24 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 24 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады. 

24 желтоқсан. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform/Midjourney

ЕСІМДЕР

74 жыл бұрын (1951) белгілі қаламгер, ардагер журналист-жазушы Жанболат Әлиханұлы АУПБАЕВ дүниеге келді.

Жанболат Әлиханұлы АУПБАЕВ
Фото: aikyn.kz

ҚХР-дың ШҰАӨ-де туған. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітірген.

1974-1986 жылдары «Лениншіл жас» респубикалық жастар газетінде тәлімгер, кіші әдеби қызметкер, аға тілші, бөлім меңгерушісі, 1986-1991 жылдары «Қазақстан коммунисі» журналының жауапты хатшысы, 1991-1996 жылдары «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары, 1996-1998 жылдары «Ақиқат» журналы бас редакторының бірінші орынбасары, 1998-2003 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық жалпыұлттық газеті бас редакторының орынбасары, 2003-2016 жылдары осы газетте бас редактор болған. 2016 жылғы қарашада Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметіне ауысты.

Көптеген танымдық-публицистикалық кітаптардың авторы. О.Сүлейменовтің, С. Санбаевтың шығармаларын қазақ тіліне аударды, «Қажымұқан мен Қажытай», «Хан тәңірі» деректі кинофильмдерінің әдеби сценарийлерінің авторы. Мақалалары мен очерктері республикалық басылымдарда үзбен жарияланып келеді. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының, Қазақстан Президентінің журналистика саласындағы сыйлығының және Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.

61 жыл бұрын (1964) Маңғыстау облыстық мәслихатының аппарат басшысы Әділбек Құлынтайұлы ДАУЫЛБАЕВ дүниеге келді.

Әділбек Құлынтайұлы ДАУЫЛБАЕВ
Фото: Gov.kz

Маңғыстау облысы, Таушық ауылында туған. 1988 жылы Алматы құрылыс техникумын өнеркәсіптік-құрылысшы мамандығы бойынша, сондай-ақ 2004 жылы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1981-1988 жылдары Маңғыстау ЖЭУ жұмысшысы, 1988-1989 жылдары «Маңғыстаумұнайқұрылыс» тресінің ағаш ұстасы, бақылаушы, шебері, 1989-1991 жылдары «Қызылтұран» карьерінің шебері, 1991-1993 жылдары Маңғыстау ЖЭУ шебері, 1993-1994 жылдары Қаламқас кен орнының № 9 учаскесінің 5-разрядты слесарі, 1994-2000 жылдары «Маңғыстаумұнай жолдары» ЖШС шебері, бригадирі болып жұмыс атқарған. 2000-2001 жылдары «Жолсервис» ЖШС құрылыс учаскесінің бастығы, 2001-2002 жылдары Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы директорының орынбасары, 2002-2004 жылдары Маңғыстау облысы бойынша аумақтық сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының жетекші маманы, 2005-2006 жылдары Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының жетекші маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, басшысы м. а. қызметінде болды. 2006-2009 жылдары Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы, 2009-2017 жылдары Маңғыстау облысы Қарақия ауданының әкімі, 2017-2019 жылдары Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының әкімі қызметін атқарды.

Қазіргі лауазымын 2019 жылдың қазан айынан бері атқарып келеді.

55 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Төтенше және Уәкілетті елшісі Дәулет Тазабекұлы ЕМБЕРДИЕВ дүниеге келді.

Дәулет Тазабекұлы ЕМБЕРДИЕВ
Фото: Gov.kz

Оңтүстік Қазақстан облысы, Қасқасу ауылында туған. 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «қазақ тілі мен әдебиеті, араб тілі оқытушысы» мамандығы бойынша бітірген. 2000 жылы ҚР СІМ Дипломатиялық академиясында білім алған.

1993-2008 жылдары ҚР СІМ Орталық аппаратында Мемлекеттік протокол басқармасының референті, атташесі, Консулдық басқарманың үшінші хатшысы және Екіжақты ынтымақтастық департаментінің екінші, бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің атташесі, үшінші, екінші хатшысы, Қазақстанның Израильдегі Елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі және Қазақстанның Ирандағы Елшілігінің кеңесшісі болып қызмет етті. 2008-2009 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының сектор меңгерушісі, 2009-2010 жылдары «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС Басқарушы директоры, 2010-2011 жылдары ҚР Иран Ислам Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі, бас консулы, 2011-2016 жылдары ҚР Ливан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі, 2016-2019 жылдары Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің кеңесшісі, 2019-2020 жылдары Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болып қызмет атқарған.

Қазіргі қызметін 2024 жылдың наурыз айынан бері атқарып келеді.

54 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Президент кеңсесінің басшысы Бақытжан Шөмішбайұлы САРИЕВ дүниеге келді.

Бақытжан Шөмішбайұлы САРИЕВ
Фото: Akorda

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын, Қазтұтыну одағының Қарағанды экономикалық университетін бітірген, мамандығы бойынша — инженер, заңгер.

1996-1999 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің маманы, аға маманы, референті, аға референті лауазымдарында жұмыс істеді. 1999-2019 жылдары сыртқы саясат ведомствосы жүйесінде қызмет атқарды: 1999-2002 жылдары Сыртқы істер министрлігінің Әкімшілік департаменті Кадр және бақылау басқармасының Бақылау бөлімінің бастығы, 2002-2003 жылдары Сыртқы істер министрлігі Аппараты Кадр басқармасының бастығы, 2003-2007 жылдары Сыртқы істер министрлігінің Аппарат басшысы, 2007-2019 жылдары Сыртқы істер министрі Кеңсесінің басшысы, 2016-2017 жылдары Сыртқы істер министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі міндетін қосымша атқарды. 2019 жылы ҚР Президентінің Кеңсесі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. 2019-2022 жылдары Мемлекет басшысының Өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі болды.

