26 мамыр. Жылнама

оқиға
Фото: ҚазАқпарат

ASTANA. KAZINFORM- Kazinform оқырман назарына 26 мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1856 жылы Шоқан Уәлиханов «Көкетай ханның асын» алғаш рет қағаз бетіне түсірді. Бұл күн әйгілі «Манас» эпосының жазылуының басы ретінде тарихқа енді.

1993 жылы Түркияның Ыстанбұл, Бурса және Балакесер қалаларында қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына 100 жыл толуына орай поэзия күндері өтті.

1995 жылы Семей полигонының аумағында соңғы ядролық заряд жойылды. Ұзақ жылдар бойы көп қасірет шеккен Қазақстан халқы халықаралық атом зардабының бүкіл ауыртпалығын көтеріп келді. 45 жыл бойына дерлік Семей даласында 459 ядролық жарылыс, соның ішінде ауада 113 жарылыс жасалды. Радиоактивтік сәуле алған жарты миллионнан астам қазақстандықтардың денсаулығы ядролық жанталаса қаруланудың құрбандығына шалынды.

2005 жылы Астанада Түркия Премьер-министрі Режеп Ердоғанның ресми сапары барысында Түрік Республикасы Елшілігінің жаңа ғимараты құрылысының іргетасын қалау рәсімі өтті.

2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ТМД елдері арасында тұңғыш рет беделді халықаралық COMSATS үкіметаралық ұйымының (Оңтүстікте тұрақты даму мақсаттарындағы ғылым және технологиялар комиссиясы) мүшесі болды. Қазақстандық жоғары оқу орнын ұйымға қабылдау туралы шешім Шри-Ланка астанасы Коломбо қаласында өткен үйлестіру кеңесінің отырысында қабылданды.

2016 жылы Жапонияның Fuji Television телекомпаниясының «Mystery All the world» (Бүкіл әлемнің құпиясы) бағдарламасы Қазақстанның Торғай даласындағы геоглифтер туралы түсірілімді бастады. Күншығыс елінде танымал бағдарламаның көрермендер саны 7 миллион адамды құрайды.

2017 жылы Париждегі Халықаралық эпизоотиялық бюроға қатысушы елдер Ассамблеясының 85-ші жалпы отырысында Қазақстан Республикасы аусылдан азат аймақ деп танылды. Парсы шығанағы, Иран және Израиль елдері аталған мәртебені негізге ала отырып, Қазақстанның бүкіл аумағына мал шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаруға рұқсат беру туралы келісімдерін берді.

2017 жылы Астанада Халықаралық Түркі Академиясының (TWESCO) басшысы Дархан Қыдырәлі мен Моңғолия Ұлттық музейінің директоры Дагваадоржийн Сухбаатар Ғылыми археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойды. Екі ұйым арасындағы ынтымақтастық меморандумына негізделген келісім Моңғолияның Хэнтэй аймағынан табылған көне түркі кешеніне археологиялық экспедиция ұйымдастыруға мүмкіндік берді.

2018 жылы «Тоғызқұмалақ» зияткерлік ойынының мобильді қосымшасын ойлап тапқан Ернар Шамбаев зияткерлік ойынды дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды. Бағдарламашы Ернар Шамбаев Android және Windows операциялық жүйелеріне арналған қосымшаны әзірледі. Мобильді қосымша зияткерлік ойындардың әуесқойлары арасында танымал қызығушылық тудырып, Чехияда (2013), Францияда (2014), Қырғызстанда (2015) және Қазақстанда (2017) өткен компьютерлік бағдарламалар арасындағы әлем чемпионаттарында 4 рет бірінші орынды иеленді.

2020 жылы Астанада «Жеңіс бағы» ашылды. Осылайша, астана тұрғындары Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарға арналған халықаралық акцияға қосылды. Акцияның аясында ЕДС-да қайтыс болған 27 млн құрбанның естелігіне 27 млн ағаш отырғызу жоспарланған.

2021 жылы Сербияда алғаш рет Қазақ киносының апталығы салтанатты түрде ашылды. Оның ұйымдастырылуы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуына арналды.

Қазақстан Елшісі Ғабит Сыздықбеков елдер арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қызмет ететін және қазақ халқының бай тарихы мен мәдениетімен танысуға мүмкіндік беретін мұндай шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.

2021 жылы Киевте қазақтардың бірінші Құрылтайы өтті, оның негізгі мақсаты Украинадағы қазақ диаспорасын шоғырландыру бойынша күш-жігерді дамыту, қазақтың салт-дәстүрін, болмысын, әдет-ғұрпын, шетелде тұратын қазақтардың тілі мен мәдениетін сақтау үшін қосымша жағдай жасау болды.

Құрылтайға қатысушылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық реформаларды қолдайтындықтарын білдіретін Үндеу қабылдап, біртұтас ұлтты мәңгілік біріктіретін тарихи Отанымен рухани ажырамас рухани байланысты ерекше атап өтті.

2021 жылы қазақ жас домбырашылары Темірлан Олжабаев пен Ернат Наурыз Ұлыбританияда өткен «Golden Time Talent» жаһандық байқауында бірінші орынды жеңіп алды.

Сайыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қазақ күйлерінің попурриі, атап айтқанда Құрманғазы мен Нұрғиса Тілендиевтің күйлері орындалды. Осылайша олар Гранд финалға шықты, онда олар Вивальдидің «Төрт маусым» циклін орындады. Байқауға 68 елдің музыканттары қатысып, олардың арасынан жерлестеріміз үздік атанды.

2022 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Бішкектегі филиалы ашылды. Оның ашылуына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

2022 жылы Қырғыз астанасындағы Театр саябағының орталық аллеясында Ұлы Абай ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.

2022 жылы15 қазақстандыққа Қазақстан ғалымдары жасап шығарған бірегей фибрин гидрогелін қолдана отырып, тізе буынының шеміршегін қалпына келтіру операциясы жасалды. Жарақаттанған тізе буынының, сынықтардың жазылуын тездететін жаңа тәсілді Биотехнология ұлттық орталығы тін клеткалары зертханасының меңгерушісі, қазақстандық ғалым Вячеслав Огай жасаған.

Соңғы жаңалықтар