26 шілде. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 26 шілдеге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

26 шілде. Жылнама
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Жүйелік әкімші күні

Жыл сайын шілденің соңғы жұмасында корпоративтік және үй желілерінің, мәліметтер базасының, пошталық жүйелердің, бағдарламалық жүйелердің және басқа да «көрінбейтін майдан жауынгерлері» әкімшілері кәсіби мерекелерін атап өтеді.

Мерекенің негізін қалаушы америкалық жүйе әкімшісі, чикаголық Тэд Кекатос болды, ол жүйе әкімшілері жылына кемінде бір рет пайдаланушылардың алғысын сезінуі керек деп есептеді. Бұл танымал мереке алғаш рет 1999 жылы 28 шілдеде тойланды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1920 жылы Советтер съезінде Сәкен Сейфуллин Ақмола атқару комитеті мүшелігіне қабылданды және комитет төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

1968 жылы 6000 сөз бен түсінік енген «Абай тілі сөздігі» жарық көрді.

1989 жылы Қазақ ССР Компартиясы ОК жанындағы комиссия қазақтың көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері, қазақ прозасындағы ең алғашқы роман «Бақытсыз Жамалдың» авторы Міржақып Дулатовтың шығармаларына дұрыс бағасын беріп, оларды жариялау, әділеттілікті қалыптастыру туралы қорытынды шығарды.

1999 жылы Қазақстан Республикасының «Барыс» ордені бекітілді. Бұл орден Қазақстан Республикасының мемлекеттігі мен егемендігін нығайту iciнe, бейбітшілікті, қоғамның топтасуы мен Қазақстан халкының бірлігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік, өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық қызметте, халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттық мәдениеттерді жақындастыру мен өзара байытуға; мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды дамытуға ciңipгeн ерекше еңбегі үшін табысталады. «Барыс» орденінің үш дәрежесі бар.

2012 жылы халық аспаптарын жетік меңгерген, павлодарлық жас музыкант Ерасыл Әділбеков Римини қаласында (Италия) өткен «Italiana сиқыры – 2012» балалар және жастар шығармашылығы халықаралық конкурс-фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.

2015 жылы Алматыда оқушылар арасында информатикадан (IOI-2015) XXVII Халықаралық олимпиада өтті. Бұндай шара Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылды. Оған әлемнің 86 елінен 630-дан астам делегат қатысты.

2015 жылы Ыбырай Жақаев атындағы Қызылорда ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Ресейдің «Кураж» және Қазақстанның «Элита» күріш сұрыптарын будандастыру жолымен «Ару» атты жаңа күріш сұрпын алды.

2016 жылы Еуразия жазушылар одағының ай сайынғы «Кардеш калемлер» журналы бір нөмірін толықтай жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа арнады.

2017 жылы Будапеште су спорты түрлері бойынша FINA әлем біріншілігінде жүзгіш Әділ Қасқабай 100 метр қашықтықта құлаштап жүзуден межеге 50 секундта келіп, ұзақ уақыттан бері алғаш рет Қазақстан рекордын орнатты.

2017 жылы «Ежелгі Тараз – Астана» этнографиялық керуені Астанаға 300-ге жуық музей экспонатын әкелді. Елорда тұрғындары мен қонақтар «Тараз – тарихтың алтын діңгегі» көрмесінде Тараз қаласының 2000 жылдық тарихымен танысу мүмкіндігіне ие болды.

2018 жылы Еуропа хабар тарату одағы Қазақстанды Junior Eurovision-2018 қатысушысы деп жариялады. Қазақстан алғаш рет қатысқан «Еуровидение-2018» балалар байқауында әлемнің 19 елінен жиналған 9-14 жас аралығындағы вокалшылар өнер көрсетті.

2019 жылы қазақстандық Галбадрах Отгонцэцэг Загребте (Хорватия) дзюдодан өткен Гран-при турнирінің жеңімпазы атанды. Турнир финалында ол 48 келіге дейінгі салмақта франциялық Мелани Клеменді жеңді. Галбадрах дода барысында Катарина Танзерді (Аустрия), Ио Хионгты (ҚХР) және Ли Янанды (ҚХР) ұтып, финалға шықты.

2020 жылы Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Янайкино ауылында «Домбыра» архитектуралық композициясы орнатылды. Домбыра – қазақтың ұлттық мәдениетін әлемге танытудың символы. Әрбір қазақ осы музыкалық аспапты игеруді және әр үйдің төрінде домбыраның тұруын абырой деп біледі.

2020 жылы Қазақстанда «SOS Джейран» жобасы іске қосылды, ол елдің оңтүстігінде жануар түрлерін сақтау жөніндегі шараларды күшейтуге көмектеседі. Қарақұйрық ( Gazella subgutturosa) – Қазақстанның Қызыл кітабына енген, Халықаралық Қызыл тізімде «қауіп төнген» (VU) мәртебесі бар.

2021 жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Ақмола облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» Жарлығына сәйкес Қосшы ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылды.

2023 жылы Алматыда «Азия дауысы» көрмесінің ашылуы өтті. Көрмеде фестивальдің негізін қалаушылардың бірі Мұрат Ирғалиевтің бірегей фотосуреттері, сирек кездесетін бұйымдары, сондай-ақ фестивальдің қайта жандануына арналған 200-ден астам балалар көркем туындылары қойылған.

Соңғы жаңалықтар