25 НАУРЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 25 наурыз. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 25 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

25 НАУРЫЗ, СЕЙСЕНБІ

Грекия Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1821). Грекия Республикасы Еуропаның оңтүстік-шығысында, Балқан түбегінің оңтүстігі мен соған шектесіп жатқан Ион, Жерорта және Эгей теңіздеріндегі ұсақ аралдарда орналасқан мемлекет. Астанасы - Афины қаласы. Ресми тілі - грек тілі. Ақша бірлігі - драхма. Халқының көпшілігі христиан дінінің православие тармағын ұстанады. Ел аумағы әкімшілік-аумақтық жағынан 51 номға бөлінеді. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - бір палаталы парламент. 1975 жылғы маусымның 11-де қабылданған ел Конституциясы бойынша, Грекия президент басқаратын парламенттік республика болып табылады.

Қазақстан Республикасы мен Грекия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қазанның 1-де орнатылды.

Халықаралық құлдық құрбандарын және трансатлантикалық құл саудасын еске алу күні. Құлдықта және құлдықтан азат ету үшін күресте қаза болғандарды құрметпен еске алу мақсатында - БҰҰ Бас Ассамблеясы 2006 жылғы қарашада 2007 жылғы наурыздың 25-інде трансатлантикалық құл саудасын жоюдың 200 жылдығын мерекелеудің Халықаралық күні ретінде атап өтуге қаулы қабылдады. 2007 жылдың соңында БҰҰ Бас Ассамблеясы қарар қабылдап, мемлекеттерді жыл сайын наурыздың 25-ін Халықаралық құлдық құрбандарын және трансатлантикалық құл саудасын еске алу күні тұрғысында атап өтуге шақырды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

8 4 жыл бұрын (1930) Балқаш көліне іргелес Бәрібаев, қазіргі Балқаш ауданына қарасты Бақалы жерінде Бәрібаев шаруалар көтерілісі болды. Кеңес өкіметінің ұжымдастыру, жаппай қуғын-сүргін саясаты мен ашаршылық қаупіне шыдамаған жергілікті шаруалар ұйымдасқан қарсылыққа шықты. Бақалы ауыл тұрғындары Құсмади Ахметжанов, Құрамыс Ибрагимов, Жақыпбай Сауқымбаев 100-ден астам адамды ұйымдастырып, көрші ауылдарға үгітшілер жіберді. Көтерілісшілер отрядқа бірігіп, Бақалы коммунасын басып алды, ауылдық кеңесті таратып жіберді. Елден күшпен жиналған 100 пұт астықты, 100 бас жылқыны, басқа да мал мен мүлікті жұртқа таратып берді. Алматы мен Семейден әскер күшін шақыртпау үшін көтерілісшілердің арнайы тобы Балқаш жағындағы телефон байланысының сымдарын үзіп, темір жол табанының алты буынын босатып, алып тастады. Мыңқұм деген жердегі 10 ауылды басып алды. Көтеріліс басшысы Құсмади Ахметжанов Қытай шекарасынан өтіп кеткен босқындармен, Ақсу көтерілісшілерімен байланыс жасап, бірлесе қимылдауға тырысты. Бірақ әскер күштері алдын-ала шекараны нығайтып, оған жол бермеді. Шекарашылар Қытай жағынан көмекке келмек болған қазақ отрядын қолға түсірді. Бәрібаев ауданындағы көтерілісшілер ОГПУ-дің 50 адамдық қарулы жедел әскери отрядының күшімен басылып, 29 адам ату жазасына тартылды.

9 жыл бұрын (2005) Семей қаласындағы қарттар және мүгедектер үйінде жауынгерлік даңқ мұражайы ашылды. Ол соғыс ардагерлерінің қалалық кеңесі мен қарттар және мүгедектер үйі басшыларының қолдауымен құрылды. Мұражайда Ұлы Отан соғысы қатысушыларының суреттері, құжаттары және жеке заттары орын алған.

