25 ақпан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

25 АҚПАН, СЕЙСЕНБІ
Кувейт мемлекетінің ұлттық мерекесі. Ұлттық күн. 1961 жылы ақпанның 25-інде Кувейт әмірі Абдалла ас-Салем ас-Сабахты таққа отырғызудың құрметіне белгіленген. Қазақстан Республикасы мен Кувейт Мемлекеті арасында дипломатиялық қатынас 1993 жылы қаңтардың 1-інде орнаған.
Суринамдегі революция күні (Азаттық пен жаңашылдық күні). Бұл мереке күнтізбеде 1980 жылы, елдегі әсери төңкерістен кейін пайда болды.
Грузиядағы кеңестік басқыншылық күні. Кеңес әскерінің Грузия астанасы Тбилисиге басып кірген күн. Ол 1921 жылдың 25 ақпанында кеңес-грузин соғысы кезінде кеңестік әскердің жеңісінен кейін, Грузия Кеңестік Социалистік Республикасы болып жарияланды. 1921 жылдың 25 ақпанында қаза тапқан кеңестік тоталитарлық режимнің құрбандарын еске алу күнін атап өту 2010 жылғы Президенттің «Кеңстік басқыншылық күні туралы» Жарлығына сәйкес жүзеге асырылады.
Венгриядағы коммунистік режимнің құрбандарын еске алу күні. Бұл 1947 жылдың 25 ақпанында шағын қожайындардыңтәуелсіз партиясының жетекшісі Бела Ковач заңсыз қамауға алынып, КСРО-ға депортацияланған күнгі оқиғаны еске алуға арналып белгіленген. Нақты бұл күні Венгриядағы коммунистік режимнің құрбандарын еске алу туралы шешімді ел парламенті 2000 жылы қабылдады. Содан бері КСРО кезінде Венгриядағы коммунистік диктатура тақырыбына арналған түрлі шараларды өткізу дәстүрге айналған.
Филиппиндағы ЭДСА революция күні. Бұл күн 1986 жыдың ақпан айындағы Фердинанд Маркостың диктаторлық режимін құлатудан бастау алатын тарихи күн.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
20 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы мен Камбоджа Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнады.
20 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «1994 жылы ауылшаруашылық кәсіпорындарына көмек көрсету туралы» Жарлығы мен «Д.А.Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру туралы» Қаулысы жарияланды.
15 жыл бұрын (1999) Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы халық санағы басталды. Санақ наурыздың 4-іне дейін жалғасты. Мемлекет аумағы 1 463 санақ бөлімдеріне бөлінді. Санақ қорытындысы бойынша Қазақстанда 15 673 400 адам тұрады. 2009 жылғы ақпанның 25-інен наурыздың 6-сына дейінгі аралықта екінші халық санағы өтеді.
9 жыл бұрын (2005) Мәскеуде Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының белгілі әншісі Жәмила Баспақованың концерті өтті. П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының Үлкен залында Жәмиланың орындауында В.Моцарт, Г.Доницетти, Дж.Пуччини, Дж.Мейербер, М.Глинка, Н.Римский-Корсаков, Л.Хамиди сияқты композиторлардың операларынан ариялар шырқалды.
9 жыл бұрын (2005) Қызылордада Асқар Тоқмағамбетовтің атымен аталатын Мәдениет орталығында ақынның бір ғасырлық мерейтойына арналып, «Дария сыры - ақын жыры» деген атаумен облыстық ақындар айтысы өткізілді. Ақиық ақын, сатира сарбазы, өткір публицист Асқар Тоқмағамбетовтің туғанына 100 жыл толу мерейтойына арналған айтысқа аймақтың 20-дан астам суырып салма ақындары қатысып, Сырдың атақты перзентінің қазақ әдебиеті мен өнеріндегі алатын орны мен беделін айшықты тіл, орамды жыр шумақтарымен кестеледі. Ақындар айтысы әділ қазылар алқасының мүшесі ақын Әскербек Рахымбековтің айтуынша, негізінен жас ақындардың жаңа толқыны қатысқан қызу да қызықты өткен айтыстың бас жүлдесін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Еркін Садықұлы жеңіп алды. Ал бірінші бәйге Жастар одағы сыйлығының лауреаты Зухра Төлеповаға тисе, екінші орынды студент Нұрмат Мансұров пен белгілі айтыскер Кенжебай Жүсіпов, үшінші орынды аралдық Дархан Оразымбетов пен қызылордалық Айдос Рахметовтер бөлісті. Айтыскер ақындарды Асқар Тоқмағамбетовтің қызы Аякөз Тоқмағамбетова құттықтап, оларға алғыс айтты.
