25 жастағы алтайлық қандасымыз Санмао проза сыйлығын алды — шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ташкентте Түркі әлемі әйел суретшілерінің шығармашылығына арналған көрме ашылды — ӨзА
Ташкент қаласындағы Өзбекстан бейнелеу өнері галереясында Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) мен Өзбекстан Көркемсурет академиясының бірлесе ұйымдастыруымен «Түркі әлемі әйел қолөнершілері» атты халықаралық көрме өтіп жатыр.
Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агеттігі хабарлады.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, аталған көрменің идеясы 2023 жылдың сәуір айында Ташкентте өткен ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттердің суретшілері көрмесі барысында, болашаққа арналған жоспарлар мен жобалар талқыланған сәтте туындаған.
Жоба көшпелі көрме түрінде ұйымдастырылған, оның алғашқы тұсаукесері 2024 жылы Бішкектегі Г. Айтиев атындағы Ұлттық өнер музейінде сәтті өткен.
Бұл халықаралық іс-шараның негізгі мақсаты көрме арқылы түркі әлемі әйелдерінің шығармашылығына тән заманауи бейнелеу өнерімен танысуға ғана емес, сонымен қатар мәдениет пен өнердің дамуына қажет дәстүрлі және рухани бірлікті сезінуге де мүмкіндік жасалған.
Айта кетейік, экспозициялар қатарында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Түркия және Өзбекстаннан келген суретші әйелдердің туындылары бар.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Бокс: Руслан Абдуллаев Калифорнияда жекпе-жек өткізеді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Хабарламада айтылғандай, АҚШ-тың Калифорния штатындағы Оушенсайд қаласында 20 сәуір күні кәсіби бокс турнирі өтті. Бұл додада өзбекстандық қандасымыз дарынды боксшылардың бірі Руслан Абдуллаев рингке көтерілді.
Айта кетейік, бұл кездесуде төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен Руслан Абдуллаев жеңіске жетіп, кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегінде WBA Continental белдігін жеңіп алған болатын.
«ӨзА» ақпарат агенттігінің мәліметінше, «Frontwave Arena» спорт кешені иелік ететін бұл бокс кешін атақты бұрынғы кәсіби боксшы Оскар Де Ла Хойяға тиесілі «Golden Boy Promotions» промоутерлік компаниясы ұйымдастырып отыр. Осы компаниямен келісімшартқа отырған Руслан Абдуллаев супержеңіл салмақ дәрежесінде кәсіби рингтегі екінші жекпе-жегін филиппиндік Жино Родригоға қарсы өткізді.
Айта кету керек, Русланның алдағы қарсыласы спорттық мансабында 19 жекпе-жек өткізіп, 13 жеңіс, 4 жеңіліс және 2 тең нәтижеге қол жеткізген. Ал Руслан биыл 7 наурыз күні АҚШ-тың Индио қаласында өткен турнирде мексикалық Хосе Валенсуэла Альварадоны екінші раундта нокаутпен жеңген болатын.
Сонымен қатар «ӨзА»-да «Наманганда жібек құртын өсіру басталды» деген ақпарат жарияланды.

Аталған басылымның дерегінше, биылғы маусымда аудан бойынша 3970 қорап жібек құрты өсіріліп отыр. Қазіргі уақытта оларды азықтандыру ісіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл ретте сиретіп бағу, үй ішіндегі температураны белгіленген нормада ұстау, қосымша жапырақ дайындап отыру маңызды саналады.
Айта кету керек, ауданда 2025 жылғы жібек өнімін өндіру үшін 134 фермерлік шаруашылықпен келісімшарт жасалып, 3970 қорап жібек құрты тұқымы өсіріліп жатыр.
Алтайлық 25 жастағы жазушы Санмао проза сыйлығын алды — Алтай ақпарат орталығы
25 жастағы жазушы Баян Тасқынұлы 20 сәуір күні Чжэцзян өлкесі Жоушан қаласына өткен мемлекеттік V кезекті Санмао (шалқыма) проза фестивалінің жастар номинациясы бойынша жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды Қытайдың Алтай ақпарат орталығы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, биыл 5 қаңтар күні 5-ші кезекті Санмао проза сыйлығына ие болған туындылардың тізімі жарияланды. Алтайлық қандасымыз Баян Тасқынұлы «Қыран жағасында» атты шалқымасымен V кезекті Санмао сыйлығының жеке түрі бойынша, яғни жастар сыйлығына ие болған.
