25 ақпан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 25 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1951) Театр және кино әртісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Меруерт Қаратайқызы ӨТЕКЕШОВА дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік өнер институтының актерлік факультетін бітірген. 1973 жылдан осы кезге дейін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының акрисасы. 1985 жылдан бері Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында оқытушы. «Ана — Жер-ана», «Мөлдір махаббат», «Ескі үймен қоштасу», «Ревизор», «Үлкен ұл», «Қарагөз» және басқа спектакльдерде ойнады. «Қыз Жібек», «Менің ағам», «Шоқан», «Махамбет», «Бақсы»» «Жылан жылы» фильмдеріне түсті. «Құрмет» орденімен марапатталған, Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жастар шығармашылығы байқауының лауреаты, ҚазКСР жастар шығармашыл жастар байқауының лауреаты. ҚР еңбек сіңірген әртісі.
70 жыл бұрын (1956) ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, физика-математика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Серқұлұлы ЖҰМАДІЛДАЕВ дүниеге келді.

Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген.
1980-1994 жылдары ҚР Ғылым академиясы Математика және механика институтының кіші, аға, бас ғылыми қызметкері, Математика институты алгебра зертханасының меңгерушісі, 1994-1995 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесі Ғылым жөніндегі даярлау комитетінің төрағасы болды, 1995-2002 жылдары Германиядағы Гамбург, Мюнхен, Билефельд университеттерінің профессоры, Кэмбридж университетінің жанындағы Ньютон институтында, А.Салам атындағы Халықаралық теориялық физика орталығында, Швеция корольдік ҒА-ның Миттаг-Леффлер атындағы Математика институтында, Фильдс атындағы Математика институтында қызмет атқарып, дәрістер оқыған. Германияның, АҚШ-тың мемлекеттік стипендияларын, Швеция корольдік Ғылым академиясының грантын алған. 1995-2004 жылдары ҚР Ғылым академиясы Математика институты алгебра зертханасының меңгерушісі қызметін атқарған. Ғалымның негізгі ғылыми зерттеу еңбектері Ли алгебрасының когомология теориясына арналған. Ол оң сипаттамалы Ли алгебрасының когомологиялары мен деформацияларын және олардың қолдануын зерттеген. Векторлық өріс алгебрасының бөлшектенбейтін кеңеюін есептеген. Ассоциативті емес алгебраның тепе-теңдіктерін тапты. 50-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Ол ХІІ сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған.
2023 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.
63 жыл бұрын (1963) Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Адам құқығын қорғау ғылыми-зерттеу институтының директоры Әнуар Құрманбайұлы ТҮГЕЛ өмірге келді.

Жамбыл облысының Шарбақты кентінде туған. Қазан мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолы: Ленин аудандық прокуратурасының тергеушісі, Фрунзе қалалық прокуратурасының аға тергеушісі қызметтерін атқарған. 1991-1992 жылдары ҚР Бас прокуратурасы басқармасының прокуроры. 1992-1993 жылдары Алматы қаласының Алатау ауданы прокурорының орынбасары. 1993-1995 жылдары ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі, Алматы қаласы Ақсай ауданының прокуроры, 1995-1998 жылдары ҚР Мемлекеттік тергеу комитетінің басқарма бастығы, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің консультанты, Мемлекеттік тергеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, Алматы облысы бойынша салық полициясы басқармасы бастығының орынбасары. 1998-2000 жылдары «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны аппаратының жетекшісі, 2000-2001 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі, 2001-2002 жылдары ҚР әділет вице-министрі, 2002-2004 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының жетекшісі қызметін атқарды. 2005 жылы ҚР Адвокаттар одағының президенті, 2012-2018 жылдары Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы болып сайланды.
2020 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.
61 жыл бұрын (1965) Абай облыстық сотының төрағасы Қайрат Мұратұлы ЧАҚПАНТАЕВ дүниеге келді.

Өскемен педагогикалық институтын бітірген, еңбекке оқыту және жалпы техникалық пәндер мұғалімі (1990); Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген, заңгер (1996).
Еңбек жолы: 1982-1983 жылдары «Облагропром» Самара АТП РАПО құрылыс бригадасында көмекші жұмысшы, 1990-1991 жылдары Өскемен қаласындағы мамандандырылған жиһаз кәсіпорнында құрылысшылар бригадирі, 1991-1992 жылдары Үлбі металлургиялық зауытының жөндеу-құрылыс цехында бетон араластырғыш машинисі, 1992-1996 жылдары Өскемен қаласындағы мамандандырылған жиһаз кәсіпорнының Самара шаруашылық учаскесі құрылысшыларының бригадирі, 1996-1997 жылдары «Парасат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заң кеңесшісі, 1997-1998 жылдары Самара облысы прокурорының көмекшісі, Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы прокурорының көмекшісі, 1998-1999 жылдары Өскемен қаласы прокурорының көмекшісі, 1999-2000 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің прокуроры, 2000-2001 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының қылмыстық істер бойынша сот шешімдерінің заңдылығын қадағалау бөлімінің прокуроры, 2001-2002 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының соттарда қылмыстық істердің қаралу заңдылығын қадағалау бөлімінің прокуроры, 2002-2003 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы прокурорының орынбасары, 2003-2004 жылдары Өскемен қаласының № 2 сотының судьясы, 2004-2005 жылдары Шығыс Қазақстан облысының № 2 Көкпекті аудандық сотының судьясы, 2005-2009 жылдары Шығыс Қазақстан облысының № 2 Көкпекті аудандық сотының төрағасы, 2009-2014 жылдары Өскемен қаласының № 2 сотының төрағасы, 2014-2015 жылдары Өскемен қалалық сотының төрағасы, 2015-2022 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып қызмет атқарған.
2022 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.
44 жыл бұрын (1982) Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Төрағасы Жанна Рашидқызы ЕСЕНБЕКОВА дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. 2002 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтады.
Еңбек жолын 2002 жылы Қарағанды облысы Әділет департаментінің жетекші маманы болып бастады. 2004-2005 жылдары Көлік және коммуникация министрлігі Заң департаментінің бас маманы, Қаржы министрлігі Қаржы басқармасының бас маманы болып жұмыс жасады. 2005 жылы техникалық реттеу және метрология саласына келіп, Техникалық реттеу және метрология комитеті Халықаралық ынтымақтастық және құқықтық жұмыс жөніндегі бөлімінің бас маманы, Мемлекеттік бақылау мониторингі және талдау басқармасының басшысы, Ішкі Әкімшілендіру басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. 2017-2024 жылдары Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары болды.
Қазіргі лауазымына 2024 жылғы маусым айында тағайындалды.
36 жыл бұрын (1990) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Зүлфия Болатқызы СҮЛЕЙМЕНОВА дүниеге келді.

Ақтөбе қаласында туған. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бакалавриат пен магистратураны бітірген. «Қауіпсіздік және халықаралық зерттеулер» бағдарламасы бойынша Жапонияның Ұлттық саяси зерттеулер институтында PhD доктор дәрежесін алған.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті директорының орынбасары, Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Азия мен Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (Бангкок, Таиланд) Қоршаған орта және даму, энергетика, сондай-ақ макроэкономикалық саясат және дамуды қаржыландыру жөніндегі дивизиондарының консультанты, Қазақстан мен Түрікменстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының кеңселерінде, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) ғылыми қызметкері, 2023-2025 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі — Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі болып жұмыс істеді.
2025 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.