8 жыл бұрын (2006) Тараз қаласындағы ұлттық-мәдени орталықтары «Виза» атты демалыс орталығының жанынан Достық Аллеясын салды. Бастапқысында ұлттық-мәдени орталықтардың санына сәйкес 21 қылқан жапырақты ағашы отырғызылған болатын, бірақта Достық Аллеясының кеңеюіне бірден-бір себеп бар, өйткені облыста жүзге тарта ұлт өкілдері тұрады және жылдан жылға ұлттық-мәдени орталықтардың саны өсіп келеді.
8 жыл бұрын (2006) Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстандық облыстық кітапханасында Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне арналған «Солдатские монологи, Московское время» атты өлеңдер жинағының таныстырылымы болды. Кітаптың авторлары Александр Курленя және Василий Коноплев кәсіпқой емес ақындар, бірақ та олардың өлеңдері республикалық «Нива» журналының және жергілікті газеттердің беттерінде жарияланып жүрді. Александр Курленя Сорос қоры ұйымдастырған ақындық конкурстың лауреаты атанып және грантты ұтып алды. Кітап жергілікті «Солтүстік Қазақстан» баспасынан шығарылған, ол екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлімі - «Солдатские монологи» Василий Коноплев жазған өлеңдерден, ал екіншісі - «Московское время» атты Александр Курленяның поэмасынан тұрады.
5 жыл бұрын (2009) Польшада «Поляк Бенедикт: Еуропадан Азияға Қазақстан арқылы (1245-1247 жж.)» атты кітап жарық көрді. Осыдан жеті ғасырдан астам, Марко Поло дүниенің азиялық бөлігіне келгенінен 30 жыл бұрын, францискалық тақуа Бенедикт Поляк Қасиетті Тақтың дипломатиялық миссиясы құрамында еуропалықтардың ішінде бірінші болып, қазіргі Қазақстан даласын басып өтіп, Азия құрлығының терең қойнауына саяхат жасады. Бұл саяхаттаудың нәтижесі замандастарының күткен жаңалықтарының бәрінен де асып түсті. Поляк саяхатшысының жасаған хабарламасы Еуразиядағы Алтын Орданың салтанат құру дәуіріндегі ең жарқын құжаттардың бірі болып табылады. Ғалымдардың пікірі бойынша, поляк Бенедикт Ұлы Дала туралы ақпарат жинауда маңызды рөл атқарды, осының арқасында Еуропа бірінші рет дала тұрғындарының өмірі мен тұрмысы туралы жайларды білді. Варшавадағы Қазақстан Елшілігі бастамасымен басылып шыққан жарияланымда оқырмандарға Вена және Париж қалаларындағы Ұлттық кітапханаларда сақталған осы саяхаттың жылнамасы берілген. Сонымен қатар, саяхат барысын сипаттаған көне қолжазбалар ғылыми айналымға тұңғыш рет бірнеше тілде: латын, поляк, қазақ және орыс тілдерінде енгізілді.