8 жыл бұрын (2006) Семейде «Құнанбайдың қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпағы» кітабы жарық көрді. Кітаптың авторы республикалық «Абай» қорының президенті Балтабек Ерсәлімов. Кітап сталиндік қуғын-сүргін жылдарындағы оқиғалар туралы баян етеді.

Б.Ерсәлімов «Абай» республикалық қорын - өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарында құрылғалы бері басқарып келеді. Кітап материалдарын ол 10 жыл бойы жинап, дайындаған. Бұл кітапта өткен ғасырдың 20-30-ыншы жылдарындағы ұжымдастыруға, ашаршылыққа және қуғын-сүргінге байланысты оқиғалар туралы деректі материалдар келтіріледі. Бұл басылым әдебиет үшін ғана емес, қазақ халқының тарихы үшін де үлкен маңызға ие, дейді кітаптың таныстырылымына қатысқан студенттер, зиялы қауым өкілдері және қала әкімшілігінің өкілдері.

7 жыл бұрын (2007) Ұлттық кітапханада «Жазушы» баспаханасынан қазақ тілінде «Әлемдік мәдениеттану ойы» атты он томдық жинақтың таныстырылымы болды.

Кітап еліміздегі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шығарылды.

Жинаққа отандық авторлардың шығармаларымен қатар, әлемдік мәдениеттану ойларының 200 классигі кiрдi. Олардың еңбектерiнiң аудармасына белгiлi әдебиетшi Әлия Бөпежанова, Таласбек Әсемқұлов, Самат Ибрагимов және тағы басқалар қатысты. Жинақтың құрастырушысы - мәдениеттанушы Альмира Наурызбаева.

4 жыл бұрын (2010) Токиода «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК мен Жапонияның «Sumitomo Corporation» компаниясы сирек металдар бойынша бірлескен «Summit Atom Rare Earth Company» (SARECO) кәсіпорнын құру туралы құжатқа қол қойды.

Бұл шара Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылы Жапонияға жасаған сапарының қорытындысы бойынша жүзеге асып отыр. Сирек металл кен орындарын игеру және олардың негізінде өндіріс жасау - елдің индустриялық-инновациялық дамуының жаңа бағыты. Ол жоғары технологиялық өндірістерді құруға және сирек металдар нарығында Қазақстанның өз орнын иеленуге мүмкіндік береді. Ал сирек металдардың әлемдегі ірі импортеры болып табылатын Жапонияға ішкі нарыққа сирек металдар элементтерін жеткізуді әртараптандыруда жол ашады.

Бас кеңсесі Өскемен қаласында орналасатын SARECO-ның 51 пайызы «Қазатомөнеркәсіптің», 49 пайызы «Sumitomo Corporation» үлесінде. Бұл кәсіпорынның басты мақсаты - жоғары қосымша құны бар сирек металдар өндірісі үшін сатылас ықпалдасқан компания құру.

Ол бастапқы кезеңде сирек металдар өндірісінің техникалық экономкалық негіздемесін әзірлеумен айналысады. Жобада тау-кен байыту кешенін, сирек металдар концентратының гидрометаллургиялық өндірісін, оларды жеке металл оксидтеріне бөлу бойынша химиялық өндірісті салу және пайдалануға беру қарастырылған. Олардың әлеуетті көздері ретінде уранның қалдық қоймалары, уран кендерінің жерасты шаймалау ерітінділері және сирек металдардың минералдық кен орындары пайдаланылады. Өз жұмысын шілде айында бастауды жоспарлап отырған кәсіпорын сондай-ақ, дайын өнімнің экспортын жүзеге асырады.

3 жыл бұрын (2011) Екібастұзда VІІ Халықаралық «Павлодар достарын шақырады» атты опера-балет өнері фестивалі ашылды.

