27 қаңтар. ҚазАқпарат күнтізбесі
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күні
2005 жылдың 1 қарашасында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы бекіткен. 1945 жылы қаңтардың 27-сінде Освенцим концлагері тұтқындары азат етілген бұл күнді бірқатар елдер атап өтеді. Освенцим концлагері 1940 жылы саяси тұтқындар үшін салынды. Лагерьде 5 жылдың ішінде 28 ұлттың 1,5 миллион адамы қаза болды. 1979 жылы ЮНЕСКО концлагерьді халықаралық маңыздағы ескерткіштер тізіміне енгізді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1990 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс басқармасының бұйрығымен Қазақ мемлекеттік жобалық және ғылыми-зерттеу институтының ғылыми бөлімі базасында Қазақ сейсмикалық төзімді құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау-эксперименталдық институты («ҚазСҚҒЗИ») құрылды. ҚазСҚҒЗИ-дің алғашқы директоры болып инженер-құрылысшы, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Төлеубай Жүнісов тағайындалды.
1992 жылы Өскемендегі мыс-қорғасын комбинатында салмағы 10,5 кг Қазақстанның тұңғыш алтын кесегі өндірілді.
1993 жылы республика астанасы Алма-Ата қаласының атауы ресми түрде Алматы болып өзгертілді.
2005 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі «Қазынашылық» деп аталатын Қазақстандағы алғашқы ашық инвестициялық қорды тіркеді.
2006 жылы «Қазпошта» акционерлік қоғамы Әубәкір Ысмайыловтың шығармашылығына арналған «Бейнелеу өнері» сериясының пошта маркасын айналымға енгізді. Маркада суретшінің 1928 жылы салған Абай портреті бейнеленген. Соңғы 10 жыл төңірегінде Г.Ысмайлованың «Қыз Жібек», С.Калмыковтың «Фантастикалық натюрморт», Х.Наурызбаевтың «Шопан портреті», Ж.Шәрденовтің «Биік таулар», М.Кенбаевтың «Асауға құрық салу», А.Ғалымбаеваның «Кеседегі қымыз», С.Айтбаевтың «Бақыт» сияқты туындылары «Бейнелеу өнері» сериясымен пошта маркаларында бейнеленген болатын.
2010 жылы Мәскеуде Даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына орайластырылған «Аңызға айналған батыр» («Легендарный батыр») атты жинағы жарық көрді.Қазақ және орыс тiлінде шығарылған жинаққа халық батыры Бауыржан туралы қазақ жазушылары Шерхан Мұртаза, Елена Әлiмжанова, Мұхамеджан Катимханның естелік шығармалары және Мәскеудің мұрағаттарында сақталған бұрын жарияланбаған Бауыржан Момышұлының күнделіктері кірді.
2011 жылы Мемлекет басшысы «2011 жылды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды.
2011 жылы ҚР Ұлттық банкі Қазақстан Республикасындағы 2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындарына арналған номиналы 50 мың теңгелік естелік алтын монетаны айналымға шығарды. Монета 999/1000 сынамалы алтыннан дайындалған, массасы – 1000 грамм, диаметрі – 100 мм, сапасы - «proof», тиражі - 145 дана.
2012 жылы «Қазпошта» АҚ «Ескерткіш, мерейтойлық даталар және мерекелер» сериясында көрнекті мемлекет және партия қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына арналған көркемсуретті пошта маркаларын айналымға шығарды.
2016 жылы жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, драматург Әкім Тарази Ұлттық Академиялық кітапханаға өзінің жазған кітаптары, сондай-ақ, жеке кітапханасында жинаған өте құнды 978 кітапты тарту етті.
2017 жылы Тәжікстанда Ресей-Тәжік университетінің профессоры Абдусаттор Нуралиевтің «Тәжікстан қазақтары» атты кітабы жарық көрді. Онда Тәжікстанда тұратын қазақ диаспорасының тарихы, осы елді дамытуға қосқан үлесі туралы баяндалады.
2017 жылы «Қазақстан мемлекеттік-жеке әріптестік орталығы» алғаш рет «Орталық Азиядағы үздік ақылды орталық» номинациясы бойынша әлемдік сараптамалық орталықтар рейтингіне кірді.
2020 жылы Чехияның Прага қаласындағы «Клементинум» Ұлттық кітапханасында «Абай» мәдени-ақпараттық орталығының салтанатты түрде ашылуы өтті.
2020 жылы Дауостағы Дүниежүзілік экономикалық форум аясында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен дамушы елдердегі жетекші стартап-қауымдастық және инвестор Seedstars компаниясы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Меморандумға сәйкес, АХҚО мен Seedstars арасындағы ынтымақтастыққа стартаптарға қолдау көрсету бағдарламалары мен экожүйе стартапты дамыту, сондай-ақ Орталық Азия аймағына венчурлық қаржыландыруды енгізу кіреді.
2021 жылы Қазақстан Азаматтық авиацияның еуропалық конференциясына бақылаушы мәртебесіне ие болды және ЕСАС-та қабылданған ТМД-ның үшінші елі болды. Қазақстан ЕСАС-та байқаушы бола отырып, біздің еліміз үшін жалпыеуропалық деңгейде қазақстандық тасымалдаушылардың ұшу қауіпсіздігі, ұшу географиясын кеңейту, қоршаған орта проблемалары, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік мәселелері сияқты бірінші кезектегі маңызы бар мәселелерді талқылаудың бірегей мүмкіндігіне ие болды.
Еуропалық азаматтық авиация конференциясы (ЕСАС) құрамына Еуропалық Одақтың барлық 28 елін (Ұлыбритания, Нидерланды, Германия, Франция және т.б.) қоса алғанда, 44 мүше мемлекет, сондай-ақ ТМД елдері арасындағы Әзірбайжан мен Армения кіретін үкіметаралық құрылым болып табылады.
2021 жылы Қазақстан ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаларды қалыптастыру және іске асыру жөніндегі үйлестіруші орган болып табылатын Мемлекетаралық ғарыш кеңесінің төрағасы болды.
2022 жылы Қазақстанда алғаш рет «Қазақстан халқы ертегілері» Қазақстан этностарының халық ертегілерінің жинағы жарық көрді. Мемлекеттік тілде екі томдық болып шыққан бұл жинақ 4-7 және 8-11 жас аралығындағы балаларға арналған.
Кітапқа еліміздің 25 негізгі этносының 114 ауыз ертегілері, оның ішінде орыс, өзбек, корей, неміс, шешен, ингуш және басқа да этностардың ертегілері енгізілген.
2022 жылы Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Бейбарыс Орынбасар Германияның Jacobs University оқу орнында тегін оқуға шақырту алды.
Университет білім грантын студенттің білім беру саласындағы жетістігі мен арнайы дағдылары үшін береді.