5 жыл бұрын (2009) Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Райерсон университетінің Роджер байланыс орталығының бас директоры (Канада, Торонто қаласы) доктор Майкл Дж. Мерфимен кездесу болды. Доктор Мерфи «Телевизия мен радионың мәдениетке әсері» және «АҚШ пен Канаданың спутниктік радиосы: мәдени тәуелсіздікке ықпалы» деген тақырыптарда дәріс оқып, студенттер мен оқытушылардың сұрақтарына жауап берді. Northern Telecom (Nortel) - сандық жүйесін, мультиплекс, мобильді телефон және интегралды сандық қызмет желісі стратегиясын жүзеге асырушы профессордың дәрісі оқытушылар мен студенттер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Кездесу соңында ЕҰУ журналистика кафедрасының меңгерушісі Қайрат Сақ профессор Мерфидің Райерсон университетімен әріптестік байланыс орнату туралы ұсынысын қолдады. Профессор Мерфи Канадада сандық аудио және бейне техниканың негіздері және коммуникациялық байланыс технологиялары курсы бойынша дәріс оқиды. Роджер байланыс орталығы «Канаданың сандық мәдениет орталығы» немесе радио, телевизия, журналистика және компьютер ғылымдары орталығы ретінде танымал. Оның қызметкерлері жаңа БАҚ-тарды зерттеуде белсенділік танытуда.
4 жыл бұрын (2010) Алматыдағы Қазақ-Британ университетінде республикадағы алғашқы мұнай мұражайы ашылды.
Қазақстанның мұнай-газ саласын насихаттаудың ғылыми, білім мен мәдени орталығы болуға тиісті бұл мұражайдың жәдігерлерін қазір оны құрушылар өз күшімен жинауда. Оған «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мен «Мұнайшы» қоры үлкен көмек көрсетті. Қазіргі таңда қолда бар барлық жәдігерлер «Мұнай-газ саласының тарихы», «Мұнай-газ ісінің геологиялық-геофизикалық негізі», «Мұнай кәсібінің құрал-жабдықтары» деген 3 секцияға топтастырылып отыр.
4 жыл бұрын (2010) Талғат Мұсабаев Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясы академигі ғылыми атағына және Халықаралық ғарышкерлікке қолдау көрсету қоғамдық қайырымдылық қорының «Ғарышкерлікке сіңірген еңбегі үшін» медаліне ие болды.
Халық Қаһарманы, Ресей Батыры, ұшқыш-ғарышкер, авиация генерал-лейтенанты, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевқа «Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі» дипломын, Ресей жаратылыс ғылымдары академиясының академигі куәлігін және Ресей ғалымы В.И.Вернадский бейнесі белгіленген алтын кеуде белгісін тапсыру рәсімі 2010 жылғы ақпанның 25-інде Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының халықаралық конференциясының аясында өтті.Сонымен қатар, Талғат Мұсабаев «Ғарышкерлікке сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
21 жыл бұрын (1993) ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақ КСР Ғарыштық зерттеу агенттігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Әуекосмостық агенттігі болып қайта құрылды. ҰӘКА-ның бас директоры болып қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров тағайындалды. Байқоңырда Мейірбек Молдабековтің жетекшілігімен ҰӘКА-ның «Байқоңыр ғарыш айлағы» басқармасы құрылды.
15 жыл бұрын (1999) Қазақстанда Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет халық санағы жүргізілді. 25 ақпанда басталған санақ 4 наурызға дейін жалғасты. Ел аумағы 1463 санақ бөлімшесіне бөлінді. Сол кезде елде 15 673 400 адам тұратыны белгілі болды.
4 жыл бұрын (2010) Түркияға КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, К.Байсейітова атындағы Қазақ КСР сыйлығының иегері гастрольдік сапарымен Бибігүл Төлегенова келді. Сахна бұлбұлы атанған Б.Төлегенованың концерті Қарағанды қаласының Тәттімбет атындағы концерттік бірлестігінің сүйемелдеуімен Ыстамбұл, Анкара, Эскишехир, Бурса және Афйона қалаларында өтті.
4 жыл бұрын (2010) Алматының Орталық көрме залында «Үлкен қаланың кішкентай тарихы» атты фотокөрме өтті. Шараны С.Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кәтапханасы мен Қазақстандағы АҚШ-тың елшілігі ұйымдастырды.
4 жыл бұрын (2010) ҚР Үкіметі арнайы экономикалық аймақ туралы жаңа заң жобасын әзірледі. Онда елдің индустриаландыру саясатына қажетті АЭА мен индустриалды парктердің жұмысы туралы нормалар бекітілген. Бүгінде Қазақстанда 6 АЭА жұмыс істейді. Оған жалпы сомасы 410 млрд. теңге қаржы құйылған.
