25 мамыр. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 25 мамыр күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
58 жыл бұрын (1967) «Қазақстан орнықтылық қоры» АҚ Басқарма төрағасы, Қазақстан гольф федерациясының вице-президенті Ерболат Серікұлы ОСПАНОВ дүниеге келді.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Математика» мамандығы бойынша, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Қаржы және несие» мамандығы бойынша, Лос-Анжелес университетін (UCLA, Калифорния) МБА бағдарламасы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 2019 жылдан бастап «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ Басқарма Төрағасы қызметін атқарды. Әр кезеңдерде ол «KMG Kashagan B.V.» ЧКОО-да сыртқы байланыстар жөніндегі директордың орынбасары, «Аджип Казахстан Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» жергілікті қамтуды дамыту департаментінің директоры, «ҚазМұнайГаз» сауда үйінің Астана филиалы директорының орынбасары, «Алма-Трейдинг» ЖШС атқарушы директоры, «Казахинстрах» ЖАО Басқарма Төрағасы, «Промышленная страховая группа» ААҚ Президенті, 2017-2019 жылдары «Қазақстан Ипотекалық Ұйымы» ИҰ» АҚ тәуелсіз директоры (СЕО), 2019-2020 жылдары «Баспана Ипотекалық Ұйымы» АҚ Басқарма төрағасы қызметтерін атқарды.
2020 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.
52 жыл бұрын (1973) танымал журналист Бағдад Болатжанұлы ҚОЖА-АХМЕТ дүниеге келді.

Алматы облысы Панфилов ауданы Ақжазық ауылында туған. Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірген.
Еңбек жолы: 1992-1996 жылдары «Қазақстан», «Астана», «Хабар» телеарналарында диктор, ақпараттық-талдау бағдарламасының жауапты редакторы, продюсер, бас редактор және көптеген радио және теле жобалардың авторы болды. 1998-1999 жылдары Алматы қаласы әкімдігі аппаратының баспасөзхатшысы, 2000 жылдары «Астана» радиосында редактор, 2000-2002 жылдары «Астана телевизиясы және радиосы» Республикалық корпорациясында «Таңшолпан», «Ақшам» ақпараттық бағдарламаларының шығарушысы, жауапты редакторы, 2002-2006 жылдары «Астана қалалықтелевизиясы» ЖШС жаңалықтар қызметінің редакторы, басшысы және бас редакторы, 2005-2006 ҚР ІІМ Ақпарат және қоғаммен байланыс орталығының бастығы, 2006-2008 жылдары ҚР ІІМ тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы болды.
Одан кейінгі жылдары «Қазақстан халық банкі» АҚ қоғаммен байланыс және маркетинг департаментінің директоры, «Рейтинг плюс» PR-агенттігінің бас директоры болып қызмет атқарды. 2011-2018 жылдары «31 арна» телеарнасының бас директоры болды. 2020 жылы ҚРДенсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі болып қызмет атқарды. 2021-2022 жылдары «Turkistan» телеарнасының директоры қызметін атқарды.
2004 жылы халықаралық «Вместе» телефорумында «Үздік бағдарлама жүргізушісі» атанды. «Айбын» орденінің иегері. 2022 жылдан бастап ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары.
44 жыл бұрын (1981) Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің басшысы Айгүл Құмарқызы ТҮКТІБАЕВА дүниеге келді.

Павлодар облысында туған. 2002 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген.
Еңбек жолы: 2003-2005 жылдары Павлодар облысы Әділет департаментінің жетекші маманы, 2005 жылы Павлодар облысы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және халыққа заң қызметін көрсету бөлімінің бас маманы, 2005-2013 жылдары Павлодар облысы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және халыққа заң қызметін көрсету бөлімінің бастығы, 2013-2021 жылдары Павлодар облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары, 2021-2022 жылдары ҚР Әділет министрлігі Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу департаменті директорының орынбасары лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметін 2022 жылдың қаңтарынан бастап атқарып келеді.
40 жыл бұрын (1985) ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Аппарат басшысы Алмас Серікұлы ИСАКОВ дүниеге келді.

Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті мен Ұлыбританиядағы Экзетер университетін бітірген (University of Exeter), "Болашақ" Президенттік бағдарламасының стипендиаты.
Еңбек жолын 2009 жылы Астана қаласы бойынша Кедендік бақылау департаменті маманының м.а. қызметінен бастаған. 2010-2012 жылдары Алматы қаласы бойынша Салық департаментінің бас маманы болып жұмыс істеген. 2012-2014 жылдары ҚР Қаржы министрлігі мен Экономикалық даму және бюджеттік жоспарлау министрлігінде сарапшы және бас сарапшы лауазымдарын атқарған. 2015-2019 жылдары салық және кеден саясаты Департаменті салық саясаты басқармасының басшысы, кейін ҚР Ұлттық экономика министрлігінде кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау Департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 2019 жылы Ақпараттық-талдау орталығының жедел талдау секторының меңгерушісі және ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің жобалық басқару орталығының бас инспекторы лауазымдарын атқарған. 2019-2021 жылдары ҚР Сауда және интеграция министрлігінің стратегия департаментінің директоры, 2021-2023 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің қаржы нарықтары секторының меңгерушісі болып жұмыс істеді.
Қазіргі лауазымын 2023 жылғы қаңтар айынан бері атқарып келеді.
122 жыл бұрын (1903-1970) Қазақстандағы музыка аспабын жасаушы шебер Эммануил Иосифович РОМАНЕНКО дүниеге келген.

