27 миллион теңгені заңсыз иемденген: Түркиядан бөтеннің мүлкін жымқырған қазақстандық экстрадицияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы және Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлерімен, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Түркия Республикасынан Қазақстан азаматы экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлім етті.
«Күдікті 2022-2023 жылдар аралығында Алматы қаласындағы коммерциялық ұйымның бухгалтері бола отырып, төлем тапсырмаларына жалған мәліметтер енгізу арқылы өзіне сеніп тапсырылған 27 миллион теңгеге жуық ақшалай қаражатын заңсыз иемденген», — делінген хабарламада.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынған, осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланған.
«Ағымдағы жылдың тамыз айында ол Түркия аумағында ұсталып, содан кейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша қазақстандық құқық қорғау органдарына берілді. Қазіргі уақытта аталған адам Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», — деп хабарлады Бас прокуратурадан.