26 наурыз. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 26 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь
Фото: ҚазАқпарат

61 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар Кеңесінің мүшесі Сәрсенбай Құрманұлы ЕҢСЕГЕНОВ дүниеге келді.

 ЕНСЕГЕНОВ Сарсенбай Курманулы
Фото: senate.parlam.kz

Гурьев облысында туған. 1988 жылы Гурьев педагогикалық институтын, 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1981-1983 жылдары «Ленин жолы» газетінің фототілшісі, 1988-1992 жылдары СПТУ комсомол комитетінің хатшысы, бөлім меңгерушісі, ЛКЖО-СМЖ Теңіз аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1992-199 жылдары Теңіз аудандық кеңесінің аға заңгері, 1993-2002 жылдары Құрманғазы ауданы прокурорының көмекшісі, Атырау облысы прокуратурасының аға прокуроры, Атырау қаласы прокурорының орынбасары, Атырау облысы прокуратурасының бөлім басшысы, 2002-2004 жылдары Атырау облысы әкімігінің мемлекеттік-құқықтық және әскери-жұмылдыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі, Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2004-2005 жылдары Атырау облысы тәртіптік кеңесінің төрағасы, 2005-2006 жылдары Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы, 2006 жылдың ақпан-қазан аралығында Жылыой ауданының әкімі, 2006-2008 жылдары Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары, 2008-2020 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

58 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары Сергей Михаилович ХОРОШУН дүниеге келді.

 ХОРОШУН Сергей Михайлович
Фото: Informburo.kz

Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында туған. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітірген.

Еңбек жолы: 1984-1986 жылдары КСРО Қарулы күштер қатарында қызметте болды, 1990-1995 жылдары «Целинограджилстрой» өндірістік құрылыс ұйымында, 1995-1998 жылдары Целина теміржол басқармасында, 1998-2000 жылдары «Қалалық коммуналды қожалық» МКК КҚБ-ның бөлім бастығы, бастығының орынбасары қызметін атқарды. 2000-2005 жылдары Коммуналды қожалық департаментінің директоры, 2005-2006 жылдары Астана қаласы Энергетика және коммуналды қожалық департаментінің директоры қызметтерін атқарған. 2006-2019 жылдары Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары.

2019 жылдың ақпанынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен және бірқатар медальдармен марапатталған.

58 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры Ерлан Ерғалиұлы АЛДАЖҰМАНОВ дүниеге келген.

АЛДАЖУМАНОВ Ерлан Ергалиевич
Фото: skpw.ru

Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында туған. 1987 жылы Ф.Э. Дзержинский атындағы Жоғары шекара командалық училищесін бітірген.

Шекара заставасы бастығының орынбасары, өңірлік басқарма бастығының орынбасары, өңірлік басқарма шекаралық бөлімшелері қолбасшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бас штабы бастығы - директордың бірінші орынбасары лауазымдарында офицерлік қызмет атқарған.

2022 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.

50 жыл бұрын (1974) Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы САТЫБАЛДЫ дүниеге келген.

САТЫБАЛДЫ Дархан Амангельдиевич
Фото: inbusiness.kz

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1996 жылы С.Сейфуллин атындағы Ақмола ауыл шаруашылығы институтын экономист-менеджер, 2003 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін заңгер мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1991 жылы Келес ауданы «Коммунизм» бөлімшесінің жұмысшысы, 1996-1999 жылдары Келес ауданы «Келес» МҚК аға экономисі, Ақмола облысы «Кураков и Ко» ЖШС есепшісі, 2000-2002 жылдары мемлекеттік мекемелердегі бюджеттік процедуралардың орындалуын бақылау басқармасының жетекші, бас бақылаушы-ревизоры, 2002-2006 жылдары ҚР Президенті Іс басқармасының бюджеттік жоспарлау және қаржылық бақылау бөлімінде референт, консультант, бас сарапшы және сектор меңгерушісі, Астана қаласы әкімдігінің «Жылу» МҚК директоры, 2007 жылы ҚР Жоғарғы сотының жанындағы Сот әкімшілендіру комитетінде жұмыс істеген, 2007-2010 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары, қаржы департаменті директорының орынбасары, бюджет департаменті директорының орынбасары, 2010-2011 жылдары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы, 2011-2013 жылдары ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің әлеуметтік-экономика бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2013-2015 жылдары Шымкент қаласының әкімі, 2015-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, 2018-2019 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым тұрақты комитетінің мүшесі.