2022 жылдың маусым айынан бері қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен (2012), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2006), 7 мерекелік медальмен, «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен (2017), Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін Сыртқы істер министрлігінің Нәзір Төреқұлов атындағы медалімен (2019) марапатталған.

І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесі бар.

115 жыл бұрын (1910-1982) Екінші дүниежүзілік соғыстағы даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, жазушы, Совет одағының Батыры, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бауыржан МОМЫШҰЛЫ дүниеге келген.

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ
Фото: Федоров / Kazinform

Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған. Ленинград қаржы академиясы жанындағы курсты, Совет армиясы Бас штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген.

1936 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болған. соғыс басталысымен 316-шы атқыштар (кейіннен 8-ші гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене қатысып, сол дивизия құрамында майданға аттанған. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысып, Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия батальонының, полкінің командирі болған. 1944-1945 жылдары осы дивизияны басқарған. Оның соғыс кезіндегі ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігі, тапқырлығы мен жеке басының ерен ерлігі ерекше көзге түсіп, батырлық даңқы аңызға айналған.

Батырдың қаламынан туған көркем шығармалар бірнеше шетел тілдеріне аударылған. Ол туындыларын орыс-қазақ тілінде бірдей жазған. Оның «Біздің семья», «Ұшқан ұя», «Генерал Панфилов», «Куба әсерлері», «Москва үшін шайқас», «Майдан», «Төлеген Тоқтаров» атты кітаптары бар.

Сонымен қатар батырдың қаһармандық ерлігі туралы орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» атты повесі, Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты роман-дилогиясы, Мекемтас Мырзахметұлының «Бауыржан Батыр» атты кітабы, Мағира Қожахметованың «Тосын сыр-сұхбат» атты пьесалары жарық көріп, жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Полковниктің жарияланбаған жазбалары» пьесасы қойылды. «Қазақфильм» киностудиясы «Ел басына күн туса» атты көркем фильм түсірді. Москва академиялық драма театры Бауыржан Момышұлы туралы «Волоколамск тас жолы» спектаклін қойды. 2001 жылы Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығы ашылған. Батырға туған жерінде, Астана қаласында ескерткіштер қойылып, Мәскеу облысы Волоколамск қаласында батырдың тас мүсіні орнатылды.

Батыр есімі ауылдарға, көшелерге, республикалық әскери балалар мектебіне берілген. Қазақстанда Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған мерейтой республика көлемінде кеңінен аталып өтілді. 2010 жылдың ақпан айында Мәскеу қаласында «Аңызға айналған батыр» кітабының тұсаукесері өткізілді. Жамбыл облысы Жуалы ауданында Бауыржан Момышұлының үлкен мұражайы ашылды. Даңқты батырдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Бауыржан Момышұлының 30 томдық академиялық шығармалары 2010 жылдың 22 қыркүйегінде «Өнер» баспасынан толығымен жарық көрді.

2010 жылдың 29 қазанында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ халқының ұлы перзенті Бауыржан Момышұлына арналған «Қазақтың Бауыржаны» деректі фильмінің көрсетілімі болып өтті.

Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

97 жыл бұрын (1928-2001) драматург, аудармашы, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Қалтай МҰХАМЕДЖАНОВ дүниеге келді.

Қалтай МҰХАМЕДЖАНОВ
Фото: kzvesti.kz

Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған. Мәскеу мемлекеттік театр өнері институтының театртану факультетін бітірген.

Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында, Жазушылар одағында істеген. 1970-1999 жылдары Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеттің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының 2-ші хатшысы, Кинематографистер одағы басқармасының 1-ші хатшысы, «Ара-Шмель» журналының, «Түркістан», «Заман Қазақстан» газеттерінің бас редакторы болған. Мұхамеджановтың шығармашылық жолы сахна өнері жайлы проблемалық, шолу мақалалар мен спектакльдер туралы рецензия жазудан басталды. Тұңғыш пьесасы «Бөлтірік бөрік астында» 1959 жылы жарық көрді. Осыдан кейін өмірдегі келеңсіздікті шынайы көрсеткен «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын», «Жат елде», «Өзіме де сол керек», «Көктөбедегі кездесу» (Ш.Айтматовпен бірге), «Біз періште емеспіз» атты пьесалары жарияланды. «Сиқырлы шымылдық», «Дар доброты» жинақтары жарық көрді.

Қаламгердің шығармалары көптеген шет тілдерге аударылып, АҚШ, Ұлыбритания, Болгария, Венгрия, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, тағы басқа елдердің театрларында қойылды. Ол «Шыңдағы шынар», «Айман-Шолпан» киносценарийлерінің авторы. Көркем аударма саласында «Құлдар» (С.Айни), «Киелі қан» (Айбек) романдарын, «Тоғышарлар» (М.Горкий), «Жүрек сырлары» (Б.Рахмонов), «Ауру тістер» (А.Қаһар), «Ана-Жер-Ана», «Арманым», «Ақ кеме» (Ш.Айтматов) пьеса, повестерін тәржімалаған. Шығыс классиктері әдебиетінің «Мың бір түн» хикаяларын орыс тілінен аударып, 5 томдығын шығарды. 1998 жылы қаламгердің 3 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

«Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған. 

Соңғы жаңалықтар