3 жыл бұрын (2011) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық «Жыл тұлғасы-2010» сыйлығының гран-при иегері атанды. РБК медиа-холдингі тағайындаған «Жыл тұлғасы» сыйлығы саясат, бизнес, мәдениет және қоғамдық өмірде дәрежеге жеткен тұлғаларға беріледі. ҚР Президенті Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығына қосқан үлесі үшін марапатталды. 3 жыл бұрын (2011) Ермұхан Бекмахановтың жерлестеріне Баянауыл ауданында «Бекмаханов» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Кітаптың авторы белгілі қазақ жазушысы Медеу Сәрсеке. Автор кәтапқа қажетті материалдарды 12жыл бойы жинаған.
3 жыл бұрын (2011) Жезқазған мыс еріту зауытының 40 жылдығы аталып өтілді. 40 жыл ішінде зауыт 7 млн. тонна жоғары сапалы катодтық мыс берген.
3 жыл бұрын (2011) РФ Президенті ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековті «Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 65 жыл» медалімен марапаттады.
3 жыл бұрын (2011) Азиада-2011 жарысы өтетін нысанның бірі - Б.Шолақ атындағы спорт сарайының жөндеуден кейінгі ресми таныстырылымы өтті.
2 жыл бұрын (2012) Бейбітшілік пен келісім сарайында «Астана - түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ресми ашылу салтанаты өтті.
2 жыл бұрын (2012) Сауд Арабиясы корольдігінде өткен «G-20» спикерлерінің кездесуінде Қазақстан елшілігі ҚР Президентінің 2012 жылғы Жолдауын таныстыру рәсімін өткізді.
2 жыл бұрын (2012) Қарағанды облысының Теміртау қаласының «Вдохновение» ансамблі Санкт-Петербург қаласында өткен «Волшебный мир кулис» байқауында 10 жүлдені алып, рекорд орнатты.
1 жыл бұрын (2013) «Қазақстан» ұлттық арнасында отандық «Өмір өткелдері» сериалының тұсаукесері өтті.
1 жыл бұрын (2013) С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Ақ желкен» студенттік театры өзінің 5 жылдығын атап өтті.
178 жыл бұрын (1836) АҚШ-та Сэмюэль Кольт өзі ойлап тапқан Кольт револьверіне патент алды.
177 жыл бұрын (1837) Томас Дэвенпорт «Магнетиз мен электромагнетизмнің көмегімен қозғалтқыш техникасын жетілдіруге» патент алды.
158 жыл бұрын (1856) Қырым соғысын аяқтау мақсатында халықаралық келіссөздерді жүргізген Париж конгресі басталды. Париж трактаты қабылданған соң, Қырым соғысы аяқталды.
93 жыл бұрын (1921) Грузия астанасы Тбилиси кеңестік әскер жаулап алған соң, Грузин КСР болып өзгерді.
22 жыл бұрын (1992) Әзірбайжанның Ходжалы қаласында армян әскерлерімен қала тұрғындарын жаппай өлтіру басталды. Бұл - Қарабах соғысындағы ең қатыгез және үлкен қан төгіс деген атауға ие болған оқиға.
ЕСІМДЕР
104 жыл бұрын (1909-1989) орыс суретшісі БОРТНИКОВ Алексей Ильич дүниеге келді. Қызылорда облысының Қармақшы кентінде туған. Одесса көркемөнер институтының сурет факультетін бітірген. Геологиялық экспедиция құрамында Бетпақдала мен Орталық Тянь-Шаньда болып, КСРО Ғылым академиясының Геологиялық мұражайының (Санкт-Петербург) тапсырмасы бойынша «Орталық Тянь-Шань тауларының панорамасын» және «Хан тәңірі шыңын» бейнелеген. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. Бортников - бейнелеу өнеріндегі Қазақстан тарихына қатысты «Жалау қасында тұрған қазақтың комсомол қызы», «Жазалаушы отряд», «Фурмановтың Верныйдағы көтерілісшілер митингісінде сөйлеуі», «Ә.Молдағұлованың портреті» сияқты бірнеше туындының авторы.