2022 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Ерен еңбегі үшін», «Астананың 10 жылдығы», «Облыс алдындағы қызметтері үшін» медальдарымен марапатталған.

45 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Ернар Жеңісұлы БАСПАЕВ дүниеге келді.

 БАСПАЕВ Ернар Женисович
Фото: akorda.kz

Гурьев (қазіргі Атырау қаласы) қаласында туған. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын құқықтану мамандығы бойынша бітірген, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, экономика және бизнес бакалавры.

Еңбек жолы: 2001-2005 жылдары ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің жетекші, бас маманы, бөлім бастығының орынбасары, 2005-2006 жылдары ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитеті департаменті бастығының орынбасары, 2006-2007 жылдары ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің бөлім меңгерушісі, 2007-2010 жылдары сектор меңгерушісі, ұйымдастыру-талдау бөлімі бастығының орынбасары, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері аппаратының сот мониторингі департаменті бастығының орынбасары, 2010-2013 жылдары Атырау облысы Әділет департаментінің басшысы, 2013-2019 жылдары Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы, 2019-2022 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2022 жылы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

2022 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі қызметінде.

134 жыл бұрын (1890-1954) халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Нартай БЕКЕЖАНОВ дүниеге келген.

 БЕКЕЖАНОВ Нартай
Фото: adebiportal.kz

Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. Әлеуметтік мазмұндағы өлең-толғауларымен («Сараң байға», «Мырзалық емес», «Жесір дауы», «Бір қойшыға», «Сүйінші», «Сыр», «Ақ алтынды аймағым», «Колхозшыларға», «Мұзбалақтар») Сыр бойына жас кезінен танымал болады. Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесінің ашылу құрметіне арналған этнографиялық концертке, қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне, республикалық ақындар айтыстарына қатысқан Ұлы Отан соғысы жылдарында арнаулы концерттік бригада ұйымдастырып, халықтың рухын көтеруге белсене ат салысты. Бекежанов сырнаймен, домбырамен ән, терме, толғау, жыр айту, айтыс дәстүрін дамытқан, өзінің бірегей ән-жыр мектебін қалыптастырған сазгер, ақын, халық әндерін және өз әндерін орындау шеберлігімен қазақ өнерінің тарихында қалған. Оның «Толқын», «Нартай сазы», «Ахау, жалған», «Нартайдың әні», т.б. әндері ұлттық ән өнерінің алтын қорына қосылды. Шығармалары «Домбыра сазы», «Өлеңдері мен айтыстары», «Өсиет», «Аманат» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді. «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған. Қызылорда облысының қазақ драма театрына Бекежанов есімі берілген. Осы облыстың Шиелі ауданында Бекежанов ауылы бар.

101 жыл бұрын (1923-1989) диктор, Қазақстанның халық әртісі, соғыс ардагері Әнуарбек Нығметжанұлы БАЙЖАНБАЕВ дүниеге келді.

БАЙЖАНБАЕВ Ануарбек Ныгметжанович
Фото: novoetv.kz

Семей қаласында туған. 1944 жылы соғыстан оралғаннан кейін, Қазақ радиосына диктор болып орналасқан. Алғаш эфирге шағын хабарландыру оқудан бастап, өмірінің соңына дейін Қазақ радиосында, теледидарында диктор, аға диктор қызметтерін атқарған. Эфир арқылы берілген республиканың тыныс тіршілігі жайлы әртүрлі жаңалықтар, саяси хабарлар ұзақ жылдар бойы мыңдаған тыңдаушыларға Ә.Байжанбаевтың ашық та әуезді, кең тынысты үнімен жетті. Ол тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған. 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар