24 желтоқсан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 24 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
1944 жылы Қазақ академиялық опера және балет театрының сахнасында алғаш рет «Абай» операсы қойылды. Либреттосы М.Әуезовтікі, музыкасы А.Жұбанов пен Л.Хамидидікі, режиссері — Қ.Жандарбеков. Либреттоға ақын өміріндегі драмалық оқиға арқау болған. Музыкалық шешімінің әуезділігі, халықтың ән мұрасымен ете байланыс, кәсіби опера өнерінің жетістіктерін ұлттық операда тиімді пайдалану шығарманың табысы болып саналады. Операға Абай әндері сәтті енгізілген. Ақын бейнесін ашуға философиялық мазмұны терең «Көзімнің қарасы», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қай талқы» секілді әндер алынған.
2004 жылы Астана қаласы Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталығы аумағында орналасқан ҚР Президентінің резиденциясы ресми түрде ашылды. Ашылу салтанатына елорданың барлық ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері мен құрметті ақсақалдар қатысты. ҚР Президенті жаңа ғимаратты «Ақ Орда» деп атады. Резиденция 2001 жылы қыркүйек айында салына бастады. Ғимараттың жалпы көлемі — 36 720 шаршы метр. Ғимарат қазіргі заманғы құрылыстың ең таңдаулы әдістерін қолдана отырып, монолит құйматастан салынған. Күмбездегі сүмбіні қоса есептегендегі ғимараттың биіктігі — 80 метр.
2007 жылы Алматыда бірінші рет «Құлагер» атты ұлттық кинематография сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі болып өтті. Ұйымдастырушысы — Қазақстан кинематографистер одағы. Оның негізгі мақсаты — Қазақстандағы кинематография саласын дамыту және осы салада жүрген азаматтарға қолдау көрсету.
2009 жылы Ақтауда Иран Ислам Республикасының консулдығы ашылды. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және Иран сыртқы істер министрі Фарахи Хоссейн қатысты. Бұл консулдықтың ашылуы екі ел арасындағы достық, сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға септігін тигізіп, сонымен қатар құжаттарды рәсімдеуді жеңілдетеді.
2012 жылы Мәскеу метросының жаңа «Алматы» стансасы ресми түрде ашылды. Станса Братеево ауданында орналасқан және Замоскворецк желісіне дейінгі аралықты қамтиды.
2012 жылы еліміздің басты ұлттық телеарнасы QAZAQSTAN «Қазмедиа орталығынан» хабар тарата бастады. Медиа орталығының барлық технологиялық алаңдары «Sony», «Omneon», «Dalet», «Pharos», «Everts», «Apple», «Avid» секілді әлемнің алдыңғы қатарлы өндірушілерінің қондырғыларымен жабдықталған.
2015 жылы ТМД елдері арасында алғаш рет Алматы қаласындағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында онкоауруға шалдыққан адамдар үшін сенсорлы кабинет ашылды. Мұнда арнайы мамандандырылған көмек көрсету бойынша тұтастай жалпылама жоспар дайындалған.
2015 жылы Атырауда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранының авторы, көрнекі ақын Жұмекен Нәжімеденовке ескерткіш орнатылды. Ақынның төрт метрлік мүсіні дәл осындай биіктіктегі гранит тұғырға орнатылды. Ескерткіштің жалпы биіктігі 8 метрден астам.
2016 жылы Америкадағы El Paso Times басылымы pound-for-pound үздік боксшыларының рейтингін жариялады. Жыл қорытындысы бойынша аталмыш рейтингте, орта салмақтағы үздіктердің көшін WBA/IBF/WBC/IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, жерлесіміз Генадий Головкин бастады.
2018 жылы Румынияда Қазақстан ұлттық мәдени орталығы ашылды. Қазақстан орталығы Еуропадағы ежелгі кітапханалардың бірінде орналасқан. Оның қорында 13 млн кітап бар. Орталық шетелдік оқырмандарға қазақ халқының дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, әдебиеті мен мәдениетімен танысуға мүмкіндік береді.
2020 жылы ҚР Парламенті жанынан Парламентаризм институты құрылды. Заңнаманың тиімділігін талдауды (нормативтік құқықтық актілерді талдау) қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының заңнамасын дамытудың ғылыми тұжырымдамаларын әзірлеу арқылы Қазақстан Республикасында парламентаризмді дамыту және оның тиімділігін арттыру жаңа құрылым қызметінің негізгі нысаны болады.
2020 жылы Give Me Sport танымал басылымы XXI ғасырдың үздік 50 боксшысының рейтингін ұсынды, оған сәйкес Г. Головкин XXI ғасырдың үздік боксшыларының үштігіне енді. ТОП-50 құрастыру кезінде ресурстың редакциясы Ranker.com сайтындағы жанкүйерлер сауалнамасының нәтижесін, сондай-ақ өз пікірін басшылыққа алды.
2021 жылы БАӘ-де қысқа суда жүзуден әлем чемпионаты өтті. Оған 183 елден 943 жүзуші қатысты. Әбу-Дабидегі Қазақстан командасынан Әділбек Мусин, Александр Варакин және Аделаида Пчелинцева қатысты.Чемпионат қорытындысы бойынша Әділбек Мусин Қазақстанның екі жаңа рекордын орнатып, өз нәтижесін жақсартты: 200 метр қашықтықты баттерфляймен 1 минут 54,4 секундта еңсеріп, алдыңғы рекордты 2,27 секундқа жақсартты. 100 метр қашықтықта баттерфляй әдісімен 51,23 сек нәтиже көрсетіп, алдыңғы рекордты 0,27 секундқа жақсарту.
2021 жылы Анкарада түрік ғалымы Ашур Өздемирдің «Түркістанның отты ұлы Бауыржан Момышұлы» кітабының тұсаукесері өтті. Кітаптың авторы, белгілі ғалым, түрік тілі мен әдебиетінің оқытушысы, аудармашы А. Өздемир Қазақстан тарихы, мәдениеті мен әдебиеті туралы айтып берді. Ол Б.Момышұлының жеке басына, оның тағдырына, армия тәжірибесіне және жазушы ретіндегі соғыстан кейінгі өміріне егжей-тегжейлі тоқталды.
2023 жылы Ақмола облысында 200-ге жуық бала Президент шыршасының қонағы болды. Қазақстанның барлық аймақтарында ҚР Президентінің атынан дәстүрлі жаңажылдық қойылым өтті. Көкшетаудағы Bolashaq sarayi балалар мен жасөспірімдер сарайында облыстың бас шыршасы жағылды.
2024 жылы теңіз жағалауындағы және таулы курорттары Уреки, Бахмаро және Шекветилимен танымал Гурия аймағында Қазақстанның құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Грузия Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Хвтисиашвили, Озургети мэрі Автандил Талаквадзе, Грузия Парламенті мен жергілікті өзін-өзі басқару кеңесінің мүшелері, сондай-ақ қоғамдық, саяси және іскерлік топтардың өкілдері қатысты. Белгілі грузиялық кәсіпкер Гоча Чхайдзе құрметті консул болып тағайындалды.
2024 жылы жетекші жапон баспасы Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі туризм мен мәдениет туралы егжей-тегжейлі ақпарат беретін «Globe Trotter Central Asia 2025-26» атты нұсқаулық шығарды. Бұл жапон тіліндегі нұсқаулық осы елден келген туристерге Қазақстанды тереңірек түсінуге және сапарларын жоспарлауға көмектеседі. «Globe Trotter Central Asia 2025-26» тарауы Қазақстанға арналған және жапон аудиториясын қызықтыратын негізгі аспектілерді, оның экономикасы мен мәдениетінен бастап аспаздық дәстүрлеріне дейін қамтиды. Басылымда сонымен қатар елдің ұлттық рәміздері мен валютасы, сондай-ақ қазақ халқының әдет-ғұрыптары көрсетілген.