Алматы қаласында туған. 1930-ы жылдардың басында Ахмет Жұбановтың шақыруымен Эммануил Иосифович өзінің бауыры Бориспен бірге Қазақстанға келіп, осында жұмыс істеп, өмір сүруге қалады. Ол заманауи стандарттары сақталған қазақ домбырасын құрастырушы болып отыр. Осының негізінде қазақтың көптеген шеберлері домбыраны бүгінгі түрінде жасап, оны әлемге де танытып жүр. 1932 жылы Алматы музыка драма театрының шеберханасында қазақ музыка аспаптарының алғашқы үлгілерін жасаған. 1933 жылы алғаш рет музыкалық-эксперименталдық шеберхана ашылып, онда Эммануил бауыры Бориспен, павлодарлық шебер Құмар Қасымовпен, сондай-ақ композитор Е. Брусиловскиймен бірге жұмыс істеді. 1942 жылы Қазақ мемлекеттік филармониясының шеберханасына ауысқан. Мұнда ол Қазақ академиялық халық аспаптары оркестрі үшін домбыра мен қобыздың түрлерін жасап шығарған. 1952 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерватория) музыкалық-эксперименталдық шеберханасында еңбек еткен. Романенко домбыра мен қобызды жетілдіруге мол үлес қосқан.
101 жыл бұрын (1924-2013) әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, «Халық қаһарманы», Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының құрметті азаматы Сағадат Қожахметұлы НҰРМАҒАМБЕТОВ дүниеге келген.

Ақмола облысының Ақкөл ауданында туған. 1943 жылы Кушка қаласындағы (Түрікменстан) пулемет училищесін бітіргеннен кейін майданға жіберілді. Солтүстік Кавказ, 4-ші Украин және 1-ші Беларус майдандарында взвод, рота және батальон командирі болып, Польша жерінде Пилица өзенінің сол жағалауындағы плацдарм үшін болған ұрыста ерекше ерлік көрсетті. 1949 жылы Мәскеудегі Әскери академияны бітіріп, Түркістан әскери округі штабында істеді. 1954-1958 жылдары мотоатқыштар полкінің командирі. 1958-1961 жылдары мотоатқыштар дивизиясының штаб бастығы. 1962-1969 жылдары Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы. 1969-1989 жылдары Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік әскери тобы қолбасшысының бірінші орынбасары. 1991-1992 жылдары ҚР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы. 1992-1995 жылдары Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі. 1995-1996 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі қызметін атқарды. С.Нұрмағамбетов Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында аумақтық тұтастықты қамтамасыз етуде, республиканың Қарулы күштерін құруда, ұлттық кадрларды даярлауда үлкен еңбек сіңірді. 1999 жылы наурызда Астана қаласында генерал Сағадат Нұрмағанбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі құрылды. Тәуелсіз еліміздің қарулы күштерінде қызмет ететін болашақ сарбаздар осы мектеп қабырғасынан тәрбиеленіп шығады. «Ленин», 2 мәрте «Қызыл жұлдыз», 1,2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет белгісі», «Қазан төңкерісі», 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Отан» ордендерімен, медальдармен, шет ел орден-медальдарымен марапатталған.
89 жыл бұрын (1936-2021) белгілі қазақстандық археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сайден Жолдасбайұлы ЖОЛДАСБАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан ҰҒА Тарих, археология және этнография институтының аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолы: Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жұмыс істеді. Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде. әл-Фараби атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті кафедрасының меңгерушісі. Қожа Ахмет Яссауи, ғылыми-зерттеу орталығының директоры.
Ғылыми қызметінің негізгі бағыттары XV-XVIII ғасырлардағы қазақ халқының мәдениетін зерттеумен, Жетісу тарихымен, палеоэтнографиялық ерекшеліктерін зерттеумен байланысты. Ол Қазақстанда алғашқылардың бірі болып палеоэтнографиялық зерттеулер бойынша экспедиция ұйымдастырды. С.Жолдасбаев 250-ден астам қыстақта зерттеу, сондай-ақ 400-ге жуық мекен-жайда қазба жұмыстарын жүргізді. Оның назарында ХV-ХVІІІ ғасырлардағы археологиялық материалдар болды.