдарға әйгілі мүсіндік шедеврлер туралы мүмкіндігінше көбірек білуге ​​көмектесу.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1990 жылы Қазақ КСР-інің «Қазақ КСР Президенті қызметін бекіту және Конституцияға (Негізгі заң) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ Кеңес Социалистiк Республикасының Президенті туралы» Жарлығы қабылданды.

1991 жылы Түркияда Қазақстан мәдениеті мен өнері күндері басталды. Осы іс-шара шеңберінде «Алтын тамырлар» атты көрме ашылды. Бұл көрме қазақ пен түрік халықтарының тарихи тамырластығын қамтыды.

1995 жылы жазушы Қасым Қайсеновке, ардагерлер Алексей Кулаков пен Мурдин Тайповке «Халық қаһарманы» атағы берілді.

1996 жылы Түркияда Абай күндерінің аясында Абайдың (1845-1904) шығармашылығына арналған мерекелік шаралар өтті. Анкарада салтанатты түрде жаңа мектеп ашылды, аталған мектепке қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімі берілді. Түркиядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен, онда Абайдың мұражайы ашылды.

1996 жылы Елбасы Н.Назарбаевқа елдегі ең жоғарғы лауазым белгілері — «Алтын Қыран» ордені, төсбелгісі және Президент байрағы тапсырылды.

2000 жылы Алматыда «Еуразия — 2000» экономикалық саммиті өз жұмысын бастады. Саммитте Орталық Азия және Кавказмаңы елдері басшылары интеграция, жаһандану мәселелерін, Еуразияның болашағын талқылады.

2001 жылы Алматыдағы «Атакент» іскерлік әріптестік орталығында «Ұлы Жібек жолымен» атты бірінші халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесі ашылды.

2006 жылы Астанада «Таймас» баспа үйінен ат спорты мен жылқы шаруашылығының бүгінгі жай-күйіне арналған «Қазанат» атты кітап жарық көрді. Оның авторлары — еліміздегі ат спорты мен жылқы шаруашылығының білікті жанашырлары саналатын Кеңес Рақышев пен Сәдібек Түгел. Бес бөлімнен тұратын бұл кітап жылқының қадір-қасиеті турасында ел аузында айтылып келген аңыз-әңгімелермен бірге жылқы малының биологиялық ерекшеліктері мен тұқым түрлері, республикада аталған саланы өркендету мен ат спортын дамытудың нақты мүмкіндіктері жан-жақты сараланып көрсетілген.

2010 жылы Тараздағы Жеңіс саябағына Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момұшұлының есімі берілді. Бұл ұсынысты Батырдың 100 жылдық мерейтойына орай қалалық соғыс және еңбек ардагерлері жасады.

Бұл саябақ 1985 жылы қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің бастамасымен құрылған болатын. Саябақтың жаңа атауы қалалық мәслихаттың сессиясында бірауыздан бекітілді.

2012 жылы ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Ғалым Қаржасовтың «Көңіл пернесі» атты жеке көрмесі ашылды.

Оның туындылары Нью-Йорк, Варшава, Вроцлав, Берлин, Амстердам, Штутгард және Мюнхен мұражайларында сақтаулы. Суретшінің жеке көрмелері Павлодар, Қарағанды, Алматы, Омбы, Санкт-Петербор, Астана қалаларында өткізілді.

2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Россия 24» телеарнасына сұхбат берді.

Ресейлік журналистермен сұхбатында Елбасы халықаралық процестерге, Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатына қатысты көптеген сұрақтарға жауап қайтарды.

2012 жылы Мұхтар Әуезов қорының алғашқы «Кемеңгер» Құрмет белгісіне белгілі қазақстандық ғалым, академик Мұрат Гильманов ие болды.

2013 жылы Қостанай облыстық шығармашылық үйінде суретші Майя Демееваның жеке көрмесі ашылды.

2013 жылы ТМД аумағындағы жалғыз неміс театры Орал сахнасында өнер көрсетті.

Б.Брехтің «Шығарып тастау және ереже» («Исключение и правило») шығармасы бойынша қойылған спектакль неміс тілінде жүріп, орысшаға синхронды аудармамен берілді. Бағдарламада балаларға арналған қос спектакль болды, оның бірі — ағайынды Гримдердің ертегісі бойынша сахналанған «Бремен музыканттары».

2013 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Харьков қаласындағы қазақстандықтардың қоғамдық бірлестігін ҚХА-ның қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен марапаттау шешімін қабылдады.

2015 жылы қазақстандық арнайы жасақ Иорданияда өткен «Warrior-2015» сайысында алғашқы кубокқа ие болды. ҚР Қорғаныс министрлігінің арнайы бөлімше командасы «Корольдік сынақтың» ең күрделі әрі басты кезеңінде үшінші орынға ие болды.

2019 жылы Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Арайлым Әзімхан әлемнің 8 университетіне оқуға түсуге шақырту алды. Олар Англиядағы Королева Мэри, Брситол, Кингстон, АҚШ-тағы Нью-Йорк технологиялық институты және The New School, Италиядағы Джон Кабо, Австралиядағы Монаш және Франциядағы Париждегі Америка университеті. Әлемнің ең үздік университеттерінен шақырту алу үшін Шымкент қаласының НЗМ ФМС түлегі арнайы тест тапсырмаларын тапсырды. Ол өзінің SAT Reacing емтиханында 1280 ұпай жинады және IELTS-тің орташа балы 9-дан 7-ге тең.

2020 жылы түркі әлемі тарихындағы көрнекті мемлекет қайраткері Білге Тоныкөктің құрметіне орнатылған ескерткіштің 1300 жылдығы аталып өтті. Осыған орай Халықаралық Түркі академиясы Тоныкөк жылының ресми ашылғанын жариялап, «Ұлы дала өркениеті: Тоныкөк мұрасы және қазіргі түркі әлемі» атты халықаралық онлайн бейнеконференция өткізді.

Білге Тоныкөктің құрметіне қойылған ескерткіштің 1300 жылдығын ЮНЕСКО демеушілігімен Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолия елдері атап өтті.

2023 жылы Американың Хьюстон қаласында өткен БІРІНШІ әлем чемпионатында қазақстандық мектеп оқушылары үш номинацияны жеңіп алды. Алматылық Adeptus Mechanicus командасы 6 мен 10 жас аралығындағы ең кіші жас санатындағы ынта, ынтымақтастық рухы және өзара сыйластық үшін арнайы «Негізгі құндылықтар сыйлығын» алды. Оның құрамында бастауыш сынып оқушылары болды.

2024 жылы Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон Қазақстан астанасына ресми сапармен келді. Сапар барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ өзекті өңірлік және халықаралық тақырыптар талқыланды.

Соңғы жаңалықтар