Алтай жас жазушы Баянның шығармашылығында негізгі тақырып болып келеді екен. Өйткені бұл жер оның туған жері ғана емес, оның әдеби жасампаздығының сарқылмас қазынасы. Оның туындыларының тілі қарапайым, шынайы, сүйіспеншілікке толы болып, өзіндік ерекшелікке ие стиілін қалыптастырған.

1999 жылы Шыңжаңның Алтай қаласында дүниеге келген Баян Тасқынұлы Гуанжоу университетінің қытай тіл-әдебиеті мамандығын оқыған. Лушун әдебиет институтының Шыңжаңды мәдениетпен қамту жазушыларын тәрбиелеу курсының курсанты. Ол Гуанжоу қалалық жас жазушылар қоғамының және Шыңжаң жазушылар қоғамының мүшесі.
Жас жазушы 3 жылдан бері Алтайдың көркем көріністерін, адамдарды, жергілікті салт-дәстүрді, өмірдің өзгерісін жазды. Оның Алтай тақырыбындағы желілес шығармалары «Ұлттар әдебиеті жинағы», «Батыс бөлік» және «Шалқымалар жинағының шетелге арналған басылымы» сияқты әдеби журналдарда арт-артынан таныстырылған. Баян Тасқынұлының «Өмір базарынан қиянға көз жіберу» атты жинағы 2023 жылғы автономиялы өлкелік әдебиет және көркем туындыларды дамыту жобасына енгізілген. «Қыран жағасында» 2023 жылғы Қытайдың «Ұлттар әдебиеті» жылдық марапатына ие болса, «Тау қаласындағы естеліктер» V Гуанжоу жастар әдебиеті бойынша сыйлық алған.
Осы жолғы Санмао (шалқыма) проза сыйлығына ие болған «Қыран жағасында» Баян Тасқынұлы университетті бітіріп ауылына қайтып келгеннен кейін жазған деректі шығармасы. Алтай қаласы Ласты ауылы Ноғайты қыстағын негізгі тақырып етіп, өзінің балалық шағынан ержеткенге дейін қыран өзені жағасында ата-әжесімен бірге өмір кешірмелері жазылып, есейіп-ержету барысы арқылы оқырмандарына өзінің табиғат жөніндегі түсінігін бөліскен.
— «Қыран жағасында» атты шығармам менің 2022-жылы жариялаған «Алтай желілес шалқымалар» атты жинағымнан алынған. Шығармамда Алтайдың байтақ даласын жазумен бірге, өзімнің жан дүниемді де бейнелеуге тырыстым. Осы шығармам арқылы көптеген адамның Алтайды тануына, Алтайды түсінуіне, Алтайға келуіне мүмкіндік жасасам деймін, — деді Баян Тасқынұлы.
Қазақстандық өнімдер алғаш рет Қытайдың Халықаралық тұтыну тауарлары көрмесінде бой көрсетті — «Халық газеті»
Қытайдың Хайнань өлкесінің Хайкоу қаласында өтіп жатқан Қытайдың 5-інші Халықаралық тұтыну тауарлары көрмесінде Қазақстанда өндірілген жоғары сапалы тауарлардың алуан түрі алғаш рет бой көрсетіп, көптеген қытайлық және шетелдік қонақтың назарын аударды, деп жазады «Халық газеті».

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, бұл ЭКСПО — биыл Қытайда өткен тұтыну тауарларының алғашқы ауқымды халықаралық көрмесі. Көрменің жалпы ауданы 160 000 шаршы метрден асады, көрмеге қатысу үшін 71 ел мен аймақтан 4000-нан астам бренд қатысты. Қазақстандық көрме аумағында негізінен отандық өндірілген кәмпиттер, газдалған сусындар, өсімдік майлары, сүт өнімдері, оның ішінде түйе сүті мен жылқы сүтінің ұнтағы және басқа да арнайы өнімдер көрсетілді.