2 жыл бұрын (2012) елбасы нұрсұлтан Назарбаев Кореяға жұмыс сапарымен келіп, Ядролық қауіпсіәздік жөніндегі екінші жаһандық саммитке қатысып, сөз сөйледі.

1 жыл бұрын (2013) Римде «Қазақстан - балалық шағымның аспаны» атты Қазақстанның Италиядағы мәдениет күндерінің салтанатты ашылуы болды.

1 жыл бұрын (2013) Алматыда «ALMALY.KZ» атты Халықаралық балалар өнер фестивалі өтті.

ЕСІМДЕР

14 8 жыл бұрын (1866-1937) - қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы БӨКЕЙХАНОВ Әлихан Нұрмұхамедұлы дүниеге келді. Орта жүз ханы Бөкейдің ұрпағы. Жасынан зерек, алғыр өскен Бөкейхановты әкесі Қарқаралыға алып барып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ ол молданың қолынан оқуды қанағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады. Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқыды. 1886-1890 жылдары Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны «техник» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. 1890-1894 жылдары Санкт-Петербордағы Орман институтының экономика факультетінде білім алды. 1896-1903 жылдары Щербина экспедициясының жұмысына қатысады. Экспедиция жұмыстары біткеннен кейін жиналған бай материалдарды іріктеп, өңдеп, ғылыми қорытындысын жазысты. Экспедицияның қорытындылары 1903-1905 жылдары жалпы көлемі 13 том болып жарыққа шықты. Бөкейханов 1905 жылы қарашада Мәскеуде өткен земство және қала қайраткерлерінің съезіне қатысты. Съезде қазақ халқының жоғын жоқтап сөз сөйледі. Сол жылы «Халық бостандығы» (конституциялық-демократиялық) партиясының мүшелігіне, ал 1906 жылы оның Орталық комитеті құрамына енді. Бөкейханов конституциялық-демократиялық партияның Қазақстандағы бөлімшесін ашуға ынта білдірді. 1906 жылы маусымда Семейде өткен қазақ сайлаушыларының съезінде Бөкейханов «Халық бостандығы» партиясының бағдарламасын қуаттап сөз сөйледі. Бөкейханов I Мемлекеттік думаға Семей облысы қазақтары атынан депутат болып сайланды. 1912-1917 жылдары Кадеттер партиясы Орталық комитетінің мүшесі болды. Кеңес билігі тұсында ол туған елі үшін белсенді қызметтен бас тартқан емес. 1920 жылы Қазақ АКСР Егіншілік халық комиссариаты алқасының мүшесі, 1922 жылы Ұлттар істері жөніндегі халық комиссариаты (Мәскеу) жанындағы Орталық баспаның ғылыми қызметкері, 1926-1927 жылдары Ресей Ғылым академиясының ғылыми қызметкері болды. 20-шы ғасырдың басындағы қазақ қоғамының саяси және рухани өмірінде «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне Бөкейханов зор еңбек сіңірді. Оның жетекшілігімен 1917 жылы шілдеде 1-ші жалпықазақ съезі өткізілді, сондай-ақ, «Алаш» партиясы құрылды. Бөкейханов 1917 жылдың күзі мен қысында мемлекеттік бостандыққа жетудің түрлі жолдарын қарастырды. Г.Потанин бастаған Сібір автономияшыларымен қарым-қатынас жасап, Сібір автономиясы құрыла қалған күнде Қазақстанның оның құрамына енуін жақтады. Бірақ, бүкіл империя көлемінде жағдайдың күн өткен сайын шиеленісе түсуіне байланысты, бұл пікірдің іске асуы екіталай еді. Міне, осындай жағдайда Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов бастаған бір топ қайраткерлердің ұсынысы мен ұйымдастыруы бойынша 1917 жылы желтоқсанның 2-13-і аралығында Орынбор қаласында қазақ мемлекеттігі туралы мәселені қараған жалпы қазақ съезі болып өтті. Съездің күн тәртібінде тұрған ең негізгі мәселе - кеңестік билікке қатынас жөнінде баяндаманы Бөкейханов жасады. Съезд қазақ облыстарын бүліншіліктен сақтау мақсатында уақытша «Ұлт Кеңесін» құрып, оның аты «Алашорда» болсын деген шешім қабылдады. 