98 жыл бұрын (1916-2008) әнші, Қазақстанның халық әртісі КЕНЖЕТАЕВ Кәукен дүниеге келді.
Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. Мәскеу консерваториясы жанындағы қазақ студиясын, Алматы консерваториясын бітірген.
1942-1946 жылдары аралығында Хабаровскідегі шекарашылар ансамблінде қызмет етті. 1946 жылдан Қазақ опера және балет театрының әншісі. Ол Тарғын, Жалбыр, Бекежан, Семен (Е.Г.Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Жалбыр», «Қыз Жібек», «Дударайында»), Жанбота (М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасында»), Эскамильо (Ж.Бизенің «Карменінде»), Демон (А.Г.Рубинштейннің «Демонында»), Амонастро (Дж.Вердидің «Аидасында»), т.б. партиялары оның әншілік, орындаушылық талантын әр қырынан ашқан образдар болды. Ол 1957 жылдан бастап кинофильмдерге түсіп, режиссер («Жерге қайта оралуда»), әнші-әртіс («Біздің сүйікті дәрігерде»), Бауыржан Момышұлы («Ел басына күн тусада»), Қазанғап («Боранды бекетте»), Базарбай («Қыз Жібекте»), тағы басқа рөлдерімен көрермен ықыласына бөленген. Кенжетаев режиссер ретінде Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Жалбыр», «Қыз Жібек», «Амангелді», С.Мұхамеджановтың «Айсұлу», Е.Рахмадиевтің «Алпамыс», П.И.Чайковскийдің «Қарғаның мәткесі», т.б. операларын қойды. Сонымен қатар «Алдар Көсенің айласы», «Қалқаман - Мамыр», «Сапар», «Баян жүрек», «Құсни - Хорлан», т.б. опреалар либреттоларының авторы. «Сильва», «Тыныш шаңырақ», «Фигароның үйленуі» опреаларының либреттоларын қазақ тіліне аударған. «Дархан дарын», «Мәжит Бегалин», «Высокий дар призвания» атты кітаптары жарық көрген. Оның репертуарында қазақтың халық әндерімен қатар орыс, укран, татар, өзбек халықтарының халық әндері, сондай-ақ, Батыс Еуропа композиторларының шығармалары бар. Ол гастрольдік сапармен КСРО-ның қалаларында және көптеген шетелдерде болған. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.
81 жыл бұрын (1933-2006) ақын, әдебиет зерттеушісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы НҮСІПБЕКОВ Естеу Сабырбекұлы дүниеге келді.
Қытай Халық Республикасының Іле аймағында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1954-1961 жылдары Үрімжіде «Халық» баспасының редакторы, Шыңжаң Жазушылар одағының кеңесшісі, «Шұғыла» журналы редакциясының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1961 жылы тарихи атамекені Қазақстанға оралған. 1966-1974 жылдары Алматы облысының Нарынқол ауданындағы орта мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры, одан кейін аталған аудандағы «Советтік шекара» газетінің бөлім меңгерушісі болып еңбек еткен. 1975-1990 жылдары Алматы облысының Есік қаласындағы А.Мәлкеев атындағы мектеп-интернатта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, көп жыл табанды қызмет атқарып, шәкірттері мен педагогтар арасында үлкен абырой-беделге бөленген. 1990-1995 жылдары Есік қаласындағы Р.Тоқатаев атындағы қазақ орта мектебінде оқытушы болып жемісті еңбек жолын жалғастырған. Ақынның «Кешіккен сый» атты өлең-дастандары, «Ақ бұлағы жанымның» атты өлең, поэмалары жарық көрген. Сондай-ақ ол қазақ мектептерінің 6-шы және 7-ші сыныптарына арналған «Әдебиет оқулықтарының» авторы. 2007 жылы «Балалар әдебиеті» баспасынан көп томдық шығармаларының «Ақсамала айналам» атты 1-ші томы жарық көрген. 2007 жылы сәуір айында Алматы облысы, Есік қаласындағы Р.Тоқатаев атындағы орта мектепте «Естеу Нүсіпбеков атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті» ашылған.