Сондай-ақ бұл жолғы көрменің тағы бір ерекшелігі — көрмедегі маңызды экспонаттарының бірі тұтыну тауарлары саласындағы қазіргі ғылыми-техникалық даму тенденциясын көрсететін ұшқышсыз ұшу аппараттары, роботтар, электромобильдер және басқа да көптеген инновациялық жетістіктер сияқты жоғары технологиялық өнімдер болды.
Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Алматыда «Қытайда оқу» көрмесі ашылды» деген ақпарат жарық көрді.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, 20 сәуірде Алматыда Қазақстандағы екінші HSK «Қытайда оқу» көрмесі өтті. Көрмеде Қытайдың 34 жоғары оқу орны стендтерін қойып, қазақстандық студенттер мен ата-аналарға Қытайда оқу мәселелері туралы ақпарат берді.
Бұл жолғы іс-шараны Қытай Білім министрлігінің Қытай және шетел тілі алмасу және ынтымақтастық орталығы Ханькау халықаралық университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Конфуций институты ұйымдастырды. Статистикаға сәйкес, сол күні көрмеге 3000-ға жуық оқушы мен ата-ана қатысқан.
Бір миллион студентке жасанды интеллект үйрету басталады — Parstoday
Иран Ислам Республикасы вице-президентінің ғылым жөніндегі көмекшісі бір миллион ирандық оқушыға жасанды интеллект үйрету жобасының ресми басталғанын хабарлады, деп жазды Parstoday ақпарат агенттігі.

Аталған ақпарат агенттігінің мәліметінше, Иран Ислам Республикасы вице-президентінің ғылым, технология және білімге негізделген экономика бойынша көмекшісі Моджтаба Ализаде технологияның осы саласына қызығушылық танытқандардың барлығына жасанды интеллектті үйрету үдерісінің басталуына тоқталған.
Оның айтуынша, қоғамның барлық топтары, әсіресе студенттер мен басқа да мүдделі тұлғалар осы білім беру платформасының мүмкіндіктерін тегін пайдаланып, жасанды интеллект технологиясына қатысты маңызды тақырыптарды меңгере алады.
ParsToday ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Ализаде жасанды интеллект саласындағы қоғамның хабардарлығы мен қоғам мүмкіндіктерінің деңгейін арттыру осы бағдарламаны жүзеге асырудың ең маңызды мақсаты екенін айтқан. Сондай-ақ, бұл бағдарламаның бірінші қадамын қазір Иран президенттігінің ғылым, технология және білімге негізделген экономика вице-президенті Иранның Білім министрлігімен ынтымақтастығы аясында басталғанын тілге тиек еткен.
Ализаденің айтуынша, бұл бағдарламаға 7 мен 15 жас аралығындағы бір миллион оқушының теориялық және практикалық білім алуы үшін интеллектуалды және тартымды түрде әзірленген және жоспарланған.
Халықаралық көші-қон ұйымы: «Қоршаудағы Газада үйлердің 90% қираған немесе бүлінген» — TRT
Халықаралық көші-қон ұйымы қоныс аударған палестиналықтарға баспана көмегінің дайын екенін мәлімдеп, Израильден шекара өткелдерін ашуды талап етті. Біріккен Ұлттар Ұйымының Гуманитарлық істерді үйлестіру кеңсесінің деректеріне сілтеме жасаған Халықаралық көші-қон ұйымы Газадағы үйлердің 90 пайыздан астамының қирағанын немесе зақымданғанын хабарлады. Израиль шабуылдары палестиналықтарды гуманитарлық апатқа ұшыратуда, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, «Қауіпсіз жер болмағандықтан, отбасылар қауіпті үйінділерді паналауға мәжбүр», — деп жазған ұйым «X» платформасындағы жазбасында.
— Халықаралық көші-қон ұйымы баспанаға көмек көрсетуге дайын, шекара өткелдері ҚАЗІР ашылуы керек, — деп үндеу жасаған.
Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, Израиль осы уақытқа дейін 51 300-ден астам палестиналықты өлтірді. Олардың көпшілігі әйелдер мен балалар. Кейін бұл көрсеткіш 62 мыңға шықты. Сонымен қатар Тель-Авив блокададағы аймақтың бүкіл халқын ығыстырып, аймақтың көп бөлігін қирандыға айналдырды.