25 қазан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 25 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
56 жыл бұрын (1969) Абай облысының прокуроры Ерлан Масғұтұлы АБАЕВ дүниеге келген.
Павлодар облысында туған. 1993 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер-құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1992 жылы Ильичев ауданы прокурорының көмекшісі болып бастады. 1992-1993 жылдары Ильичев ауданы прокуратурасының тергеушісі, 1993-1994 жылдары Ильичев ауданы прокуратурасының аға тергеушісі, 1994-1995 жылдары облыстық прокуратураның тергеу бөлімінің аға тергеушісі, 1995-1996 жылдары облыстық прокуратураның тергеу басқармасының ішкі істер бөлімінің тергеушісі, 1996-1998 жылдары облыстық прокуратураның сот бөлімінің прокуроры болды. 1998-2004 жылдары Ертіс ауданының прокуроры, 2004-2008 жылдары Успен ауданының прокуроры, 2010-2016 жылдары Павлодар қаласының прокуроры, 2016-2017 жылдары Қылмыстық қудалау заңдылықтарын қадағалау департаменті бастығының орынбасары, 2017-2018 жылдары Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің басшысы, 2018-2022 жылдары Маңғыстау облысының прокуроры қызметін атқарды.
Қазіргі қызметін 2022 жылдың шілде айынан бастап атқарады.
51 жыл бұрын (1974) Еуразиялық экономикалық комиссияның Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің директоры Ернар Бағытжанұлы БӘКЕНОВ дүниеге келді.
1996 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Карағанды мемлекеттік университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1996 жылы Қарағанды қаласындағы Халық банкінің Ленин аудандық филиалында бақылаушы-кассир болып бастаған. 1997-2007 жылдары ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігі Кеден комитетінің кедендік рәсімдеуді бақылауды ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі, бас инспекторы, бастығы лауазымын атқарды. 2008-2012 жылдары «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Сыртқы сауда саясатын және сауданы дамытуды талдау департаментінің бас сарапшысы, директордың орынбасары, директоры болып жұмыс істеді. 2012-2017 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Халықаралық экономикалық интеграциялар департаментінің директоры болды. 2017-2018 жылдары – ҚР Ұлттық экономика вице-министрі қызметінде. Еуразиялық экономиялық комиссия Алқасы (Министрінің) мүшесінің бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жқніндегі көмекшісі лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметін 2023 жылдың ақпан айынан бері атқарып келеді.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен (2011), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2014), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен (2016), «Еуразиялық экономикалық одақтың дамуна қосқан үлесі үшін» медалімен (2022) марапатталған.
47 жыл бұрын (1978) Талдықорған қаласының әкімі Ернат Дүйсенбекұлы БӘЗІЛ дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының инженер-құрылысшы мамандығын, 2017 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін қаржы мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: Алматы қаласындағы «Базис-А корпорациясы» ЖШС шебері, учаске меңгерушісі. Әртүрлі жылдары Алматы қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында жетекші, бас маман, құрылыс бөлімінің бастығы, бастығының орынбасары, Жетісу ауданы әкімінің орынбасары, қалалық отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Астана қаласы, Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары, Жетісу облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.
Қазіргі қызметін 2023 жылдың шілде айынан бастап атқарып келеді.
42 жыл бұрын (1983) «Hyrasia Energy» Бас директоры Алмас Айдарұлы АЙДАРОВ дүниеге келді.
Жамбыл облысында дүниеге келген. 2004 жылы «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (экономист) бітірген, 2009 жылы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының магистрі болды.
Еңбек жолы: 2004-2006 жылдары «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» АМК ішкі аудит жөніндегі маман, инвестициялар бойынша инженері, 2006 жылы ҚР Көлiк және коммуникация министрлiгi Көлiк саясаты және халықаралық ынтымақтастық департаментiнің жетекші маманы, 2006-2012 жылдары ҚР Президенті Іс Басқармасының ресми іс-шаралар және сыртқы байланыстар бөлімінің сарапшысы, ҚР Президенті Протоколының Сарапшысы (ҚР Президенітінің Әкімшілігі), 2012-2014 жылдары «ИнжирингБХК» ЖШС басқарушы директоры («Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ компанияларының тобы), 2014-2017 жылдары «Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «KAZAKH INVEST» АҚ басқарушы директоры – Басқарма мүшесі болды. 2017-2020 жылдары Қарағанды облысы әкімінің өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, индустриалдау және инвестициялар мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. 2020-2023 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымын атқарды.
Қазіргі қызметіне 2024 жылдың қазан айында кірісті.
33 жыл бұрын (1992) Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат басқармасының басшысы Нұртас Төребекұлы СӘЛИ дүниеге келді.
Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында дүниеге келген. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген (2014).