25 орыннан тұрған бұл үкіметтің төрағасы болып көпшілік дауыспен Бөкейханов сайланды. Бөкейханов Ресей императорлық география қоғамының қызметіне қызу араласты. 1896 жылы оның Батыс-Сібір бөлімінің мүшесі болды, ал 1901 жылы оның басқару комитетіне сайланды. Оның тарих саласында жазып қалдырған «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» атты алғашқы еңбегі 1903 жылы «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» деген көп томды альманахтың 17-ші томына еніп, Санкт-Петерборда жарық көрді. Шығармада қазақ өлкесінің тас дәуірінен бергі тарихы көрініс тапқан. Сонымен бірге қазақ даласының соңғы ғасырлардағы өмір-тарихын сипаттаған. Бөкейханов қазақ мемлекетінің пайда болуының тарихи кезеңдерін, даму заңдылықтарын да терең зерттеген. Бұған оның әр жылдары Ресей императорлық география қоғамы Батыс-Сібір бөліміне қараған Семей бөлімшесінің басылымдарында жарияланған «Из переписки (писем) киргизских ханов, султанов», «Из переписки хана Средней киргизской орды Букея и его потомков» және «Из бумаг султана Большой киргизской орды Сюка Аблайханова» атты ғылыми жарияланымдары куә бола алады. Бөкейханов назарынан Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт азаттық көтерілісі де тыс қалмаған. Оның бұл тақырыпта 1923 жылы Ташкентте «Материалы к истории султана Кенесары Касымова» атты кітапшасы шыққан. Бөкейханов халықтың ауыз әдебиеті мұраларынан үлгі алмай ұлттық әдебиеттің өркендеуі мүмкін емес деп түсінген. Ол ауыз әдебиеті туындыларын жинауға көп күш салды. Сондай-ақ қоғам қайраткері тұңғыш абайтанушы да болды. Абай шығармаларын жаңа заманның тынысы, лебі деп түсінді, қалыптасып келе жатқан қазақтың жаңа ұлттық әдебиетінің бастамасы деп бағалады. Абайдың өлеңдері мен нақыл сөздерін жинақтауға атсалысты. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің тұңғыш жинағын редакциялап, жинақтың 1909 жылы Санкт-Петерборда басылып шығуына қол ұшын берді. Бөкейхановтың кейінгі ұрпаққа қалдырған әдеби мұрасының ең көлемдісі-көркем аударма. Тәржімаларының ішінде орыстың классик жазушылары Л.Толстой, А.Чехов, В.Короленко, Д.Мамин-Сибиряктармен қатар, Еуропаның қаламгерлері, сондай-ақ, үнді, түркі тектес халықтардың әдеби шығармалары бар. Ол көркем аудармаларының басым көпшілігін 20-30-шы жылдары аралығында, КСРО халықтарының орталық баспасындағы Қазақ секциясының әдеби қызметкері болып қызмет етіп жүрген кезінде жасаған. Бөкейханов қазақ және орыс тілдерінде қатар жазған публицист. Оның қаламынан шыққан мақалалар Санкт-Петербордағы «Сибирские вопросы», «Биржевые ведомости», «Новая жизнь» секілді басылымдарда жиі шығып тұрған. Ол халықтың сана-сезімі мен ұлттық мәдениетін көтерудегі баспасөздің орасан зор маңызын бағалай білген

129 жыл бұрын (1885-1956) композитор, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ШАБЕЛЬСКИЙ Сергей Иванович дүниеге келді.

Украинаның Харьков қаласында туған. Харьков ерлер гимназиясын, Санкт-Петербор университетін, Санкт-Петербор консерваториясын бітірген.