65 жыл бұрын (1949) актер, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері АСЫЛХАН Сәулебек Есімбекұлы дүниеге келді. Алматы облысының Ақсу ауданында туған. Қазақ академиялық драма театры жанындағы студияны, Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) режиссура бөлімін Ә.Мәмбетов шеберханасы бойынша бітірген. Мәскеудегі жоғары режиссерлер курсында режиссер М.Захаровтың жетекшілігімен оқыған. 1968-1971 жылдары Қазақ академиялық драма театры құрамында актер болып, Жайнақ (Ш.Айтматов «Ана - Жер-ана»), Өзбек (М.Әуезов «Айман - Шолпан»), Олжабай (С.Жүнісов «Ажар мен ажал»), Байбол (Қ.Мұхамеджанов «Жат елде»), т.б. рөлдерді орындады. 1975-1998 жылдары Талдықорған облыстық драма театрының, Қазақ академиялық драма театрының режиссері, Талдықорған облыстық драма театрының бас режиссері, «Қазақстан-1» телеарнасының режиссері, Алматы облыстық филармониясының бас режиссері қызметтерін атқарған. 2002 жылдан Мәдениет министрлігінің театр бөлімін басқарған. Ол Т.Қалилахановтың «Абылай аманаты», Т.Ахтановтың «Әке мен бала» және «Күшік күйеу», М.Әуезовтің «Түнгі сарын», А.Вампиловтың «Тұңғыш ұл», т.б. спектакльдерді сахналаған.
64 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының кандидаты ДҮЙСЕБАЕВ Жексенбай Қартабайұлы дүниеге келді. Ақмола облысы Шортанды ауданы Күлшін ауылында туған. Волгоград (Ресей) ауыл шаруашылығы институтын, Алматы саясаттану және басқару институтын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Институт бітіргеннен кейін шаруашылықтарда зоотехник, бас зоотехник, Ақмола облысы Шортанды аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары болып істеген. 1983-1987 жылдары- «Қазақстанның 18 жылдығы» колхозының төрағасы. 1987-1993 жылдары - Ақмола облысы Сілеті аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, әкімшілік басшысы. 1993-1995 жылдары - Ақмола облысы Ерейментау ауданы әкімшілігінің басшысы. 1995-1997 жылдары- Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімі. 1997-1999 жылдары - Ақмола облысы ауыл шыруашылығы департаментінің директоры. 1999-2000 жылдары - Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры. 2000-2002 жылдары - «Агроцентр Астана» агрофирмасының вице-президенті. 2002-2005 жылдары- Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттің проректоры. 2005-2006 жылдары - Ақмола облысы Шортанды ауданының әкімі. 2006-2007 жылдары - Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімі. 2007 жылғы қыркүйектен бастап- төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылғы қаңтардан бастап- бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. «Тың және тыңайған жерлерді игеру», «Астана», «Астананың 10 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған.
58 жыл бұрын (1956) Қазақ-Британ техникалық университеті Математикалық ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі, Жоғары және қолданбалы математика кафедрасының профессоры, физика-математика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент мүшесі ЖҰМАДІЛДАЕВ Асқар Серқұлұлы дүниеге келді. Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. 1980-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Математика және механика институтының кіші, аға, бас ғылыми қызметкері, Математика институты алгебра зертханасының меңгерушісі. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Ғылым жөніндегі даярлау комитетінің төрағасы болды. 1995-2002 жылдары Германиядағы Гамбург, Мюнхен, Билефельд университеттерінің профессоры болып, Кэмбридж университетінің жанындағы Ньютон институтында, А.Салам атындағы Халықаралық теориялық физика орталығында, Швеция корольдік ҒА-ның Миттаг-Леффлер атындағы Математика институтында, Фильдс атындағы Математика институтында қызмет атқарып, дәрістер оқыған. Германияның, АҚШ-тың мемлекеттік степендияларын, Швеция корольдік Ғылым академиясының грантын алған. 1995-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Математика институты алгебра зертханасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2004 жылдан - қазіргі қызметінде. Ғалымның негізгі ғылыми зерттеу еңбектері Ли алгебрасының когомология теориясына арналған. Ол оң сипаттамалы Ли алгебрасының когомологиялары мен деформацияларын және олардың қолдануын зерттеген. Векторлық өріс алгебрасының бөлшектенбейтін кеңеюін есептеген. Ассоциативті емес алгебраның тепе-теңдіктерін тапты. Ғалымның негізгі ғылыми зерттеу еңбектері Ли алгебрасының когомология теориясына арналған. Ол оң сипаттамалы Ли алгебрасының когомологиялары мен деформацияларын және олардың қолдануын зерттеген. Векторлық өріс алгебрасының бөлшектенбейтін кеңеюін есептеген. Ассоциативті емес алгебраның тепе-теңдіктерін тапты. 50-ден астам ғылыми еңбектердің авторы. Ол 12-ші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты.
