25 наурызда елдегі қай жолдар ашық, қайсысы жабық
АЛМАТЫ. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлады.
Ұлттық компанияның мәліметінше, келесі учаскелерде барлық көлік түрі үшін қозғалыс ашылды:
Қарағанды облысы
• «Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды — Шідерті» автожолының 970-1135-шақырым аралығы (Қарағанды қаласы — Павлодар облысының шекарасы).
Павлодар облысы
• «Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды — Шідерті» автожолының 1135-1206-шақырым аралығы (Қарағанды облысының шекарасы — Шідерті кенті).
Жабық жолдар
Ақмола облысы
• «Астана — Қарағанды — Алматы» автожолының 30-92-шақырым аралығы (Жібек Жолы ақылы жол пункті — Қарағанды облысының шекарасы).
Солтүстік Қазақстан облысы
• «Тимирязево — Сарыкөл — Қостанай облысының шекарасы» автожолының 0-30-шақырым аралығы (Тимирязево ауылы — Қостанай облысының шекарасы).
Павлодар облысында «Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолындағы «Қалқаман» жолайрығы учаскесі (Қалқаман кентіне кіреберіс пен Астана бағытына шығар жол) жабық тұр.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы Осинов асуында тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен — Алтай — Катонқарағай — Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы — Серебрянск қаласы) учаскесінде қысқы маусым аяқталғанша сақталады.
Еске салайық, «Қазгидромет» 25 наурызда еліміздің бірнеше өңірінде ауа райына байланысты ескерту жасады.