26 қаңтарда жолдағы ахуал қандай
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлады.
2026 жылғы 26 қаңтар күні сағат 08:00-дегі жағдай бойынша Қостанай облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты дизель отынымен жүретін және қоғамдық көліктер үшін «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған» автожолының 8-218-шақырым аралығы (Тобыл қаласынан Октябрьское ауылына дейін) уақытша жабылды.
Сондай-ақ Павлодар облысында «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолындағы көпір өткелінің шеткі арқалықтары зақымдануына байланысты «Қалқаман» жол айрығы учаскесі – Қалқаман ауылына кіреберіс және Астана бағытына шығатын жол жабылды.
Еске салайық, «Қазгидромет» РМК 2026 жылғы 26 қаңтарда еліміздің бірнеше өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жасады.
Кей аймақта қар жауып, жаяу бұрқасын, көктайғақ болып, тұман басады. Сонымен қатар желдің жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жетуі мүмкін.