51 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Адвокаттар одағының президенті ТҮГЕЛ Әнуар Құрманбайұлы дүниеге келді. Қырғызстан Республикасында туған. Қазан мемлекеттік университетін бітірген. Ленин аудандық прокуратурасының тергеушісі, Фрунзе қалалық прокуратурасының аға тергеушісі қызметтерін атқарған. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы басқармасының прокуроры. 1992-1993 жылдары - Алматы қаласының Алатау ауданы прокурорының орынбасары. 1993-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас прокурорының аға көмекшісі, Алматы қаласы Ақсай ауданының прокуроры. 1995-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тергеу комитетінің басқарма бастығы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің консультанты, Мемлекеттік тергеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, Алматы облысы бойынша салық полициясы басқармасы бастығының орынбасары. 1998-2000 жылдары - «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны аппаратының жетекшісі. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі. 2001-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы әділет вице-министрі. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі аппаратының жетекшісі. Қазіргі қызметінде 2005 жылдан бастап істейді.
48 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі ӨТЕМБАЕВ Ерік Мылтықбайұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, аспирантурасын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторантурасын бітірген. 1990-1999 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті Экономика және құқық институтының оқытушысы, аспиранты, аға оқытушысы, доценті, экономика және социология факультеті деканының орынбасары, директорының орынбасары. 1999-2000 жылдары - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бөлімі меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі. 2001-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау агенттігі төрағасының орынбасары. 2002-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшылығының меңгерушісі. 2005-2006 жылдары - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі мәселелері бойынша келіссөздерде Қазақстан Республикасының өкілі. 2006-2009 жылдары - Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2009 жылдың наурыз айынан мамыр айына дейін - Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарған. 2012 маусым айынан - қазіргі қызметінде. 15 ғылыми жарияланымның және бірнеше кітаптың авторы.
63 жыл бұрын (1951) театр және кино әртісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі ӨТЕКЕШЕВА Меруерт Қаратайқызы дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік өнер институтының актерлік факультетін бітірген. 1973 жылдан осы кезге дейін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының акрисасы. 1985 жылдан бенрі Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында оқытушы. «Ана - Жер-ана», «Мөлдір махаббат», «Ескі үймен қоштасу», «Ревизор», «Үлкен ұл», «Қарагөз» және басқа спектакльдерде ойнады. «Қыз Жібек», «Менің ағам», «Шоқан», «Мағамбет», «Бақсы»» «Жылан жылы» фильмдеріне түсті. «Құрмет» орденімен марапатталған, Мәскеуде өткен Бүукілодақтық жастар шығармашылығы байқауының лауреаты, ҚазКСР жастар шығармашыл жастар байқауының лауреаты. ҚР еңбек сіңірген әртісі. 28 жыл бұрын (1986) актриса, журналист ЖАЗЫЛБЕКОВА Аружан дүниеге келді.