1930 жылы Алматы қаласына қоныс аударған.

Қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры оркестрінің дирижері, эстрада оркестрінің (қазіргі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік теле-радио эстрадалық-симфониялық оркестрінің) пианисі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының музыкалық бөлімі жетекшісі, Алматы консерваториясының (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) оқытушысы қызметтерін атқарған.

Шабельский шығармаларын негізінен камералық-аспаптық жанрында жазған. Оның «Қазақ сюитасы», «Қазақстан» симфониялық поэмасы (Л.Хамидимен бірге), «Алатау», «Той бастар», «Амангелдіні еске түсіру», «Абай Құнанбайұлын еске түсіру» атты музыкалық шығармалары бар. Сондай-ақ «Түңгі сарын», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Ақан сері - Ақтоты», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» спектакльдеріне музыка жазды.

11 9 жыл бұрын (1895-1937) көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері НҰРМАҚОВ Нығмет дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Бастапқыда ауылда ашылған орыс мектебінде білім алып, кейін Қарқаралыдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін бітірген.

Омбы семинариясында оқып жүріп, сондағы білім алушы жастар Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Саматов, Әбілқайыр Досовтармен бірге «Бірлік» атты мәдени-ағарту ұйымын құрды. Ұйым мүшелері Ресей үкіметінің қазақ даласында жүргізіп отырған отаршылдық саясатына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізумен қатар, Омбы тұрғындарын қазақ халқының мәдениетімен таныстыру мақсатында әр түрлі кештер өткізіп тұрды.

1915 жылы Н.Нұрмақов Қарқаралыдағы өзі оқыған орыс-қазақ училищесіне оқытушы болып қызметке орналасты. 1917 жылы күзде «Дала одағы» ұйымын құрды. Ұйым патшаның қазақтарды қара жұмысқа алу туралы жарлығына қарсы үгіт жұмыстарын жүргізді. Көп кешікпей Колчак үкіметінің орнауына орай кеңес таратылып, ол бір топ жолдасымен тұтқынға алынды. 18 ай түрмеде отырып, талай қиындықты басынан өткерген ол 1919 жылы желтоқсанда босап шықты.

1920 жылдан бастап Қарқаралыда, сонан соң Семейде уездік, губерниялық атқару комитеттерінде бірқатар жауапты қызметтерде істеп, «Қазақ тілі» газетінің, «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы болды. 1922 жылы Орынборға ауысып, Қазақ өлкелік партия комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. Сол жылы қазан айында өткен Бүкілқазақтық кеңестердің 3-ші съезінде Қазақ атқару комитеті төралқасының құрамына сайланған оған Жоғары революциялық трибуналды басқару жүктелді. Қазақ трибуналы 1923 жылы ақпанның 19-ында РКФСР Жоғарғы сотының қазақ бөлімі болып құрылған тұста төрағалыққа тағы да Н.Нұрмақов бекітілді. Ал 1923 жылдың мамырында оған Әділет комиссары міндеті жүктелді және сол жылдың күзіне дейін Сот төрағасы қызметін қоса атқарды.

Ол әділет комиссары ретінде прокуратура және сот құрылысы ережелерін енгізді. Прокуратура және сот қызметкерлерінің білімін арттыру, білікті жаңа кадрларды қалыптастыру, оларды қызметке тұрақтандыру, жалақыларын өсіру, тұрмыстық жағдайларын жақсарту мәселелерін шешуде де оның табандылығының арқасында біраз жұмыстар атқарылды. Н.Нұрмақовтың басшылығымен сот-тергеу органдарында қазақ тілінде іс жүргізу қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылды. Сот қызметкерлерінің барлық санының 60 пайызға жуығын қазақтар құрады.

