25 қазан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 25 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

64 жыл бұрын (1959) қазақстандық боксшы және қоғам қайраткері, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының екінші орын иегері (1982), Әлем кубогының иегері (1979, 1981), Еуропаның екі дүркін чемпионы Серік Керімбекұлы ҚОНАҚБАЕВ дүниеге келді.
Павлодар қаласында туған. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын, Халықаралық Қ.А. Яссауи атындағы қазақ-түрік университетін бітірген.
Еңбек жолы: 1981 жылы Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының аға инспекторы, 1981-1983 жылдары Алматы қаласындағы мал шаруашылығы кешендерін салу жөніндегі бірлескен дирекцияның инженері, 1981-1984 жылдары бокстан КСРО ұлттық нұсқаушысы, 1983-1984 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің стажер ғылыми қызметкері, 1984 жылы Үлкен Алматы каналының Республикалық комсомол құрылысының бастығы, 1984-1985 жылдары ВЛКСМ Орталық Комитетінің нұсқаушысы, 1986 жылы Алматы облыстық комсомол комитетінің хатшысы, Алматы қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1986-1992 жылдары бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы, «Қазақстан» спорттық-коммерциялық клубының президенті, 1993-1996 жылдары «Найзағай» АҚ президенті болды. 1994-1996 жылдары ҚР Президенті жанындағы Ұлттық спорт қорының президенті, 1996-1997 жылдары Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы, 1997-1998 жылдары Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің орынбасары, 1998-1999 жылдары «Өнім» АҚ бас менеджері, 1999-2004 жылдары «Отан» республикалық саяси партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің ІІ шақырылымының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, 2004-2007 жылдары үшінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғи ресурстарды басқару комитетінің хатшысы, 2014-2018 жылдары IV сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология және табиғи ресурстар комитетінің мүшесі, ҚР Бокс федерациясының вице-президенті, Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (AIBA) вице-президенті, Азия бокс конфедерациясының президенті қызметін атқарды.
1980 жылы «Ерен еңбегі үшін», 1984 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін», 2001 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», 2004 жылы «Құрмет» орденімен, 2006 жылы «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» медальдарымен марапатталған.
54 жыл бұрын (1969) Абай облысының прокуроры Ерлан Масғұтұлы АБАЕВ дүниеге келген.
Павлодар облысында туған. 1993 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер-құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1992 жылы Ильичев ауданы прокурорының көмекшісі болып бастады. 1992-1993 жылдары Ильичев ауданы прокуратурасының тергеушісі, 1993-1994 жылдары Ильичев ауданы прокуратурасының аға тергеушісі, 1994-1995 жылдары облыстық прокуратураның тергеу бөлімінің аға тергеушісі, 1995-1996 жылдары облыстық прокуратураның тергеу басқармасының ішкі істер бөлімінің тергеушісі, 1996-1998 жылдары облыстық прокуратураның сот бөлімінің прокуроры болды. 1998-2004 жылдары Ертіс ауданының прокуроры, 2004-2008 жылдары Успен ауданының прокуроры, 2010-2016 жылдары Павлодар қаласының прокуроры, 2016-2017 жылдары Қылмыстық қудалау заңдылықтарын қадағалау департаменті бастығының орынбасары, 2017-2018 жылдары Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің басшысы, 2018-2022 жылдары Маңғыстау облысының прокуроры қызметін атқарды.
Қазіргі қызметін 2022 жылдың шілде айынан бастап атқарады.
53 жыл бұрын (1970) қазақ скрипкашысы, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты және дипломанты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аида Кәрімқызы АЮПОВА дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. 1988 жылы Күләш Байсейітова атындағы республикалық музыка мектебін, 1993 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының скрипка сыныбын бітірген.
1993-1997 жылдары Вена консерваториясында профессор А. Аренковтың сыныбында оқып, 1997-1999 жылдары Вена музыка және бейнелеу өнері академиясында тағылымдамадан өтті. 1996 жылдан бастап Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының әншісі, 1997 жылдан ҚР Президенті оркестрінің солисі. 2001-2002 жылдары «Ұлытау» этникалық тобының құрамында өнер көрсетті. 2008 жылы виолончельші Ермек Құрманаевпен бірге тұңғыш президент қоры сыйлығының лауреаты атанды.
