27 қазан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 27 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні
Қазақстанда қазан айының соңғы жексенбісінде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. Олардың саны – 35 мыңнан астам адам.
Елімізде мүгедектерді қолдау, міндетті әлеуметтік сақтандыру, көпбалалы отбасыларға көмек, асыраушысынан айырылғандарға берілетін төлемдер, жұмысқа орналастыру бағдарламалары, жұмыссыздарды қорғау, атаулы әлеуметтік көмек және осал азаматтарды қолдауға бағытталған бірқатар заң мен бағдарлама қабылданды. Осы кезеңде әлеуметтік жұмыс мамандығы ерекше маңызға ие болды.
Мамандардың мойнына қиын жағдайдағы адамдарға демеу болу, панасыз қалған балалардың, көпбалалы отбасылардың, жалғызбасты қариялардың, мүгедектігі бар жандардың, жұмыссыздардың және қолдауды қажет ететін барлық адамдардың проблемаларын шешу сияқты күрделі міндеттер жүктелді.
Дүниежүзілік аудиовизуал мұра күні
ЮНЕСКО Бас конференциясының 33-сессиясында осы ұйымға мүше-мемлекеттер 27 қазанды Дүниежүзілік аудиовизуал мұра күні деп жариялау туралы шешім қабылдады. «Бұл – экономикалық, саяси және әлеуметтік дамудың, білім берудің, ғылыми ілімнің және түрлі ұлттар мен қоғамдастықтардың мәдениеттері алуандығы ілгерілегені, сондай-ақ табиғат пен бүкіл жер-жаһанның дамығанының» дәлелі деп атап көрсетілді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1953 жылы Мойынты - Шу теміржолы іске қосылды. Жолдың Қазақстан халық шаруашылығы үшін маңызы зор болды. Қарағандының арзан көмірі елдің оңтүстік аймақтарына жеткізіле бастады. Әрі Орталық Азия республикаларымен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Құрылыс Қазақстан Үкіметі мен Қазақстан КП Орталық Комитетінің шешімімен 1947 жылы басталған болатын.
1956 жылы Арқалық елді мекені жұмысшы ауыл мәртебесін алып, Бүкілодақтық комсомол екпінді құрылыс нысанына айналды (ең алғашқы болып болашақ қаланың кірпішін Ригадан келген комсомол жастар уәкілдері қалаған).
1999 жылы бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан «Қазфосфат» ЖШС компаниясы құрылды. Бұл – меншігінде теміржол-көлік кешенінің өз қаражатымен фосфаттарды өндіруден бастап жеткізуге және оларды қайта өңдеуге дейінгі толық желісі бар Қазақстан аумағындағы бірегей компания.
2005 жылы Татарстан президенті Мінтемер Шаймиевке ҚР Тұңғыш Президентінің Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы табыс етілді. Минтимер Шаймиевтің бауырлас қазақ-татар халықтарының арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға, Ресей мен Қазақстанның ынтымақтастығын күшейтуге қосқан үлесі және көпұлтты Татарстанда тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудағы айрықша рөлі ерекше аталып өтті.
2007 жылы Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Алтын жүрек» сыйлығы алғаш рет табыс етілді. Алғашқы «Алтын жүрек» сыйлығын салтанатты табыстау рәсімінде Шыңғыс Айтматов құрметті қонақ болды.
«Алтын жүрек» – Қазақстан аумағында қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын іске асыруға коммерциялық ұйымдар мен жеке тұлғалардың қосқан үлесі үшін жыл сайынғы қоғамдық ұлттық сыйлық.
2010 жылы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы Әлемдік педагогикалық ойлар антологиясының қазақ тіліндегі алты томын шығарды. Антология көне заманнан осы уақытқа дейін әлемдік танымал педагогикалық еңбектерді қамтиды.
2010 жылы Қазақстанның «Ұлттық аккредитация орталығы» ILAC MRA Зертханаларды аккредиттеу бойынша халықаралық ынтымақтастыққа қол қойды.
2011 жылы танымал жазушы, драматург, публицист, қазақ ұлттық әдебиетінің негізін қалаушы тұлға Жүсіпбек Аймауытовқа (1889-1930) туған жері Баянауыл ауылында ескерткіш қойылды.
