2,5 млрд теңге: 5 мыңнан астам баланың алименттік қарызы өндірілді
АСТАНА. KAZINFORM - Прокуратураның қадағалау қызметінің басым бағыттарының бірі – жалақы мен алимент өндіру.
Елорда прокуратурасының үйлестіруімен сот орындаушылары жалақы бойынша борышкерлерден 320 млн теңгені өндіріп, 160 жұмысшының құқығын қорғады.
5 мыңнан астам баланың 2,5 млрд теңгеге алименттік қарызы өндірілді. Қалалық прокуратура борышкерлердің сот актілерін орындаудан жалтару фактілерін анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Мысалы, 1 млрд теңгеден астам қарызы бар 500 аса борышкер құмар ойындарға (букмекерлік кеңселер, казинолар, онлайн казинолар арқылы) 1,5 млрд теңге айналымымен қатысқан.
8 млн теңге қарызы бар басқа 2 борышкер курьерлік жеткізу қызметінде жұмыс істеп жүріп кірістерін жасырған. 10 борышкер 230 млн теңгені құрайтын кәсіпкерлік қызметтен түскен кірістен 50 млн теңге көлемінде қарызын өтемеген.
Аталған заңбұзушылықтар бойынша қалалық прокуратура 38 сотқа дейінгі тергеп-тексеруге бастамашылық жасады, 14 борышкер сотталды, 165 - әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сондай-ақ енгізілген прокурорлық қадағалау актісі бойынша уәкілетті орган оларды жою шараларын қабылдап жатыр.
Атырауда алимент төлемей жүргендер құмар ойынға қыруар қаржы аударғанын жазған болатынбыз.