1924 жылдан өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Сол жылдардағы өмірге жолдама алған мемлекеттік маңызды құжаттардың бәрінде Н.Нұрмақовтың қолы тұрды. Бұл жылдарда Қазақстанның халық шаруашылығы құлаш жайып, Екібастұз, Қарағанды, Ембі, Балқаш өндіріс орындары елге таныла бастады. Оның Қазақстан үкіметінің басшысы ретінде республиканың аумақтық тұтастығы, өнеркәсіп құрылысы, қазақтарды жерге орналастыру мәселесі, құрғақшылық зардаптарына қарсы күрес, оқу-ағарту және мәдени даму, қазақтарды басқару ісіне тарту, ауыл шаруашылығын қалпына келтіру, т.б. салаларда атқарған қызметтері еліміздің өсіп-өркендеуіне, нығаюына белгілі әсерін тигізді. 1924 жылы Қазақ АКСР-і астанасын Орынбордан Қызылордаға, ал 1929 жылы Алматыға көшіру туралы шешімдерді қабылдауға тікелей қатынасып, ұйымдастыру жұмыстарын басқарды. Ол еліміздің тұңғыш конституциясы жобасын әзірлеу комиссиясының мүшесі, қазақ әліпбиін құрастыру комиссиясының төрағасы болды. Алғашқы қазақ драма театрын ашуға үлкен еңбек сіңірді.

Н.Нұрмақов Ф.Голощекиннің қазақ даласында «Кіші Қазан төңкерісін» жасау керек деген арандатушылық пікіріне және халық малын тәркілеуге бағытталған шараларына үзілді-кесілді қарсы болып, оған ашық қарсы шықты. Ф.Голощекинмен арадағы пікір қайшылығы оның үкімет басшысы қызметінен босап, Мәскеудегі БК(б)П ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберілуімен аяқталды. Мәскеуде ол Бүкілодақтық атқару комитеті хатшысының орынбасары және аз ұлттар бөлімінің меңгерушісі болды. Сібір, Повольженің аз халықтар тұратын аудандарын аралап, қызмет жасады.

Көрнекті қоғам қайраткері 1937 жылдың қуғын-сүргініне алғашқылардың бірі болып ілінді. Кейін Алматыда, Қарағандыда Н.Нұрмақовтан «тапсырма» алып отырған О.Исаев, А.Асылбековтардың ұйымдары табылды деген жаламен тұтқынға алынды. Мәскеу мұрағатының анықтамасына қарағанда Н.Нұрмақов 1937 жылы маусымның 3-інде Мәскеудегі пәтерінде тұтқындалып, қыркүйектің 27-інде «айыбын мойнына алып», «үштіктің» үкімімен 15 минутта тағдыры шешіліп, 42 жасында атылған. Қоғам қайраткері 1958 жылы тамыздың 11-інде КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының шешімімен ақталды.

1928 жылы оның саяси-әлеуметтік тақырыптарға арналған мақалалар жинағы «Строительство Казахстана» деген атпен және 1934 жылы Мәскеуде «Состояние и задачи работы среди национальных меньшинств РСФСР» деп аталатын еңбектері жарық көрді.

Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Қарқаралы қалаларындағы көшелерге, Қарағанды қаласындағы 2-ші мектеп-интернатқа Н.Нұрмақов есімі берілген. Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта, туған ауылында ескерткіш орнатылған.

