27 шілде. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 27 шілде күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
78 жыл бұрын (1946) қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның халық қаһарманы, әлемнің 256-ғарышкері және КСРО-ның 72-ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлы ӘУБӘКІРОВ дүниеге келді. Ғарышта 7 күн 22 сағат болды.
Қарағанды облысында туған. Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін (1969), Авиация институтын бітірген (1979).
Еңбек жолы: 1962-1965 жылдары Теміртау құйма-механика зауытында токарь болды, есімі облыстың Құрмет кітабына алтын әріппен жазылды.
1969-1975 жылдары Кеңес Одағы Әскери-әуе күштерінің Қиыр шығыс әскери округінде ұшқыш, звено командирі, эскадрилья командирінің орынбасары болды.
1975-1976 жылдары Мәскеу ұшқыштар-сынақшылар мектебін, Мәскеу авиация институтын бітірді.
1976-1992 жылдары Мәскеудегі А.Микоян атындағы Тәжірибелік конструкторлық бюроның ұшқыш-сынақшысы міндеттерін атқарды. 1988 жылы Кеңес одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. 1989 жылы 1-болып, авиатасушы крейсердің алаңқайшасына «МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырды. Сондай-ақ, ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынды.
1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал туған аймағы бойынша ғылыми-зертуған жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспан астрофизика бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. 1991 жылы 10 қазанда Жерге оралды. Ғарыштан оралған соң Қазақстандағы ғарыштық даярлығын зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты.
1992 – 1993 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 1-орынбасары болды.
1993 – 1994 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық аэроғарыштық агенттігінің бас директоры – Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары
1994 – 95 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты – Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды.
1996 жылдан Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі.
2001 жылы №44 Қызылорда сайлау округі бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің мәжілісіне депутат болып сайланды. Қызылорда қаласының құрметті азаматы.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 12 шақырылым депутаты, ҚР Жоғарғы Кеңесінің 13 шақырым депутаты, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің 3-ші шақырылым депутаты болып сайланған.
52 жыл бұрын (1972) - қазақ ғарышкері, әлемнің 545-ші ғарышкері, «Халық қаһарманы», генерал-майор Айдын АқанұлыАЙЫМБЕТОВ дүниеге келді. Қазақстанның Әскери-әуе күштері; «Бәйтерек» СП» АҚ басқарма төрағасы.
Талды-Қорған (қазіргі Жетісу) облысында туған. Армавир жоғары әскери авиация училищесін бітірген.
Еңбек жолы: Қазақстан Республикасының Әскери-әуе күштеріндегі қызмет, истребитель ұшқыш (1993-1995); Су-27 ұшағындағы авиациялық эскадрильяның авиациялық бөлімшесінің командирі (1995-2003); Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі (ҰҒА) төрағасының кеңесшісі (2009-2016); «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ ғарыш жүйелерін құру және пайдалану жөніндегі вице-президенті (2016-2019); «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары – өндіріс жөніндегі басқарма мүшесі (2019-2021); «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы (2021-2024).
2024 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Отан» және «Алтын Жұлдыз» ордендерімен марапатталған.
44 жыл бұрын (1980) Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Серікұлы САРҚҰЛОВ дүниеге келді.
Ақтөбе облысында туған. Ресей Федерациясы ФСБ академиясын (2002); Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік басқару академиясын бітірген (2008).
Еңбек жолы: Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің қызметкері, Ақтөбе қаласы (2002); атташе, үшінші хатшы – Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің жалпы бөлімінің меңгерушісі, Мәскеу қ. (2004-2006); Маңғыстау облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің басшысы, Ақтау қаласы (04.2006-09.2006); Ақтау қаласы әкімі аппаратының басшысы (2006-2009); Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі, Ақтау қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары (2009-2011); Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының көмекшісі (2012-2013); Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары (2013-2015).