173 жыл бұрын (1841 - 1919) француз суретшісі-импрессионист РЕНУАР Пьер Огюст дүниеге келді
67 жыл бұрын (1947) Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық конверваториясының оркестр аспаптары кафедрасының профессоры ФЕДЯНИН Александр Афанасьевич дүниеге келді. Ол Құрманғазы атындағы мемлекеттік өнер институтын тәмамдаған (1970), оркестр солисті, ұстаз болып жұмыс істеген. Бірқатар музыкалық шығармалардың авторы: «Қазақ Кәдесыйы», «Қазақтың вариациялық тақырыбы», «Ыбырайдың әні», «Испан рапсодиясы», «Нәзікжанды вальс», «Фугетта», «Ноктюрн», «Религиозо», «Романс» және т.б.
Еңбек өтілі 1969 жылы - Мемлекеттік симфониялық оркестрдің тромбон тобының концертмейстерінен басталған. 1975 жылдан бастап Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы қызметінде. Сондай-ақ 2003 жылдан бері Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық конверваториясының оркестр аспаптары кафедрасының профессоры болып жұмыс істейді. «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған. ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері.
63 жыл бұрын (1951) Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Отар стансасында ӘБЕНОВ Дәулет Тоғайұлы дүниеге келген. 1968 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына түсіп , оны да жақсы аяқтап, инженер-механик мамандығын алып шығады. Еңбек жолын Алматы кондитер фабрикасында 5-ші разрядты слесарь болып бастап , осы кәсіпорынның екі ірі цехында инженер-механик болып істеді. Ол ұжымның қоғамдық өміріне белсене араласып, фабрика комсомол комитетінің мүшелігіне сайланып,өзінің жақсы ұйымдастырушылық қабілетімен танылады. 1976 жылдан бастап Алматы қаласындағы Ленин аудандық (қазір Жетісу ауданы)комсомол комитетіне қызметке ауысып , онда нұсқаушы , комсомол ұйымдары бөлімінің меңгерушісі, аудандық комсомол комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. 1980 жылы Қазақстан КП Ленин аудандық комитетінің аппаратына насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы болып ауысады. 1985 жылы Қазақстанның Орталық статистика бақармасы бастығының көмекшісі , бөлім бастығы болып істеді. 1987 жылы «Кітап» өндірістік бірлестігі біріккен кәсіподақ комитетінің төрағасы,ал одан кейін партия комитетінің хатшысы , сондай-ақ Қазақстан КП Совет аудандық (қазір Алмалы ауданы) партия комитетінің мүшесі болып сайланады. Түрлі лауазымдық қызметтерді ақарған. 2012 жылдың 15 қаңтарында Алматы қаласы мәслихатының депутаты болып сайланды. 2009 жылғы ұлттык-қоғамдық «Алтын жүрек» сыйлығының иегері . Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылы 10 қарашадағы жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың алғысымен және бірнеше рет Алматы қаласы және Алатау мен Әуэзов ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Дәулет Тоғайұлы, Алматы облысы, Жамбыл ауданының Құрмметті азаматы, Халықаралық Сократ сыйлығының иегері.
58 жыл бұрын (1956) сәулетші, «Алматыгипрогор» ЖИ АСО-4 шеберханасының бастығы ШАРАПИЕВ Жаңабай Нұрмағанбетұлы дүниеге келді. Ол Қызылорда облысында туып, Алматы сәулет-құрылыс институтын тәмамдаған. Мамандығы - сәулетші. Еңбек өтілін 1981 жылдың қараша айында , «Алматыгипрогор» жобалау институтында шеберхана сәулетшісі болып бастады. 1983 жылы аға сәулетші, 1988 жылы жетекші сәулетші, 1990 жылы жобаның бас сәулетшісі қызметін атқарды. Қазіргі қызметінде 1999 жылдан бері. Бірқатар жобаларды жасауға атсалысқан. Атап айтқанда, Тәуелсіздік монументі, (Алматы қаласы), қалалық мешіт (Алматы), Мега-астана ойын-сауық орталығы (Астана), «MAXIMA» сауда орталығы (Алматы), «Family» сауда орталығы (Алматы), «Керемет» тұрғын үй кешені (Алматы), Алматы қаласының халықаралық терминалы және тағы басқа жобалардың авторларының бірі.