80 жыл бұрын (1934-2009) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Саха Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Саха Республикасы Мемлекеттік сыйлығы мен Эрлик Эристин атындағы әдеби сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағы С.Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері, Қазығұрт ауданының құрметті азаматы ТҰРСЫНҚҰЛҰЛЫ Қалаубек дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында туған. Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Оңтүстік Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің хатшысы, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының ұйымдастыру жөніндегі хатшысы, Мемлекеттік телерадио компаниясы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Қаламгердің «Алысқа тартқан жол» әңгімелері мен повестер жинағы, «Арман азабы» пьесасы, «Есіңде ме сол бір кез», «Хал қалай, жолдас хатшы», «Кешіккен хат», «Анды-Қарағыз» повестері, «Поляр шеңберінің маңында», «Олар оралған жоқ», «Сардана мен қызғалдақ», «Қазығұрт: аңыз бен ақиқат» секілді роман-эсселері жарық көрген. Көркем аударма саласында К.Яшеннің пьесаларын, Р.Файзидің «Айналайын атыңнан» романын, Ғ.Гулямның «Ташкенттіктер» романын және басқа да жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. Жекелеген повестері орыс, украин, беларус, чех, өзбек, тәжік, якут, татар, башқұрт, армян, т.б. тілдерге аударылған. Өзбек тілінде 3 кітабы, саха тілінде 3 кітабы, Мәскеу баспаларынан 3 кітабы жарық көрген.

Екі рет «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

70 жыл бұрын (1944) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ЖАНДЫБАЕВ Ғұсман (Ғ. Елеу) дүниеге келді.

Қытай Халық Республикасының Шағантоғай ауданында туған. Алматы ауыл шаруашылығы техникумын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Қазақ теледидары әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясында, «Мектеп», «Жазушы», «Шабыт», «Рауан», «Білім» баспаларында, «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясында жұмыс істеді. Қаламгердің «Асыл жандар», «Жасыл жондар», «Зеңгір аспан», «Қыр қызғалдақтары», «Көкорай», «Сөз мәйегі», «Ақтеңізден бір тамшы», «Сәуірде туған ақ сәуле», т.б. кітаптары жарық көрген.

6 8 жыл бұрын (1946-2010) белгілі күйші-домбырашы, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор АХМЕДИЯРОВ (Қаршымбай) Қаршыға Ахмедиярұлы дүниеге келді.

Атырау облысы Махамбет ауданында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1967-1991 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ академиялық халық аспаптар оркестрінің домбырашысы, концертмейстері, жеке орындаушысы, дирижері қызметтерін атқарған. Оның репертуарында отандық композиторлардың күйлері, сондай-ақ шет ел композиторларының шығармалары бар. 1974 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогикалық қызметпен шұғылданып, ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысты. 1981 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі» атағына ие болған. 1993 жылдан - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, 1996 жылдан «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Ол - «Шашақты найза, шалқар күн» (Махамбет), «Әсемқоңыр» (Дина), «Сарыарқа» (Құрманғазы), «Жігер» (Дәулеткерей), «Атырау» күйлер жинағы кітаптарын жарыққа шығарды. Оның «Нарын», «Қуаныш», «Сағыныш», «Аққайың», «Желдірме», т.б. күйлері бар. Ахмедияров гастрольдік сапармен Болгария, Венгрия, Югославия, Франция, Италия, Үндістан, Ангола, Португалия, Жапония, АҚШ, т.б. елдерде болды.

«Парасат» орденімен және медальдармен марапатталған.

6 5 жыл бұрын (1949) жазушы САҒАТ Ерғали дүниеге келді.

Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Сол жылы жолдамамен «Лениншіл жас» республикалық жастар газетіне (қазіргі «Жас алаш») жіберілген. Еңбек жолын тілшілік қызметтен бастап, бас редактордың орынбасарына дейінгі лауазымды жұмыстарды атқарған. 1992-2005 жылдары «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы болған. 1983 жылы «Жалын» баспасынан «Даладағы ұлы із» очерктер жинағы жарық көрді. Осы еңбегі үшін Қазақстан Журналистер одағы мен Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің Б.Бұлқышев атындағы сыйлығы берілді. 1988 жылы «Ғимараттар биіктеп барады» кітабы үшін Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын иеленді. Қаламгердің «Келелі келешек», «Дін биігіндегі ел» атты публицистикалық кітаптары бар.

5 5 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, экономика ғылымының кандидаты, доцент, Халықаралық инженерлік академияның корреспондент мүшесі БАЙМЕНОВ Әлихан Мұхамедұлы дүниеге келді.