2015 жылы Айдын Айымбетов «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ресми елшісі атанды. Тиісті сертификатты «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов тапсырды. Сонымен қатар ғарышкерге «Қазақстан, Байқоңыр, Союз ТМ-18М» деген жазуы бар ғарыш кемесінің металынан жасалған сағаттар берілді.
2017 жылы қазақтың танымал «Дударай» әнінің кейіпкері Мария Рекинаның жерленген жері Ақмола облысының киелі нысандар картасына енгізілген. Аңыз әңгіме: Қоныс аударып келген орыстың қызы Мария мен қазақ жігіті Дүйсен бір-біріне ғашық болады. Дәстүр бойынша жастардың бақытына жол берілмеген. Марияға көрші ауылдағы адамдар құда түсіп, бірақ Мария мұндай тағдырға қарсылық білдіріп, далаға қашады. Сол кезде «Дударай» әні шығады. Мария өзінің сүйген жігіті Дүйсенді осылай атаған. Дүйсеннің ата-анасы қатты қорқып, жастарды үйлеріне қайтарып, үйлену тойын тойлаған. Жастар қиыншылыққа шыдап, қосылды. Бірақ бақыттары ұзағынан болмады. Үйлену тойынан кейін Дүйсенді патшалық әскерге шақырады, сол жақта өкпе ауыруына шалдығып, Дүйсен қайтыс болады. Жесір қалған әйелі сол кезде 18 жаста еді. Уақыт өте Мәрия басқа адамға тұрмысқа шығып, төрт баланың анасы атанады. Жолдасы жақсы адам болады, жүрегі ашық және Мәриямды өте жақсы көрген. Мәриям да сүйспеншілігімен сыйласады. Мәриямның ұзақ ғұмыры Қорғалжың ауданы Кеңбидайық ауылында өтті. Мәриям Егорқызы Рекина 1899 жылы туған. Екінші дүниежүзік соғыс кезінде ол өз өлеңдерін соғысқа аттанған жерлестеріне арнаған. Соғыстан кейін Мариямға «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілді. «Дударай» әні махаббат, жылулық және әртүрлі ұлт өкілдерінің достық рухына толы.
2018 жылы «Әміре» фильмі Лос-Анджелесте өткен Hollywood Film Festival Халықаралық кинофестивалінің байқауында жеңіске жетті. Қазақстандық фильм байқаудың бірінші кезеңінде Silver Screen Award марапатына ие болды.
2021 жылы Дубай операсының сахнасында алғаш рет «Астана Балет» театрының әртістері ең үздік туындылар мен атақты қойылымдарды қойды. «Астана Балет» гастрольдік турын қазіргі заманның көрнекті хореографы Юрий Григоровичтің Ариф Меликовтың музыкасына қойған «Махаббат туралы аңыз» спектаклімен ашты.
2021 жылы шетелдегі қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары қауымдастығы құрылды. Оның негізгі мақсаты – қазақ тілді БАҚ спектрін кеңейту, қандастарға ана тілінде ақпарат алуға, қазақ тілін насихаттауға мүмкіндік беру.
2022 жылы Астанада «Орталық Азия - Еуропалық Одақ» Саммиті өтті. Кездесуге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Министрлер кабинетінің төрағасы Ходжамырат Гельдымырадов пен Еуропалық Одақ президенті Шарль Мишель қатысты. Саммит қатысушылары Еуроодақпен серіктестікті нығайтуды талқылап, өңірдегі және халықаралық өзекті мәселелерге қатысты пікір алмасты.
2023 жылы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындыққа арналған халықаралық конференция барысында спорттық, мәдени және ғылыми бөлімдердің, сондай-ақ алдағы жарыстардың ресми логотипі мен ұранының тұсаукесері өтті. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2024 жылғы 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін болды. Алдын ала болжам бойынша, байқауға 100-ден астам елден 4 мыңға жуық спортшы қатысады. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының спорттық бағдарламасы ғасырлар бойы ортақ тарих пен мәдениет біріктіретін көшпелі түркі халықтарының ұлттық ойындарына негізделді.
2023 жылы Пәкістан астанасында Қазақстан Республикасы күніне арналған салтанатты қабылдау өтті. Оған Пәкістан үкіметінің мүшелері, сенаторлар, Пәкістанның мемлекеттік органдары, дипломатиялық корпусы, іскерлік және қоғамдық ортаның өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары және т.б. қатысты.