26 қазан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 26 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

72 жыл бұрын (1953) «Өндірістік даму қоры» АҚ тәуелсіз директоры және директорлар кеңесінің төрағасы Қылышбек Сатылғанұлы ІЗБАСХАНОВ дүниеге келді.

1975 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын инженер-металлург мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында күйдіруші, балқытушы, Шымкент қорғасын зауытында балқыту цехының бастығы қызметін атқарды. Әр жылдары Мемлекеттік мүлік жөніндегі мемлекеттік комитетте, холдингте және ОҚО мен Шымкент қаласы әкімдігінде, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында басшылық қызметтер атқарған. «Тау-Кен Самұрық» АҚ құрылған күннен бастап жұмыс жобасын іске асыру жөніндегі басқарушы директор және басқарма төрағасының өндірістік қызмет жөніндегі орынбасары болды. 2021 жылдың мамыр айынан бастап «Қазақстанның Даму банкі» АҚ директорлар кеңесінің ұсынуымен «Өндірістік даму қоры» АҚ тәуелсіз директоры және директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды. «Өндірістік даму қоры» АҚ Стратегиялық жоспарлау және корпоративтік даму комитетінің төрағасы, Директорлар кеңесі тәуекелдер комитетінің, кадрлар, сыйақы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитетінің, аудит жөніндегі комитетінің мүшесі.

«Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған, ҚР «Құрметті машина жасаушысы», «КСРО құрметті металлургі» төсбелгілерінің иесі.

65 жыл бұрын (1960) ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Әкебайұлы ЖӨРГЕНБАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. 1987 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (ҚазПТИ) «инженер машина жасаушы» мамандығы бойынша, Бүкілодақтық «Мемагропром» басшы қызметкерлер институтын, 1997 жылы Д.А. Қонаев атындағы мемлекеттік университетті «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1992 жылы Қарқара совхозының жұмысшысы, 1992-1993 жылдары Алматының Талғар ауданы бордақылау совхозында инженер, жылу инженері, егін өсіру бригадирі, аға инженер болды. 1993 жылы «Дулат» МГП директорының орынбасары, 1993-1997 жылдары Киров ауылдық кеңесі төрағасының орынбасары, Талғар ауданы Киров ауылдық округінің әкімі, 1997-1999 жылдары Талдықорған қаласының әкімі, 1999-2001 жылдары Қапшағай қаласы әкімінің бірінші орынбасары, 2001-2003 жылдары Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары, 2003 жылы Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2003-2005 жылдары «Идиль-Ақсу» консорциумы ЖШС жоба жетекшісі, 2005-2006 жылдары «Ақсу» АҚ вице-президенті, 2006-2009 жылдары «Ақсу» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, 2009 жылы «Қарасай Құрылыс» ЖШС кеңесшісі, құрылтайшысы, бас директоры болды. 2019-2021 жылдары «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2021-2022 жылдары Алматы облысы мәслихатының хатшысы қызметін атқарды. 2022 жылы ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі болды.

«Құрмет» орденімен, ҚР мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

64 жыл бұрын (1961) Қоғам қайраткері, мемлекет қайраткері және экономист Ораз Әлиұлы ЖАНДОСОВ дүниеге келді.

Алматыда дүниеге келген. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетін (1983) кибернетик мамандығын, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде аспирантураны бітірген (1986).

Еңбек жолы: Қазақ КСР Ғылым академиясының Экономика институтында кіші ғылыми қызметкер (1987 жылдан бастап), ҚР Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңесте кеңесші, бөлім меңгерушісі (1991 жылдан бастап); ҚР Экономика министрлігі жанындағы Шетелдік инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттік төрағасының орынбасары, төрағасы — Қазақстан Республикасы Экономика министрінің бірінші орынбасары (1992), ҚР Ұлттық банкі төрағасының бірінші орынбасары (1994), ҚР Ұлттық банкінің төрағасы (1996-1998), ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары — ҚР Мемлекеттік инвестиция комитетінің төрағасы (1998-1999), ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — ҚР Қаржы министрі, «KEGOC» Қазақстан электр желілерін басқару компаниясының президенті (1999-2000), ҚР Премьер-Министрінің орынбасары (2000-2001), ҚР Қаржыгерлер қауымдастығының басқарма төрағасы (2001-2002), ҚР Президентінің көмекшісі (2003), ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы (2003-2006), «Rakurs» экономикалық талдау орталығының директоры (2008 жылдан бастап), ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі (2022).

«Құрмет» орденімен марапатталған (2003).