Халықаралық, республикалық және облыстық скрипка байқауларының лауреаты.
2000 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2001 жылы «Ұлытау» этно-тобы құрамымен сахналық өнердің халықаралық чемпионатында (АҚШ, Лос-Анджелес) Гран-при және алтын медаль, 2002 жылы «Тарлан» сыйлығы, 2009 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. 2010 жылы Қазақстан Тұңғыш Президенті Қорының лауреаты атанды.
51 жыл бұрын (1972) «Республикалық санитарлық авиация орталығы» ШЖҚ РМК директоры Нұржан Құрманғалиұлы ОТАРБАЕВ дүниеге келді.
1995 жылы Ақмола мемлекеттік медицина академиясын «Педиатрия» мамандығы бойынша бітірген. Іскерлік басқару магистрі (MBA). Медицина ғылымының докторы.
Еңбек жолы: 2004-2007 жылдары Қазақ мемлекеттік медицина академиясының балалар аурулары кафедрасының меңгерушісі, 2007-2010 жылдары «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ кардио-ревматология бөлімінің меңгерушісі, 2010-2011 жылдары «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ педиатрия бөлімінің меңгерушісі, 2011-2012 жылдары «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ медициналық директорының орынбасары, 2012-2014 жылдары «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ медициналық директоры, «Республикалық диагностикалық орталық» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды. 2014-2015 жылдары «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, төрағасы болды.
Қазіргі қызметін 2016 жылдан бастап атқарады.
45 жыл бұрын (1978) Талдықорған қаласының әкімі Ернат Дүйсенбекұлы БАЗИЛ дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының инженер-құрылысшы мамандығын, 2017 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін қаржы мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: Алматы қаласындағы «Базис-А корпорациясы» ЖШС шебері, учаске меңгерушісі. Әртүрлі жылдары Алматы қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында жетекші, бас маман, құрылыс бөлімінің бастығы, бастығының орынбасары, Жетісу ауданы әкімінің орынбасары, қалалық отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Астана қаласы, Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары, Жетісу облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.
Қазіргі қызметін 2023 жылдың шілде айынан бастап атқарады.
98 жыл бұрын (1925-1944) Кеңес Одағының Батыры, мерген Әлия Нұрмұхамбетқызы МОЛДАҒҰЛОВА дүниеге келді.
1925 жылы Ақтөбе облысы Қобда ауданының Бұлақ ауылында туған. Ата-анасы – Нұрмұхаммед Сарқұлов және Маржан Молдағұлова. Шын есімі Ілия, майдандас достары «Лия» деп атаған. Бала кезінде анасынан айырылып (1933 ж.), кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрған, ал 1935 жылдан бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46 балалар үйінде тәрбиеленген. Ленинградтағы №9 орта мектепте оқыды. Оқудағы озаттығы және үлгілі тәртібі үшін Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері - Артекке жіберіледі. Артекте батырлар тақтасына Рубен Ибаррури, Тимур Фрунзе сияқты батырлармен қатар Әлия Молдағұлованың да суреті ілінген. Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, бірақ көп ұзамай (1942) ЖШҚӘ-ға (Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері) майданға жіберу туралы өтініш жібереді. 1943 жылы Снайперлер дайындау жөніндегі әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 жылдан бастап 54-арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-әскер, 2-Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбазы мен офицерінің көзін жойған. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты. Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 жылы 4 маусымда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды. Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген. Әлия есімімен көшелер, ондаған мектептер (Мәскеудегі №891 орта мектебі, Шымкенттегі №29 орта мектебі, Новосокольники №72 орта мектебі, Оралдағы №38 орта мектебі), Әскери-теңіз флотының кемелері, Каспий жүк таситын теплоходы аталған. Ақтөбе, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосокольники қалаларында ескерткіштер орнатылған. Ақтөбеде Ә. Молдағұлова атындағы облыстық мемориалды музей бар.