Еңбек жолы: «Mangystau Media» ЖШС контент менеджері (2014); Ақтау қаласы «Маңғыстау облысының ішкі саясат департаменті» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастырушылық-әкімшілік бөлімінің бас маманының міндетін атқарушы (2014); Ақтау қаласы «Маңғыстау облысының ішкі саясат департаменті» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастырушылық-әкімшілік бөлімінің бас маманы (2014-2017); Ақтау қаласы «Маңғыстау облысының ішкі саясат департаменті» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастырушылық-әкімшілік бөлімінің басшысы (2017-2018); Ақтау қаласы, «Маңғыстау облысының ішкі саясат департаменті» мемлекеттік мекемесінің ақпараттық саясат және БАҚ мониторингі бөлімінің бастығы (2018-2019); Ақтау қаласы, «Маңғыстау облысының ішкі саясат департаменті» мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары (2019-2022); «Маңғыстау облысының ішкі саясат департаменті» мемлекеттік мекемесі бастығының міндетін атқарушы (2022); «Маңғыстау облысының ішкі саясат департаменті» мемлекеттік мекемесінің бастығы (2022-2023); Ақтау қаласы әкімінің орынбасары (2023-2024).
2024 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.
102 жыл бұрын (1923-1994) Қазақстанның халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының қатысушысы Тахауи АХТАНОВ дүниеге келді.
Ақтөбе облысының Шалқар ауданы, Шетырғыз ауылында туған.
1940 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде өзі сұранып майданға аттанады. Алғашқы әдеби көркем шығармалары өлең, очерк түрінде майдан газеттерінің беттерінде жарияланды.
1948 жылы әскер қатарынан босағаннан кейін әдеби еңбекпен айналысады. Алғашқы өлеңдері «Жастар дауысы» деп аталатын ұжымдық жинақта жарық көрді. Осы кезде оның әдебисын мақалалары молырақ басылып, алғашқы монографиялық зерттеу еңбегі жарияланды. Әйтсе де, жазушының өнімді де жемісті еңбек еткен жанрлары – проза мен драматургия. Баспасөз бетінде алғаш жарық көрген әңгімесі – «Күй аңызы».
1956 жылы «Қаһарлы күндер» атты романы жарық көрді. «Дала сыры» повесі үшін (өңделіп, толықтырылып, «Боран» романына айналды) авторға 1966 жылы Қазақ КСРнің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
1968 жылы жазылған «Сәуле» драмасы, одан кейінгі «Боран», «Ант», «Әке мен бала» драмалары да қазақ сахнасының өміршең туындыларына айналды. «Махаббат мұңы», «Күтпеген кездесу» драмалары, «Арыстанның сыбағасы», «Күшік күйеу» комедиялары қазақ, орыс және туысқан халықтар сахнасында көрінді. А.Н.Толстойдың «Азапты сапарда» трилогиясын, М.Горькийдің әңгімелерін қазақ тіліне аударды. Көркем әдебиет баспасында редактор, бөлім меңгерушісі, киностудияда сценарий бөлімінің бастығы, «Әдебиет және искусство» – «Жұлдыз» журналының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, көркемөнер бас басқармасының бастығы, республикалық кітап палатасының директоры сияқты жауапты қызметтер атқарды.
ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі рет Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. Қаламгерге Қазақстанның Халық жазушысы атағы берілген.
100 жыл бұрын (1925-1944) Кеңес Одағының Батыры, мерген Әлия Нұрмұхамбетқызы МОЛДАҒҰЛОВА дүниеге келді.
1925 жылы Ақтөбе облысы Қобда ауданының Бұлақ ауылында туған. Ата-анасы – Нұрмұхаммед Сарқұлов және Маржан Молдағұлова. Шын есімі Ілия, майдандас достары «Лия» деп атаған. Бала кезінде анасынан айырылып (1933 ж.), кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрған, ал 1935 жылдан бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46 балалар үйінде тәрбиеленген. Ленинградтағы №9 орта мектепте оқыды. Оқудағы озаттығы және үлгілі тәртібі үшін Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері - Артекке жіберіледі. Артекте батырлар тақтасына Рубен Ибаррури, Тимур Фрунзе сияқты батырлармен қатар Әлия Молдағұлованың да суреті ілінген. Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, бірақ көп ұзамай (1942) ЖШҚӘ-ға (Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері) майданға жіберу туралы өтініш жібереді. 1943 жылы Снайперлер дайындау жөніндегі әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 жылдан бастап 54-арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-әскер, 2-Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбазы мен офицерінің көзін жойған. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты. Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 жылы 4 маусымда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды. Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген. Әлия есімімен көшелер, ондаған мектептер (Мәскеудегі №891 орта мектебі, Шымкенттегі №29 орта мектебі, Новосокольники №72 орта мектебі, Оралдағы №38 орта мектебі), Әскери-теңіз флотының кемелері, Каспий жүк таситын теплоходы аталған. Ақтөбе, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосокольники қалаларында ескерткіштер орнатылған. Ақтөбеде Ә. Молдағұлова атындағы облыстық мемориалды музей бар.