1959 жылдың 25 наурызында Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Қарсақпай кентінде дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтын (1981) инженер - механик мамандығы бойынша; Мәскеу автожол институтының аспирантурасын (1988) тәмамдаған. 1988 жылдан 1992 жылға дейін - Жезқазған тау кен - технологиялық институтының аға оқытушысы, доценті, декан орынбасары. 1990 жылы Жезқазған облыстық халық депутаттары Кенесінің депутаты болып сайланды. 1992 жылдан бастап - Жезқазған облысы әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарған. 1994 - 1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты. 1995 - 1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Еңбек министрінің орынбасары, министрдің бірінші орынбасары. 1996 - 1997 жылдары - Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Ұйымдық - бақылау бөлімінің меңгерушісі. 1997 - 1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер - министрі Кеңсесінің жетекшісі. 1998 - 1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жетекшісі. 1999 - 2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы. 2000 жылдан 2001 жылға дейін - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. 2001 жылдың қарашасынан бастап - «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігінің тең құрылтайшысы, саяси кеңесінің мүшесі. 2002 жылдың наурызынан бастап - «Ақ Жол» Қазақстан Демократиялық партиясының тең төрағасы, 2005 жылдан бастап - төрағасы. 2006 жылдың қазанынан бастап 2007 жылдың маусымына дейін - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Зерде» Қоғамдық қорының және «Тоғызқұмалақ» халық ойыны халықаралық республикалық федерациясының президенті. 2011 жылдың шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы Президентіның Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы лауазымына тағайындалды. Әлеуметтік қорғау, мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет, менеджмент, саяси және партиялық құрылыс мәселелері бойынша бірқатар жарияланымдардың авторы.

5 5 жыл бұрын (1959) «Қазтелрадио» АҚ басқарма төрағасы, басқарма мүшесі ҚАДЫРАЛИЕВ Абай Марабайұлы дүниеге келді

4 9 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Словакия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушысы ҚАРАШЕВ Анарбек Бақтығазыұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Ұржар ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Германия Федеративтік Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы дипломатиялық курсты бітірген.

IІ-сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл.

Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы (ГФР) Бас консулы қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдан.

3 8 жыл бұрын (1976) «Деловой мир Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы, «Деловой мир», «50кз.Индустриально-инновационный Казахстан», «Отбасым» журналдарының бас редакторы СЫЗДЫҚОВА Шолпан Викторқызы дүниеге келді.

Целиноград (Астана) қаласында туған. Сәкен Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін бітірген.

1995-1997 жылдары - «Цена» қалалық газетінің менеджері, тілшісі. 1997-1999 жылдары - «ДэЛайт» ақпараттық-жарнамалар қызметінің бас редакторы. 1999-2002 жылдары - «Әрекет» Бизнес орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, «Деловой мир» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. 2002 жылдан бастап - қазіргі қызметінде. 2005 жылы Қазақстан Республикасының, Астана қаласының «Ең үздік кәсіпкері» атанған.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен, Қазақстан Республикасы Ақпарат және мәдениет министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

3 8 жыл бұрын (1976) "Хабар" агенттігі" АҚ басқарма төрағасы - директорлар кеңесінің мүшесі ҮКІБАЕВ Айдос Ыдырысұлы дүниеге келді. Алматы облысында туған. 1997 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 14 7 жыл бұрын (1864-1957) көрнекті итальян дирижері Артуро ТОСКАНИНИ дүниеге келді.

6 7 жыл бұрын (1947) ағылшын әншісі, композитор және пианист Элтон ДЖОН (шын аты-жөні - Реджинальд Кеннет Дуайт ) дүниеге келді.

5 8 жыл бұрын (1956) кеңестік және ресейлік актер және эстрада әртісі, «Шифрин-Театрды» құрушы және көркемдік жетекшісі Ефим ШИФРИН дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар