25 қазан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 25 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қазақстанда Республика күні
ҚР «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2022 жылдан бастап Республика күні қайтадан заңдастырылды. 25 қазан күні кездейсоқ таңдалған жоқ: 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің №307-XII Жарлығымен Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Онда тұңғыш рет аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіндігі және мызғымастығы, Қазақстан халықтары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттілік қағидалары бекітілді.
Әйелдердің халықаралық бейбітшілік үшін күресі күні
Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясының шешімімен қарусыздану апталығы (24-31 қазан) шеңберінде 1980 жылдан бастап аталып өтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1894 жылы Қазақстан аумағында Покровская слобода (қазіргі РФ Саратов облысы Энгельс қаласы) - Орал тар табанды жол құрылысы аяқталғаннан кейін, бірінші теміржол магистралі ашылды. Бұл темір жолдың 130 шақырымы қазіргі Қазақстан аумағынан өтті. 4 жылдан кейін қазақ даласы арқылы өтетін 77 км Урбах - Астрахан тар табанды жолы іске қосылды.
1972 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №512 қаулысы негізінде Талдықорған педагогикалық институты құрылды. 1977 жылы 10 қазанда аталған білім ордасына қазақтың көрнекті ақыны, жазушы Ілияс Жансүгіровтің есімі берілді. 1994 жылы Талдықорған мемлекеттік университеті, ал 1999 жылы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті болып қайта құрылды.
1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияны қабылдады. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа егемен мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды.
1996 жылы Юрий Мельниченко Американың Атланта қаласында грек-рим күресі бойынша Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы қазақстандық олимпиада чемпионы атанды.
2000 жылы Астанада Президенттік мәдениет орталығы ашылды.
2000 жылы Павлодарда академик Қ. Сәтпаев көшесінде ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ескерткіші ашылды. Мүсіннің авторы – еңбек сіңірген өнер қайраткері Есхан Сергебаев. Ескерткіш қоладан, тұғыры қызыл және қара граниттен жасалған. Мемориалдың негізі болған өнер мұражайының қабырғасы екі сюжеттік рельефке толы, оның авторы – жас талантты мүсінші Мұрат Мансұров.
2002 жылы Qazaq TV арнасы алғаш рет Caspionet атауымен телехабар таратуды бастады. Телеарна еліміздің әлеуметтік және мәдени өміріндегі басты оқиғаларды көрсетеді. Сондай-ақ мазмұны Қазақстанның тарихына, салт-дәстүріне, табиғатына және көрнекті тұлғаларына арналған жобалардан тұрады.
Qazaq TV арнасының қазақ, ағылшын, орыс, қырғыз және өзбек тілдерінде HD форматындағы спутниктік хабар таратуын қамту көлемі 120-дан астам ел, оның ішінде Солтүстік және Орталық Америка, Батыс және Шығыс Еуропа, Аустралия және Океания елдері, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Азия және Оңтүстік Кавказ бар.
2022 жылы QazaqTV арнасының ребрендингінен кейін арна JIBEK JOLY деген жаңа атқа ие болады. Бұл – Қазақстан Республикасының тұңғыш ұлттық спутниктік телеарнасы. Қазіргі уақытта ол «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ құрылымына кіреді.
2010 жылы Бельгия Корольдігіне жасаған ресми сапарының аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Эгмонд Палас» корольдік сарай аумағындағы ядролық сынақ, экологиялық және техногендік апат құрбандарына арналып салынған ескерткішті ашты. Авторлық топтың жетекшісі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Астана суретшілер кеңесінің төрағасы Қоңыр Мұхамедиев атап өткендей, ескерткіш қара және жасыл тастардан салынған. Қара тас атом бомбасының белгісі болса, жасыл түс - өмір белгісі. Тасқа Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылғы «Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы» Жарлығы қашалып жазылған. Бұдан басқа ескерткішке БҰҰ Бас Ассамблеясының 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы қарары қашалып жазылған. Ескерткіштің жоғары жағында халықтың бірлігі мен бейбітшілікке ұмтылысы көрініс тапқан. Ескерткіштің төменгі жағында өмірді бейнелейтін ағаш бұтағы «өскіні» бейнеленген.
2011 жылы Таразда орталық базардағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде археологтар астанасы ежелгі Талас қаласы (Тараз) болған Түргеш қағанаты дәуірінің жеті мыс монетасын тапты.
2013 жылы Таразда қазақ тарихының белді тұлғаларының бірі - Төле бидің 350 жылдығына орай ескерткіш қойылды.
2018 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше 197 мемлекеттің барлығы алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы Астана декларациясын бірауыздан қабылдады.
2018 жылы Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасы арасындағы қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы келісім ратификацияланды, оның негізгі мақсаты – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара сызығын халықаралық-құқықтық деңгейде бекіту.
2019 жылы қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова Уханьда (Қытай) өткен Дүниежүзілік әскери ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Үш қарғып секіру жарысы бойынша жерлесіміз 14.19 метрге секіріп, жарыстың үздігі атанды.
2019 жылы Британ азаматтық авиация агенттігі мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің британдық реттеу моделіне көшу жөніндегі бірлескен жобасы іске қосылды. Ұлыбританияның авиациялық билік орындарымен өзара іс-қимыл Қазақстанның авиация саласын мемлекеттік реттеудің халықаралық үздік практикасына көшуін жеделдетеді, сондай-ақ өз мақсатына қол жеткізуде ұшу қауіпсіздігінің ИКАО-ның жоғары талаптарына сәйкестік деңгейін барынша арттыруға көмектеседі.
2021 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркіменстанның «Битараплық» орденімен марапатталды. Оған жоғары мемлекеттік награданы Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов табыс етті.
2022 жылдан бастап 13 жылдық үзілістен кейін Президент жарлығымен 25 қазан Республика күні ретінде мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне қайтадан енгізілді.
2023 жылы Астанадағы Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры күрделі жөндеуден кейін тарихи ғимаратта 123-ші маусымын ашты. Алғашқы күні көрермендер режиссер И.Седин қойған Қ.Жүнісовтың «Әлия» драмасын тамашалады. Қойылым Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған.