25 мамыр. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 25 мамырға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

25 мамыр, ЖҰМА

Алматыда субұрқақтар мерекесі.
2005 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі. Алматы қаласы әкімінің қаулысымен бекітілген.

Африканың азаттық күні. 1963 жылы  Эфиопия астанасы  Аддис-Абебада Африка елдері басшыларының І конференциясы болып өтті. Кездесу нәтижесінде Африка елдерінің бірлігі ұйымы құрылды. БҰҰ-ның шешімімен бұл күн - Африканың азаттық күні деп жарияланды.

Өзін-өзі басқармайтын аумақтар халықтармен ынтымақтастық апталығы (мамырдың 25-31-і аралығы). (БҰҰ-ның халықаралық күні)

Иордания Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. Иордания - Батыс Азияда орналасқан мемлекет. Шекарасы Иракпен, Израилмен, Сауд Арабстанымен және Сириямен шектеседі. Әкімшілік жағынан 8 аймаққа бөлінеді. Астанасы - Амман қаласы. Ақша бірлігі - иордан динары. Ресми тілі - араб тілі. Иордания - Конституциялық монархия. Заң шығарушы органы екі палаталы ұлттық жиналыс. Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимиттік Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы ақпанның 8-інде орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

20 жыл бұрын (1992) Орал қаласында Батыс Қазақстан облыстық суретшілер бөлімшесі құрылды.

16 жыл бұрын (1996) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  Малайзияға ресми сапары басталды. Осы сапар барысында екі ел арасында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

14 жыл бұрын (1998) Алматыда Әлібек Дінішев театры ұйымдастырған 1-ші Халықаралық әншілер байқауы өтті.

6 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірлігінде Қазақстан Республикасының Елшілігін ашу туралы Жарлыққа қол қойды.

6 жыл бұрын (2006) Атасу-Алашаңқай мұнай құбырын толтыру аяқталды. Оның құрылысы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы арасында 2004 жылғы мамырдың 17-сінде жасалған Атасу-Алашаңқай мұнай құбырын салудың негізгі ұстанымдары туралы Келісімге сәйкес жүзеге асырылды. Құбырды толтыруға қажет технологиялық мұнайдың көлемі 400 мыңнан астам тоннаны құрады. Мұнай құбырын толтыру салтанаты 2005 жылғы желтоқсанның 15-інде басталған болатын. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының Астанадағы орталық диспетчерлік басқару ғимаратынан мұнай құбырларын автоматты бақылау және басқару жүйесі көмегімен іске қосты. Атасу-Алашаңқай мұнай құбырының ұзындығы - 962,2 шақырым, құбыр диаметрі 813 миллиметр. Оның жобалық өткізу қабілеттілігі - жылына 20 млн.тонна, соның ішінде алғашқы кезеңінде жылына 10 млн. тонна мұнай өткізе алады. Мұнай құбыры Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарын басып өтіп, ҚХР аумағындағы Алашаңқайға жетеді. Атасу-Алашаңқай мұнай құбырын салуды аяқтау және оны пайдалануға беру - Қазақстан Республикасының көп салалы экспорттық мұнай тасымалдау инфрақұрылымының тағы бір маңызды кезеңі болмақ.

7 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырының әзірбайжандық учаскесін тапсыру салтанатты рәсіміне қатысты. Сонымен қатар бұл шараға Түркияның Президенті Ахмет Неждет Сезер, Грузияның Президенті Михаил Саакашвили және Әзірбайжанның Президенті Ильхам Әлиев қатысты.

3 жыл бұрын (2009) Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Өнегелі адамдардың өмірі» сериясы бойынша «Абай» кітабының таныстырылымы өтті.

«Абай» кітабының авторы - ресейлік танымал жазушы, сыншы, әдебиеттанушы, «Культура» баспасының бас редакторы, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Николай Аркадьевич Анастасьев. Н.Анастасьев сондай-ақ, «Өнегелі адамдардың өмірі» сериясы бойынша жарық көрген қазақстандық әдебиеттің классигі, ақын және ағартушы Абайдың шығармашылығын зерттеуші Мұхтар Әуезов туралы биографиялық кітаптың да авторы.

Шара аясында Н.Анастасьевке «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атағы берілді.

«Өнегелі адамдар өмірі» сериясымен көркем-өмірбаяндық кітаптарды шығарудың негізін 1890 жылы орыс ағартушысы Ф.Павленков қалады. Кейін 1933 жылы М.Горкийдің бастамасымен бұл серия бойынша кітаптар қайта шыға бастады. 1938 жылы «Өнегелі адамдар өмірі» сериясы «Молодая гвардия» басылымының иелігіне берілді. Бұл серия бойынша жыл сайын 20-30 өмірбаяндық кітап шығарылады. Олардың мазмұны ХХ ғасырдың 50 жылдардында жарияланған басты үш қағидаға негізделген: ғылыми дәлдік, жоғары әдеби деңгей және қызықтылық.

81 жыл бұрын (1931) Алматы округінің аумағында Балқаш ауданы құрылды.

ЕСІМДЕР

109 жыл бұрын (1903-1970) Қазақстандағы музыка аспабын жасаушы шебер РОМАНЕНКО Эммануил Иосифович дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 1932 жылы Алматы музыка драма театрының шеберханасында қазақ музыка аспаптарының алғашқы үлгілерін жасаған. 1942 жылы Қазақ мемлекеттік филормониясының шеберханасына ауысқан. Мұнда ол Қазақ академиялық халық аспаптары оркестірі үшін домбыра мен қобыздың түрлерін жасап шығарған. 1952 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) музыкалық-эксперименталдік шеберханасында еңбек еткен. Романенко домбыра мен қобызды жетілдіруге мол үлес қосқан.

84 жыл бұрын (1928-2004) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ КСР Министрлер кеңесі сыйлығының лауреаты БАЛҒОЖИН Шәбден Әбділғаппарұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ тау-кен металлургия институтын бітірген. Қазақ политехникалық институтының оқытушысы, профессор болған. 1974-2004 жылдары - Қазақстан ғылым академиясы Тау-кен ісі институты директорының орынбасары, директоры, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 260-тан астам ғылыми еңбектің авторы. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері көмір шахталарындағы кен қазбаларын бекіту мәселелерінің теориялық негіздеріне, кен жұмыстарын жаппай электрлендіруді жетілдіруге арналған. Ол Қарағанды шахталарынан көмірді алудың тиімді әдістерін өндіріске енгізуді, шахталарды метан газынан тазалау және оны энергетикалық шикізат көзі ретінде пайдалану жолдарын ұсынды.

«Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

84 жыл бұрын (1928-1999) музыкатанушы, педагог, өнертану ғылымының кандидаты БАЙҒАСКИНА Әсия Есімқызы дүниеге келді.

Ташкент қаласында туған. Алматы консерваториясын бітірген. 1948-1954 жылдары - Алматы хореографиялық училищесінің оқытушысы. 1954 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы консерваториясының (Қазіргі ұлттық консерваториясы) оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, гармонио және сольфеджио кафедрасының меңгерушісі, профессоры, аға ғылыми қызметкері болған.

103 жыл бұрын (1909-2007) Қазақстан мұнай индустриясының ардагері, КСРО-ның құрметті мұнайшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Ақтау қаласының құрметті азаматы ӨТЕБАЕВ Сафи дүниеге келді.

Атырау облысында туған. Баку мұнай институтын бітірген. Оқуын аяқтағаннан кейін «Ембімұнай» бірлестігі Мақат, Құлсары, Комсомольск мұнай басқармаларының инженері, бастығы қызметтерін атқарған. 1945-1951 жылдары - Қазақстан Компартиясы Жылой аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1951-1957 жылдары - «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бастығы. 1957-1965 жылдары - Атырау, Батыс Қазақстан халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы. 1965-1971 жылдары - «Қазақстанмұнай», «Маңғыстаумұнай» бірлестіктерінің директоры. 1971-1980 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті Техникалық ақпарат ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары қызметін атқарған.

Ол Құлсары, Прорва, Кеңқияқ, Қаратон, Мұнайлы, Жетібай, Өзен мұнай кен орындарын ашқан. Мұнай өнеркәсібін дамыту бойынша 30-дан астам еңбектің және 2 естелік кітаптың авторы.

I дәрежелі «Барыс», «Отан», «Ленин», «Қазан төңкерісі», II дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

88 жыл бұрын (1924) әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, «Халық қаһарманы», Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы НҰРМАҒАНБЕТОВ Сағадат Қожахметұлы дүниеге келді.

Ақмола облысының Ақкөл ауданында туған. 1943 жылы Кушка қаласындағы Түркістан пулемет училищесін бітіргеннен  кейін  майданға жіберілді. Солтүстік Кавказ, 4-ші Украин және 1-ші Беларус майдандарында взвод, рота және батальон командирі болып, Польша жерінде Пилица өзенінің сол жағалауындағы плацдарм үшін болған ұрыста ерекше ерлік көрсетті. 1949 жылы Мәскеудегі  Әскери академияны бітіріп, Түркістан әскери округі штабында істеді. 1954-1958 жылдары - мотоатқыштар полкінің командирі. 1958-1961 жылдары - мотоатқыштар дивизиясының штаб бастығы. 1962-1969 жылдары Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы. 1969-1989 жылдары - Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік әскери тобы қолбасшысының бірінші орынбасары. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы. 1992-1995 жылдары - Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі. 1995-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің  кеңесшісі қызметін атқарды.

С.Нұрмағанбетов Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында аумақтық тұтастықты қамтамасыз етуде, республиканың Қарулы күштерін құруда, ұлттық кадрларды даярлауда үлкен еңбек сіңірді. 1999 жылы наурызда Астана қаласында генерал Сағадат Нұрмағанбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі құрылды. Тәуелсіз еліміздің қарулы күштерінде қызмет ететін болашақ сарбаздар осы мектеп қабырғасынан тәрбиеленіп шығады.    

«Ленин», 2 мәрте «Қызыл жұлдыз», 1,2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет белгісі», «Қазан төңкерісі», 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Отан» ордендерімен, медальдармен, шет ел орден-медальдарымен марапатталған.

78 жыл бұрын (1934) биология ғылымының докторы, профессор ҚОНАЕВА Рауза Меңліахметқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Қазақстан Ғылым академиясы Ботаника институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі қымзеттерін атқарған. 1983 жылдан Қазақстан Ғылым академиясы М.Айтқожин атындағы Молекулярлық биология және биохимия институтының  зертхана меңгерушісі болған.

77 жыл бұрын (1935-1990) жеңіл атлетикадан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері ҚОСАНОВ Ғұсман Ситтықұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтын (Қазақ мемлекеттiк спорт және туризм академиясы) бітірген.

4х100 метрлік эстафеташылар жарысынан 17-Олимпиялық ойындардың күміс жүлдегері (Рим, 1960), КСРО чемпионатының 4х100 метрлік эстафеташылар жарысының жеңімпазы (Киев, 1960), 100 метрге жүгіруден КСРО чемпионатының күміс жүлдегері (Днепропетровск, 1966), КСРО - АҚШ матчының 4х100 метрлік эстафеташылар жарысының жеңімпазы (Киев, 1965) болды. 1967 жылдан жаттықтырушылық қызметпен айналысқан.

Қосанов құрметіне арналған жеңіл атлетикадан «Қосанов Мемориалы» атты халықаралық жарыс 1991 жылдан бастап өткізіліп келеді.

Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.

106 жыл бұрын (1906-1971) Өзбекстанда тұратын қазақ диаспорасының музыкалық-поэтикалық мұрасын жинап насихаттаушы, орындаушылық дәстүрді жалғастырушы, әнші (баритон), ақын, композитор ДҮРБАЕВ Құтбай дүниеге келді.

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туған. Оның «Құтбайдың өзімен таныстыруы», «Құтбайдың Нартайға айтқаны» деген термелерін өнер зерттеуші Т.Бекхожина жазып алып, «Қазына» атты этнографиялық жинағында жариялаған. «Кенжеқожаның термелері», «Кенжеқожаның ақындарға берген сыны», т.б. термелер Құтбайдың орындауында нотаға түскен. Оның репертуарындағы «Аю мен адамның достығы», «Мерт болған жолбарыс» «Қазақтың 200 әні», «Қазақтың музыкалық фольклоры» жинақтарына енген. Оның түрікмен халқының аса көрнекті ақыны Мақтымқұлының сөзіне жазылған «Сұлу» («Қалқа») атты әні халыққа кең танымал.

76 жыл бұрын (1936) жазушы ЖАҢБЫРОВ Мамытбек дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс ауданында туған. Ташкент несие-қаржы техникумын, қаржы-экономикалық институтын бітірген. 1959-1961 жылдары - Арыс қаласындағы мемлекеттік банктің экономисі. 1961-1965 жылдары - Арыс, Түркістан аудандарында бақылаушы-тексеруші. 1965-1968 жылдары - Түркістан аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің инспекторы. 1968-1977 жылдары - Келес ауданында бақылаушы-тексеруші. 1977-1981 жылдары - Бөген аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі. 1981-1990 жылдары - Шымкент қалалық автокөлік мекемесінің бас есепшісі. 1990-1998 жылдары - Қаржы бақылау басқармасының бас бақылаушысы. 1998 жылдан бастап зейнет демалысына шыққан. Жазушының «Өмір өткелдері», «Тағдыр», «Кенжебай баба ұрпақтары-қазаяқ көлеген шежіресі», «Арпалыс» атты прозалық кітаптары бар. 

 76 жыл бұрын (1936) Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор ЖОЛДАСБАЕВ Сәйден дүниеге келді.

Алматы облысының Ұйғыр ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан ҒА Тарих, археология және этнография институтының аспирантурасын бітірген. Қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушы болған. Қазіргі қызметінде 2002 жылдан бастап істейді. Негізгі ғылыми еңбектері XV-XVIII ғасырлардағы қазақ халқының материалдық мәдениетін, Жетісу өлкесінің тарихын, палео-этнографиялық ерекшеліктерін зерттеуге арналған.  

56 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, запастағы полковник ТӘҢІРБЕРГЕН Саидмұрат Бапанұлы дүниеге келді.

Өзбекстанның Ташкент қаласында туған. Қазақ политехника институтын бітіріп, осы институтта аға ғылыми қызметкер, оқытушы болған. 1983-1992 жылдары - Бүкілодақтық арматура жасау ғылыми-зерттеу институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, инженер технологы, сектор, зертхана, бөлім меңгерушісі, «КЭМПО» корпорациясының бас маманы, бөлім меңгерушісі. 1992-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Экономика министрлігінің Экономика жөніндегі мемлекеттік комитеті бөлімінің бастығы, Қорғаныс бағдарламалары басқармасының бастығы, осы министрлік жанындағы Мемлекеттік сатып алу жөніндегі агенттіктің директоры. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформа агенттігінің Стратегиялық жоспарлау департаменті директорының орынбасары, директоры. 1999-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі аппараты Халықаралық әскери ынтымақтастық департаментінің бастығы. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің сектор меңгерушісі, хатшылық меңгерушісінің орынбасары. 2004 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшылығы сыртқы және әскери қауіпсіздік бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. Қазіргі қызметінде 2005 жылдың наурызынан бастап істейді.

Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасымен марапатталған.

 

Соңғы жаңалықтар