26 қыркүйек. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 26 қыркүйек тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

66 жыл бұрын (1957) қазақ тромбоншысы, композитор және музыкалық педагог, дирижер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қанат Мұғынұлы АХМЕТОВ дүниеге келді.
Қарағанды қаласының тумасы. Мәскеу мемлекеттік консерваториясының оркестрлік факультетін (тромбон сыныбы бойынша, 1981 жылы) бітіріп, Ресей мемлекеттік үрлемелі аспаптар оркестрі құрамында стажировкадан (1987 – 1988 жылдары) өткен.
1994 жылы Қазақ ұлттық консерваториясының аспирантурасын бітірді. 1982 жылдан осы консерваторияда педагогикалық қызметпен (2000 жылдан профессор) айналысты.
1990 жылдан Қазақ мемлекеттік филармониясына қарасты Үрмелі аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болып, оркестрдің көркемдік-шығармалық деңгейін көтеруге елеулі еңбек сіңірді.
Үрлемелі оркестр құрамында гастрольдік сапармен Испания, Франция, Ресей және Тайваньда (1998 жылы), т.б. елдерде болып, халықаралық фестивальдар мен конгрестерде өнер көрсетті.
Халықаралық тромбоншылар ассоциациясы (ІTA) мен ЮНЕСКО-ның қолдауындағы дүниежүзілік үрлемелі аспаптар оркестрі ассоциациясының (WASBE) мүшесі. 1995 жылы «Абылайдың жорығы» және «Азия дауысы» атты компакт-дискілері, ал 1996 жылы үрмелі аспаптар оркестрі бойынша қазақ композиторлары шығармаларын оқу орындарында өтуден жазған еңбегі Австрияда басылып шықты.
52 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Мұстафақызы АХМЕТНИЯЗОВА дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын бітірген.
Еңбек жолы: «Фосфор» медициналық бөлімшесінің учаскелік терапевті, Шымкент (1993); Міндетті медициналық сақтандыру қоры Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының бас маманы (1997-2000); Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының бас маманы (2000-2005); медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау комитетінің Ақмола облыстық департаментінің бөлім меңгерушісі (2005-2006); ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызметтің сапасын бақылау комитетінің департамент басшысы (2006-2008); «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ менеджері (2008-2009); ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитеті департаментінің басшысы (2009-2010); Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары (2010-2011); ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Стратегиялық даму департаменті директорының орынбасары (2011-2013); ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің төрағасы (2013-2014); ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Стратегиялық даму департаменті директорының орынбасары (2014-2017); ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры (2017-2018); ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулықты қорғау комитеті төрағасының орынбасары (2018-2019); ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары – ҚР Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау жөніндегі бас мемлекеттік инспектор (2019 жылдан бастап).
«Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 және 25 жылдығына арналған медальдармен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.
46 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Президенті баспасөз хатшысының орынбасары Шалқар Мұқашұлы ҚОЖАЕВ дүниеге келді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін халықаралық журналистика мамандығы бойынша, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін бизнес әкімшілік мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолы: Семей қаласының жергілікті телеарнасының журналисті; «Қазақстан-Семей» ҚТРК тілшісі, ШҚО (2005-2011); «Еуразия» телеарнасының тілшісі; «Хабар» арнасының бас редакторы, жаңалықтар қызметінің бас редакторы (2012-2017); «Хабар 24» телеарнасының шеф-редакторы (2017-2021).
2021 жылдың ақпанынан бастап қазіргі қызметінде.
46 жыл бұрын (1977) Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Санжар Аскенұлы ӘДІЛОВ дүниеге келді.
Алматы облысының тумасы.
Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін (1999), Экономика және құқық академиясын (2006) бітірген.
Еңбек жолы: Алматы қаласы ІІБ Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі, аға тергеуші (1999-2002); Алматы қалалық ІІБ Бостандық аудандық ішкі істер басқармасы, Алматы қаласы ІІБ Әуезов аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, тергеу бөлімінің бастығы (2002-2007); Алматы қаласы Әуезов аудандық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінің бастығы (2005-2007); Алматы қаласы Әуезов аудандық ІІБ Ішкі істер басқармасы бастығының тергеу жөніндегі орынбасары (2007-2009); Алматы қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясы) тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы (2009-2012); Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әскери тергеу комитеті бастығының орынбасары, бастығы (2012-2013); Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Тергеу комитеті Әскери тергеу басқармасының бастығы (2013 ж.); Астана қаласы Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары (2013-2019); Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Тергеу басқармасының бастығы (2019-2023).
Қазіргі қызметін2023 жылдың мамырынан бері атқарып келеді.
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған, полицияның генерал-майоры.
38 жыл бұрын (1985) Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Өңірлерді цифрлық дамыту департаментінің директоры Сәкен Рүстемұлы НҰРТАЗАЕВ дүниеге келді.
Қазақстан-Британ техникалық университетін инженер-технолог мамандығы (2007), Ұлыбританияның Стирлинш университетінже «менеджмент» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2007 жылы «ҚазТрансГазАймақ» өндірістік депаратментінің жетекші маманы болып бастады. ҚР Мемлекеттік қызметі істері агенттігінің талдау және стратегиялық жоспарлау басқармасының сарапшысы, ҚР Президенті қарамағындағы мемлекеттік басқару академиясында сектор меңгерушісі болды. Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, Семей қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2016 жылы Орал қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметіне тағайындалды. 2018-2020 ж. ж. бастап Батыс Қазақстан облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасына жетекшілік етті.
Қазіргі қызметін 2020 жылдан бері атқарып келеді.
115 жыл бұрын (1908-1965) ақын Таир ЖАРОКОВ дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Ленинградтың тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген.
1932-1942 жылдары жаңадан құрылған Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комитетінің хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары, халық ақыны Ж. Жабаевтың әдеби хатшысы қызметтерін атқарған. 1946-1965 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында (қазіргі «Жазушы» баспасы) жауапты қызметте болған.
Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы 1932 жылы «Жұлдыз жарығы» деген атпен басылып шыққан.
Әр жылдарда «Нефстан», «Коммунизм таңында», «Мотор жыры», «Күн тіл қатты», «Мұз тұтқыны», «Тасқын», «Отан дауысы», «Нарын», «Тастағы жазу», «Совет сұңқарлары», «Бақыт жырлары», «Жапанды орман жаңғыртты», «Костер басында», «Қырда туған құрыш», «Жыр қанаты», «Құмдағы дауыл», «Тау жырлайды», «Теңіз баласы», «Тасқынға тосқын» атты кітаптары жарық көрген.
Көркем аударма саласында А. Пушкиннің «Цыгандар», «Кавказ тұтқыны», «Коломнадағы кішкене үй», «Ағайынды қарақшылар», М. Лермонтовтың «Черкестер», Грибоедовтың «Ақылдың азабы», М. Алигердің «Зоя» және басқа туындыларды қазақ тіліне тәржімалаған.
Бірнеше орденмен марапатталған.