2,5 млн-нан асады: Алматы облысы туристік рекорд орнатты

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысында туристік ағымның рекордтық өсімі тіркелді, деп хабарлайды Алматы облысының әкімдігі.

Көлсай
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Әкімдік атап өткендей, 2025 жылы өңірге 2,5 миллионнан астам адам келді — бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 40%-ға көп.

Демалушылар арасында ең танымал бағыттардың бірі дәстүрлі түрде Қапшағай су қоймасы болып отыр: биылғы жазда мұнда шамамен 1 миллион 800 мың турист тынықты. Қалғандары өңірдің табиғи інжу-маржандарын — Көлсай көлдері, Шарын шатқалы және Іле-Алатау ұлттық саябағын таңдады.

туризм
Фото: Алматы облысының әкімдігі

— Алматы облысы туризм саласында жоғары әлеуеті бар аймақтардың бірі ретінде өз мәртебесін тұрақты түрде сақтап келеді. Мұнда туристік ағым маусымға қарамастан бәсеңдемейді. Биыл шетелдік туристер саны 12%-ға, ал ішкі туризм 25%-ға артқан, — делінген хабарламада.

Алматы облысының туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлының айтуынша, биыл өңірдегі үш ұлттық саябақ — «Іле Алатауы», «Көлсай көлдері» және «Шарын» — 700 мыңнан астам адамды қабылдаған.

Қапшағай су қоймасының жағалауы — Қонаев қаласы үлкен сұранысқа ие. Жазғы маусымда мұнда 1,8 миллионнан астам турист келіп, жағажайлық демалыстың рақатын көрді. Сондай-ақ биыл оқиғалы туризм белсенді дамып, жақсы нәтижелер көрсетті.

Қонаев
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Шетелдік қонақтар арасында Көлсай көлдері, Шарын шатқалы және Іле-Алатау ұлттық саябағы ерекше танымал. 2025 жылдың тоғыз айында бұл үш нысанға 700 мыңнан астам адам барып, олардың 530 мыңы Көлсай көлдеріне келген. Әр үшінші келуші — шетелдік турист.

Биыл аймаққа Үндістаннан, Парсы шығанағы елдерінен және Ресейден көптеген қонақ келді.

Түркиядан келген турист Мерт Фуркан өз әсерімен бөлісті.

— Мұнда өте әдемі, маған ұнады. Біздің Түркияда ұқсас жер бар — Узынкөл, бірақ мұндағы табиғат байырақ: жасыл желек көп, суы таза әрі мөлдір. Мен бұл жерлерді көптен көргім келген — бұл ата-бабамыздың жері. Түркі халықтарына осы өңірге келіп, өз көздерімен көруді кеңес беремін, — деді Фуркан.

Туристік ағымның өсуіне инфрақұрылымды дәйекті дамыту ықпал етті. 2025 жылы туристік бағыттарды абаттандыруға 171 миллион теңге бөлінді. Жұмыстар «Көлсай көлдері», «Іле-Алатау» ұлттық саябақтарында және Қонаев қаласында жүргізіліп жатыр.

Бұл жерлерде пирстер, экосатылар, кіреберіс топтар мен от жағу аймақтары орнатылып, металл қаңқалы жаңа серуендеу соқпақтары салынды. Бұл шаралар демалушыларға қолайлы жағдай жасауға және өңірдің тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Осыған дейін Қазақстанда туризмді дамытудың негізгі әлеуеті аталды.

Соңғы жаңалықтар