54 жыл бұрын (1971) Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соттың төрағасы Ақан Маратұлы ЖҰМАҒҰЛОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. 1994 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ​​мемлекеттік университетін бітірген, құқықтанушы.

Еңбек жолы: 1988-1989 жылдары Зайсан автокөлігі кәсіпорнының слесарі, 1993-1994 жылдары Шығыс Қазақстан облысы көлік прокуратурасының тергеушісі, прокурордың көмекшісі, аудан прокурорының орынбасары, Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының прокуроры, 1994-1996 жылдары Өскемен қаласы Октябрь ауданы прокуратурасының аға тергеушісі, 1996-1997 жылдары ШҚО прокуратурасы тергеу басқармасының прокуроры, 1997 жылы Өскемен қаласы прокурорының көмекшісі болды. 1997-1998 жылдары ШҚО прокуратурасы тергеу басқармасының прокуроры, 1998-2000 жылдары ШҚО Катонқарағай ауданы прокурорының орынбасары, 2000-2001 жылдары Өскемен қаласы прокурорының көмекшісі, 2001 жылы Семей облысы бойынша қаржы полициясы басқармасы анықтама бөлімінің бастығы, 2001-2003 жылдары ШҚО бойынша қаржы полициясы департаменті анықтама бөлімінің бастығы, 2003-2004 жылдары ШҚО бойынша қаржы полициясы департаменті экономикалық және қаржылық қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы, 2004-2005 жылдары ШҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті ішкі істер бөлімінің аға инспекторы, 2005-2010 жылдары Өскемен гарнизоны әскери сотының судьясы, 2010-2013 жылдары ШҚО Риддер қаласы сотының төрағасы, 2013-2015 жылдары Семей қаласы сотының төрағасы, 2015-2017 жылдары Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, 2017-2020 жылдары БҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, 2020-2022 жылдары Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, 2022 жылы Астана қаласы сотының төрағасы қызметін атқарды.

2025 жылдың маусым айынан бастап қазіргі қызметінде.

53 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Ерке Мұратбекұлы ҚАСЕНОВ дүниеге келді.

Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітірген, инженер-экономист, Х.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты, доцент.

Еңбек жолын 1994 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының «Менеджмент» кафедрасының оқытушысы болып бастады. 1998-2000 жылдары - Тараз мемлекеттік университетінде ассистент, аға оқытушы, М. Дулати атындағы Жамбыл экономика және құқық колледжінің директоры. 2000-2005 жылдары ҚР Қаржы министрлігінде жұмыс істеді. 2005-2011 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Аппараты меңгерушісінің көмекшісі, сектор меңгерушісі, ақпараттық-талдау бөлімінің бас консультанты болды. 2011-2014 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетімен өзара іс-қимыл бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2014-2017 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетімен өзара іс-қимыл бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.

2025 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен және бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталған.

121 жыл бұрын (1904-1989) мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Дәндібайұлы ОҢДАСЫНОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданында туған. 1920-1926 жылдары Ташкенттегі қазақ мектеп-интернатында тәрбиеленіп, Түркістан орман техникумында оқыған. БК(б)П Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. 1926-1930 жылдары Қызылорда облыстық орман шаруашылығы орманшысының көмекшісі, су шаруашылығы бөлімінің статисті, Жамбылдағы Талас зерттеу партиясының кіші технигі, Шымкент облыстық су шаруашылығы бөлімінің технигі болған. 1931-1938 жылдары - Ташкент ирригация институтының бөлім меңгерушісі, кеңшар директорларын даярлайтын курс директорының орынбасары, Қазақ орман шаруашылығы тресі директорының орынбасары, директоры, Қазақ КСР Жер халкоматы басқармасының бастығы. 1938 жылы - Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1938-1951 жылдары - Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы. 1954-1962 жылдары - Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, Гурьев (Атырау) облыстық атқару комитетінің төрағасы, Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы.

Ұлттық кадрлар дайындауға зор көңіл бөлген. 1946 жылы Қазақ КСР-нің Ғылым Академиясын құруға атсалысқан. 1962 жылдан Мәскеуде ғылыми жұмыстармен айналысты. Араб-қазақ, парсы-қазақ түсініктеме сөздіктерінің авторы.

Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, үш мәрте Ленин орденімен марапатталған. Туған ауылына, ондағы орта мектеп пен көшелерге есімі берілген.

2021 жылы Алматы қаласында Нұртас Оңдасыновқа ескерткіш орнатылды.

Соңғы жаңалықтар