25 шақырымға созылған кептеліс: қазақ-өзбек шекарасында жүк көліктерін не бөгеп тұр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында жүк көліктерінің жүргізушілері Өзбекстанмен шекарадағы «Бауыржан Қонысбаев» өткізу бекетінің алдында бірнеше күнге созылған кезекке шағымданды. Олардың айтуынша, жүк көліктерінің кезегі шамамен 25 шақырымға созылған. Мемлекеттік кірістер комитеті көлік кептелісінің себептерін түсіндірді.
Әлеуметтік желілерде жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі түсірілген бейнежазбалар тарады. Жүргізушілердің айтуынша, олар шекарадан өту үшін екі-үш тәулікке дейін күтуге мәжбүр. Сонымен қатар, олардың сөзінше, өткізу бекетіне апаратын жол бойында дәретханалар мен қажетті тұрмыстық жағдай қарастырылмаған. Жүк көліктерінің жүргізушілері кейбір көліктердің жалпы кезекті айналып өтіп, алға шығып кететініне де наразы.
Жағдайға қатысты Kazinform агенттігіне Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті түсінік берді.
Ведомство мәліметінше, «Бауыржан Қонысбаев» өткізу бекетінің алдында жүк көліктерінің шоғырлануына халықаралық жүк тасымалы көлемінің маусымдық артуы және Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік ағынның тұрақты өсуі себеп болған. Бұған отандық көлік-логистикалық бағыттардың тартымдылығының артуы да әсер етіп отыр.
— 2026 жылдың 10 айында Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы көлік ағыны 16,2 пайызға өсіп, 741,5 мың автокөлікке жетті. Атап айтқанда, «Бауыржан Қонысбаев» өткізу бекеті арқылы 321 мың автокөлік өткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға көп (265 мың автокөлік). Аталған бекет тәулігіне 1500 автокөлік өткізіп отыр. Ал оның жобалық қуаты — 1000 автокөлік. Яғни, нақты өткізу көлемі жобада көзделген межеден 50 пайызға жоғары, — деп хабарлады ведомстводан.
Мемлекеттік кірістер комитеті өткізу бекетінің штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Жүктемені азайту мақсатында көлік ағынын «Атамекен» өткізу бекетіне қайта бөлу, «Атамекен — Гулистан» шекаралас өткізу бекеттерінің өткізу мүмкіндігін арттыру және баламалы бағыттарды пайдалану жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Комитет өкілдері көлік кептелісіне тасымалдаушылардың электронды кезекке уақытылы тіркелмеуі де себеп болып отырғанын хабарлады.
— CarGoRuqsat жүйесі арқылы электронды кезекке алдын ала тіркелу мүмкіндігіне қарамастан, кейбір тасымалдаушылар өткізу бекетіне алдын ала тіркелмей келіп, кезекке тек сол жерге жеткен соң ғана жазылады. Соның салдарынан олар белгіленген уақытты күтіп, өткізу бекетіне апаратын жолда ұзақ уақыт аялдауға мәжбүр. Бұл көлік құралдарының одан әрі шоғырлануына әкеледі, — деп мәлімдеді МКК.
Ведомствоның мәліметінше, CarGoRuqsat жүйесі электронды кезектің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ол көлік құралдарының кезектілігін бақылауға және шекарадан өтуге болатын бос уақыт аралықтарын көруге мүмкіндік береді.
— 2026 жылғы 3 қарашада сағат 10:00–дегі жағдай бойынша «Бауыржан Қонысбаев» өткізу бекетінде электронды кезекке тіркелуге арналған 130 бос орын болған. Демек, жекелеген көліктердің өткізу бекетіне апаратын жолдарда ұзақ уақыт тұруы барлық тасымалдаушының шекарадан өту үшін бірнеше тәулік күтуге мәжбүр екенін білдірмейді, — деп атап өтті комитет өкілдері.
Мемлекеттік кірістер комитеті жүргізушілерге шекарадан өтетін күн мен уақытты алдын ала тіркеп, өткізу пунктіне белгіленген уақытта келуге кеңес берді. Бұл жоспардан тыс кідірістерді болдырмауға көмектеседі.
Айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында мұндай жағдай тамыз айында да болған еді. Ол кезде әлеуметтік желілерде жүк көліктерінің кезегі 40 шақырымға дейін созылғаны туралы ақпарат тараған. Өңірлік мемлекеттік кірістер департаменті «Бауыржан Қонысбаев» өткізу бекеті арқылы көлік ағынының айтарлықтай артқанын және оның жобалық өткізу мүмкіндігінен асып кеткенін хабарлаған еді.