24/7 бақылау жүйесі айыппұл санын көбейтуге арналған ба — «Қазақтелеком» жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының бас әкімшілік директоры Ержан Мейрамов «Ұлттық бейнебақылау» жүйесі қалай жұмыс істейтінін айтты.

— Кешеден бері қазақстандықтарды 24/7 форматында бақылайтын камералар орнатылатыны туралы хабар тарап жатыр. Бұл қандай камералар болады? Қай жерге қойылады және айыппұл салуға арналған ба, — деп сұрады журналист Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
«Қазақтелеком» өкілі аталған жүйе бірден бірнеше функцияны атқаратынын атап өтті.
— Менің түсінгенімше, сіз ұлттық бейнемониторинг жүйесі туралы айтып отырған сияқтысыз. Бұл жүйе — бүкіл бейнеағынды бір жерге құйып, өңдейтін жүйе. «Қазақтелеком» осы жүйенің операторы болып белгіленген. Оған өңірлердегі камералар да қосылады. Қазір қалалардың қауіпсіздігі үшін орнатылып, жұмыс істеп тұрған камералар да осы жүйеге біріктіріледі. Мақсаты — құқық қорғау мен тәртіпті жақсарту. «Сергек» сияқты камералардың бәрі осы жүйеге біріктіріледі. Бейнемәліметтің бәрін «Қазақтелеком» басқарып, мемлекеттік органдарға сарапталған ақпараттар беріп отырады, — дейді Ержан Мейрамов.
Сондай-ақ, аталған жүйе тек айыппұл тағайындау үшін құрылып жатыр деген болжамдарды теріске шығарды.
— Бұл жерде бүкіл жүйе міндетті түрде айыппұлдарға жұмыс істемейді. Бейнеақпараттардың қолданыс аясы әлдеқайда кең. «Сергек» сияқты жүйелер айыппұлдарға бағытталғаны түсінікті. Ал әкімдіктер қоқысты бейберекет тастау сияқты әрекеттерді анықтауға осы бейнематериалдарды қолдануы мүмкін. Осы сияқты көптеген мақсат бар. Ал қай бұл жүйе қай орындарды қамтитынын жергілікті әкімдіктер анықтайды, — деді «Қазақтелеком» АҚ бас әкімшілік директоры.
Еске салсақ, Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев елімізде «Ұлттық бейнебақылау жүйесі» енгізілетінін мәлім еткен еді.