25 жылдық шектеу: Қарағандыда жүздеген отбасы лифтсіз қалуы мүмкін

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағандыдағы көпқабатты үйлердің тұрғындары үшін жаңа жыл үлкен сын-тегеурінмен басталуы мүмкін. Ескі лифтілерді пайдалану ережелерінің қатаюына байланысты қалада көтергіштер жаппай тоқтатылуы ықтимал.

лифт
Фото: Kazinform

Ескі лифт — жаңа проблема

Қалада дау тудырып отырған мәселе — кеңес дәуірінде орнатылған лифтілердің тағдыры.

«Лифты Караганды» ЖШС техникалық тұрғыдан жарамды болса да, қызмет ету мерзімі норматив бойынша 25 жылдан асқан лифтілерді бірінен соң бірін тоқтатып жатыр. Бұл өзгеріс 2024 жылдың соңында күшіне енген жаңа техникалық регламенттен туындап отыр: енді Қазақстанда ескі лифтілерді ауыстырмай пайдалануға тыйым салынған.

Жыл басынан бері тоғыз қабатты үйлердің кіреберістерінде лифтке қызмет көрсетуді тоқтату және келісімшартты біржақты бұзу туралы хабарламалар жиілеген. Бірқатар үйлерде көтергіштер қазірдің өзінде өшірілген. Баламалы көлік құралы жоқ тұрғындар үшін, әсіресе жасы келгендер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға баспалдақпен көтерілу — үлкен сынақ әрі денсаулыққа тікелей қауіп.

— Біз тоғызыншы қабатта тұрамыз, анамның жасы 90-да. Соңғы екі айдан бері үйден шықпай отыр. Үйде емханаға да, дүкенге де бара алмай отырған жалғызбасты қарттар көп, — дейді Нұркен Әбдіров даңғылындағы үйлердің бірінің тұрғыны Алма Оспанова.

Неліктен лифт қызметін ұзартуға рұқсат жоқ

Еуразиялық экономикалық одақтың жаңартылған техникалық регламенті бойынша, лифтіні пайдалану мерзімі 25 жылдан аспауы тиіс. Бұл мерзім өткен жағдайда жабдық міндетті түрде ауыстырылуы керек. Ресей мен Беларусьта бұл шектеу 2028 жылға дейін ұзартылған болса, Қазақстан қатаң талапты бірден енгізді. Соның салдарынан ел бойынша мыңдаған лифт заңсыз күйге түсті.

Қарағандыда 1 233 лифт бар: оның 1 005-і Қазыбек би ауданында, 228-і Әлихан Бөкейхан ауданында орналасқан. Бүгінде 701 лифт белгіленген мерзімнен асып кеткен, оның ішінде 84-і мүлдем істемейді: Қазыбек би ауданында — 25, Әлихан Бөкейханда — 59.

- 2020–2023 жылдары жаңғырту бағдарламасы аясында 107 лифт ауыстырылса, 2024 жылы небәрі үшеуі ғана жаңартылған. Биыл тағы 15 лифтіні ауыстыру жоспарланған. Сондай-ақ, жаңғырту орталығына тұрғындардан толық құжаттарымен 35 өтініш түсіп, тағы 50 өтініш бойынша құжаттар жинақталуда, - дейді қалалық әкімдікте.

2024 жылы тұрғындармен 112 түсіндіру кездесуі өткізілсе, биыл 67 осындай жиын ұйымдастырылған. Әкімдік ақпаратты әлеуметтік желілерде, брифингтерде және тікелей эфирлерде белсенді жариялап келеді.

Тұрғындардың уәжі мен компанияның жауабы

«Лифты Караганды» компаниясындағылар ескі лифтіні пайдалану — қауіпті екенін, ал апат болса, жауапкершілік өздеріне жүктелетінін айтады. Сондықтан тәуекелге бармайтынын мәлімдеді.

Дегенмен тұрғындар лифтілер өшірілер алдында қосымша техникалық сараптама жүргізілмегенін, шешімдердің ескі техникалық паспорттарға сүйеніп қабылданып жатқанын алға тартады.

— Біз өз күшімізбен тросын, реле мен қозғалтқышын ауыстырдық, лифт мінсіз жұмыс істеп тұр. Бірақ бізді жаңа лифт алуға мәжбүрлеуде, ал оның бағасы 12,5–18 миллион теңге тұрады, — дейді қала тұрғыны.

Қаржыландыру тапшылығы

Лифтіні жаңартудың ресми жолы — Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының жылдық 1% мөлшерлемемен несие беру бағдарламасы. Алайда орталық басшысы Данияр Дюсембаевтың сөзінше, қазірдің өзінде 100-ден аса өтініш түскен, ал ауыстыру кезегі 2027 жылға дейін созылып кеткен. 2024 және 2025 жылдары республикалық бюджеттен бұл мақсатқа қаржы бөлінбеген.

Тұрғындарға қосымша қаражат көзін өздері табу немесе «ҚазОрталық ТКШ» арқылы 7% мөлшерлемемен несие рәсімдеу ұсынылуда. Ал қаржыландыруға дейін күту — жаппай өшірудің әлеуметтік салдарын күшейтпек.

Көпшілік биліктен лифтілердің пайдалану мерзімін кемінде бір-екі жылға ұзартуды сұрайды. Бұл уақытта қаражат жинап, құжат рәсімдеуге мүмкіндік туады. Әйтпесе, қалада әлеуметтік дағдарыс орын алуы мүмкін.

Мәселені шешудің жолдары

Компания тұрғындарға бағаны төмендету және кезең-кезеңімен ауыстыру нұсқасын қарастыруға дайын екенін айтады. Алайда қаржылай қолдаусыз жаңа лифтіні іске қосу мүмкін емес.

Осылайша, қарағандылықтардың алдында екі ғана таңдау бар: кезегін күту немесе қаражатты өздері табу. Ал лифт өшірілген үйлердің тұрғындары әзірге баспалдақпен көтеріліп, түсуге мәжбүр, бұл — денсаулыққа қауіп пен күнделікті өмірдегі үлкен қолайсыздық.

Бұған дейін Ақтөбе қаласындағы көпқабатты үйлердегі лифттің 15% ауыстыруды қажет ететіні хабарланған еді. 

Соңғы жаңалықтар