27 тамыз. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 27 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
62 жыл бұрын (1963) «Қарағанды индустриалды университеті» ҰАО басқарма төрағасы – ректоры Бақыт Ахатұлы ЖӘУТІКОВ дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Қарағанды политехникалық институтын «Тау-кен жұмыстарын электрлендіру және автоматтандыру» мамандығы бойынша бітірген (1985). Техника ғылымдарының докторы, профессор.
Еңбек жолы: «Қарағандыуголь» ӨБ «Ақтасская» шахтасының 4-разрядты жерасты электр слесарі (1985); ҚарПТИ кіші ғылыми қызметкері, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің энергетика, байланыс және автоматика факультетінің деканы (1986-2010); Рудный индустриалды институтының оқу және ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры (2010-2012); Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары (2012-2013); Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бірінші проректоры (2013-2017); Қарағанды мемлекеттік индустриалды университетінің ректоры (2017-2021); «Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық ғылыми-зерттеу техникалық университеті» КЕАҚ Директорлар кеңесінің атқарушы аппаратының басшысы (2021); «Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті» КЕАҚ Басқарма мүшесі – оқу ісі жөніндегі проректоры (2021-2024); Басқарма төрағасының міндетін атқарушы – «Қарағанды индустриалды университеті» КЕАҚ ректоры (2024).
2024 жылдың маусым айынан бері қазіргі қызметінде.
51 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасының Жоғары сот кеңесінің төрағасы Дмитрий Михайлович МАЛАХОВ дүниеге келді.

Ақмола облысының Көкшетау қаласында туған. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы жоғары мектебін (1995), Т. Рысқұлов атындағы Экономика және қаржы университетін (2005) бітірген.
Ішкі істер органдарында, қаржы полициясында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте және экономикалық тергеу қызметінде жұмыс істеген.
Ішкі істер министрлігінің тергеушісінен Қаржы полициясының облыстық және орталық аппараты мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басқармалары бастығының орынбасарына дейінгі еңбек жолын өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке келгенге дейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Жедел департаментінің басшысы қызметін атқарған.
2024 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, мерейтойлық және ведомстволық наградалармен марапатталған
40 жыл бұрын (1985) «Ұлттық кинематографияны қолдаудың мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағалиұлы ЖҰМАҒАЛИ дүниеге келді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің журналистика мамандығында оқыған (2008).
2004-2007 жылдар аралығында «Қазақстан» РТРК» АҚ-да бағдарламалардың редактор — жүргізушісі; 2007-2013 жылдары «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақпараттық бағдарламалар дирекциясының продюсері, «Хабар» агенттігі» АҚ қорытынды жаңалықтар жүргізушісі; 2013-2014 жылдар аралығында Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы, Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі; 2014-2015 жылдары «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры, «Сенбілік кездесу» ток-шоуының жүргізушісі; 2015 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ Аймақтық дамыту дирекциясының директоры; 2017 жылы «Алматы» телеарнасы Бас директорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 2017-2018 жылдары Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының басшысы. 2018-2019 жылдары «Қазақ радиолары» ЖШС директоры болды. 2019 жылдың 10 маусымынан бастап «Қазақстан „РТРК„АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары. 2019-2021 жылдары „Астана“ телеарнасының бас директоры болған. 2021-2023 жылдары „31 арна“ телеарнасының бас директоры.
2024 жылдың қазан айынан бастап қазіргі қызметінде.
36 жыл бұрын (1989) Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Мұхтарұлы СМАҒҰЛОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Америка Құрлықаралық университетін бітірген, АҚШ, іскерлік әкімшілік, менеджмент бакалавры (2009); Помона Калифорния мемлекеттік политехникалық университеті, экономика магистрі (2012); Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры (2013); Лондон экономика және саясаттану мектебі, Лондон, мемлекеттік саясат және басқару магистрі (2014).
Жұмыс тәжірибесі: Атырау облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық және ақпараттық-талдау бөлімінің бас маманы; индустриялық-инновациялық бөлімінің бас маманы, Атырау облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы; Атырау облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары; Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің әлеуметтік-экономикалық бөлімінің бас сарапшысы; Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары (2015); Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы (2017-2018); Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары (2018-2019); Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары (2019-2021); Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі (2021); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары (2021-2025).
2025 жылдың маусым айынан бері қазіргі қызметінде.
122 жыл бұрын (1903-1993) театр режиссері, опера режиссері болған әлемдегі тұңғыш әйел, жазушы, драматург, педагог Наталия Ильинична САЦ дүниеге келген.

Иркутскіде туған. Бала күнінен музыкаға деген ерекше ықыласы танылды.
Әкесі дүние салған соң, Наталия жаз шықты дегенше Қырымға, әкесі жұмыс істеген МХАТ труппасына тиесілі жерге баратын. 1914 жылдың жазында Вахтанговпен бірге Москвинге арналған комедиялық көріністің сценариін жазып, қояды.
Мәскеуге келген соң, театрға шындап ден қойып, Грибоедов атындағы жастар театр студиясында ойнайды.
1937 жылдың күзінде Наталия Сац «Отанын сатқандар отбасының мүшесі» бабымен ұсталды (күйеуі И. Я. Вейцер нәубетке ұшыраған). Лагерьде бес жыл жүріп, 1942 жылы босатылды. Мәскеуге қайтуға рұқсат берілмеген соң, Алматыға кетеді. Сол жерде Сац 1945 жылы Қазақстанда алғаш рет жас көрермен театрын құрды әрі сол театрды 13 жыл басқарды.
А.Толстойдың «Алтын кілт», У. Шекспирдің «Он екінші түн», «Екі қарға» пъесаларын қойды. Қазақ опера және балет театрында Дж. Пуччинидің «Чио-Чио-Сан» опералық спектаклін сахналады. Балаларға арналған опералар мен балеттердің либреттосын, «Өмірімнің новелласы» кітабын жазды.
1995 жылы Алматыдағы Орыс мемлекеттік балалар және жасөспірімдер академиялық театрына Н. Сацтың есімі берілді.
100 жыл бұрын (1925-2009) мүсінші, ұлттық кәсіби мүсін өнерінің негізін салушылардың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық суретшісі, Қазақстанның өнер қайраткері, СССР Суретшілер одағы мен Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Хакімжан Есімханұлы НАУРЫЗБАЕВ дүниеге келді.

Қостанай облысының Меңдіқара ауданында туған. Харьков көркемсурет институтын бітірген. 1952-1954 жылдары Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы. 1961-1965 жылдары Лениндік сыйлық жөніндегі комитеттің мүшесі. 1959-1965 жылдары СССР Суретшілер одағы басқармасының мүшесі. 1952-1966 жылдары Алматы көркемөнер училищесінде оқытушы болған. Абай, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Мәншүк Мәметова, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов ескерткішінің авторы. «Амангелді Иманов», «Құрманғазы», «М.Хакімжанова», «Сәкен Сейфуллин», «Шоқан Уәлиханов» атты ескерткіштерінде пропорция, ритм заңдылықтарын, тиімді пайдалану арқылы образдарды шынайы кескіндерді әрі ұлттық колоритке жіті назар аударды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайында, сондай-ақ Қ.Сәтбаев, Ы.Жақаев, А.Жұбанов, Т.Тәжібаев, Ж.Саин, Д. Нұрпейісова, Т.Жароков, Х.Есенжанов, М.Әуезов, С. Мұқанов, Жамбыл тұлғаларын жасады. «Парасат», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.