27 қараша. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 27 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады. 

Жылнама
Фото: Kazinform

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1963 жылы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы ашылды. Ол ұлы жазушы М. Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын көпшілікке таныстыру, насихаттау, зерттеу жұмыстарымен айналысады. Орталық 1951-1961 жылдары Алматыда жазушының өзі тұрған Төлебаев көшесіндегі № 155 үйде орналасқан. Орталық негізінен үш бағытта жұмыс жүргізеді: Бірінші бағыты — жазушының өмірі мен шығармашылығы мұрасын жинақтау, оны ғылыми жүйеге түсіріп саралау, жариялау және әуезовтану саласы бойынша жарық көрген еңбектерді жинау. Екінші бағыты — мұражайдағы қолжазбалар мен экспонаттарды, кино, фото, дыбыс қорларындағы мұраларды ғылыми жүйеге түсіру, көрме ұйымдастыру. Қолжазба қорында 72 мыңнан астам мұрағат, сирек кездесетін кітаптар, жазушының күнделіктері мен жолжазбалары, мұрағаттардан жинаған құнды деректер, жеке құжаттары, т. б. бар.

1992 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданында Қарасай батыр атындағы қор мен тарихи-этнографиялық қоғам құрылды. 1992 жылы Алматы облысының Нарынқол ауданы Қарасаз ауылында ақын Мұқағали Мақатаевтың музейі ашылды.

2007 жылы Парижде Қазақстанның Халықаралық сот орындаушылары одағына (ХСОО) мүшелікке кіру рәсімі өтті. ХСОО — сот шешімдерін мәжбүрлеп орындатумен айналысатын кәсібилердің халықаралық бірлестігі. Одақ Еуроодақтың, Гаага конвенциясының, БҰҰ комитетінің мүшесі, оның қатарында әлемдегі 60-тан астам елдің өкілдері бар. Одақтың басты міндеті — барлық елдердің сот орындаушылары арасында тәжірибе алмасу және кәсіби байланысты нығайту, сондай-ақ сот орындаушысы мәртебесінің мәнділігіне мемлекеттік органдардың назарын аудару.

2009 жылы Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымы (ISESCO) Алматы қаласын 2015 жылғы Ислам мәдениетінің қаласы деп тануға шешім қабылдады. Бұл жөнінде ISESCO-ның бас директоры Әбдел Әзиз Әт-Туэйджри Қазақстан Республикасының Мароккодағы Төтенше және Өкілетті елшісі (міндетін қоса атқарушы) Бақтияр Тасымовпен кездесуінде хабарлаған.

2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне әзірлік және оны өткізу жөнінде Мемлекеттік комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойды.

2015 жылы Халықаралық Түркі академиясы ISESCO байқаушысы мәртебесін алды. Ислам Білім, Ғылым және Мәдениет ұйымының (ISESCO) қызметі ислам елдерінде ғылым мен білімді және мәдениетті дамытуға бағытталған.

2015 жылы Алматыда ECOTANBA типіндегі алғашқы экологиялық маркалау бағдарламасы таныстырылды. ECOTANBA экологиялық маркасы — экологиялық таза өнімдерді, қызметтерді және процестерді сертификаттаудың Қазақстандағы алғашқы әрі бірден-бір ерікті жүйесі. Оны «EcoStandard» қоғамдық қоры іске асырады.

2018 жылы «ҚазАқпарат» ХАА «Астана» телеарнасымен бірігіп «Ғажайып Қазақстан» деректі фильмдер топтамасын түсіре бастады. Түсіру тобы Қазақстанның әр түкпірінде болып, шалғай ауылдардағы адамдармен тілдесті. Құс қанаты ғана жететін тұмса табиғатты таспаға түсірді. «Ғажайып Қазақстан» — қазіргі Қазақстанның құпиясы ашылмаған табиғаты, тылсым күшке және шешілмеген жұмбаққа толы ғажайып орындары, сондай-ақ жаратылысы ерекше адамдар. Еліміздің барлық өңірлерінен сыр шертетін бірегей видеоочерк 25 бөлімнен тұрады.

2019 жылы Ұлттық банк номиналы 500 теңгелік күміс «Дала қазынасы» монеталар сериясынан «Quraq kórpe» коллекциялық монеталарын және номиналы 200 және 100 теңгелік мельхиор қоспасынан «Қазақстанның флорасы мен фаунасы» монеталар сериясынан «Kόbelek. Lasiommata maera» коллекциялық монеталарын айналысқа шығарды.

2020 жылы қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың «Ұлболсын» кинокартинасы Эстонияда өткен «Қараңғы түндер» кинофестивалінде «Үздік азиялық фильм» атанып, NETPAC сыйлығын иеленді.

2022 жылы «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» ШЖҚ РМК мен «Spina Bifida қоғамы» қоғамдық қоры бірлесіп, мемлекеттік денсаулық сақтау органдарының, әлеуметтік қамсыздандырудың және медициналық ұйымдардың ҮЕҰ-мен ынтымақтастығын нығайту шеңберінде жұлын-ми грыжасы бар балаларға медициналық көмектің сапасын жақсарту бойынша дөңгелек үстел өткізеді.

2023 жылы Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай Коммунистік партиясы ОК Саяси бюросының тұрақты комитетінің мүшесі, ҚХР Мемлекеттік Кеңесі Премьер-Министрінің орынбасары Дин Сюэсянды қабылдады. Әңгімелесу барысында Қазақ-Қытай стратегиялық әріптестігінің жай-күйі мен даму перспективалары, екі ел Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин бұрын қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыру барысы талқыланды.

2024 жылы Димаш Құдайберген «Киелі мекенім» әніне жаңа бейнебаян шығарды. Жаңа музыкалық туынды Қазақстанның таңғажайып сұлулығына арналған. Бейнебаян елдің ерекше табиғи ландшафттары мен бай мәдениетін жеткізуге тырысады. «Мен Қазақстан бүкіл әлем саяхатшыларын тартатын орталыққа айналатынына сенімдімін!», — деді Димаш.

2024 жылы Ф. М. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалының ашылу салтанаты өтті. Салтанат барысында Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Ресейдің жоғары білім және ғылым министрінің орынбасары Константин Могилевский екі ел арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастық туралы баяндамалар жасады. 

Соңғы жаңалықтар