27 жастағы түркістандық келіншек қырғауыл өсіруді кәсіпке айналдырды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарасты Көлтоған ауылында қырғауыл өсіретін келіншек тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Ордабасы ауданы, Көлтаған елді мекеніндегі Ашировтар әулетін көпшілік «қырғауыл өсіруші» отбасы ретінде таниды. Дала құсын үй жағдайында көбейтуді кәсіп еткен жанұяның бизнесіне бүгінде қызығушылар көп. Қырғауылды көру үшін жерлестері бала-шағасын ертіп жиі келеді. Тіпті, алыс-жақын елді мекеннен арнайы ат басын бұратындар да бар.

«Қазіргі кезде үйімізде 150-ге жуық қырғауыл бар. Баршасына уақытылы жем-шөбін беріп, өсіріп жатырмыз. Барлығы қолға үйренген. Қасымызда еркін жүре береді» - дейді үйдің келіні Гүлдана Жарылқадиева.


Ашировтар отбасының сирек кездесетін бұл кәсіпті қолға алғанына көп бола қойған жоқ. Алғашқыда қарашаңыраққа келін болып түскен Гүлдананы мамандығы бойынша қызметке орналастыру қиынға соққан. Содан жас келін жолдасы Нұрболмен ақылдаса келе, жеке кәсіп ашуды құп көрген. Үйдегі аталары Жаңабыл да жастардың бұл ойын қуана құптайды.

«Басында біршама бизнес-жобалар жасап көрдік. Көп іздендік. Тіпті, тауық, үйрек, қаз секілді өзге құстарды өсіруді қолға алсақ деген ой да болды. Соңында сирек кездесетін қырғауыл өсіру кәсібіне тоқтадық. Атам қырғауылдың жұмыртқаларын алып келіп берді. Содан оны инкубаторда аштырдық. Кішкентай балапандар тез ет алып, үлкейіп кетті. 48 қырғауыл көбейіп 300-ге жетті», – дейді ол.

Гүлдананың кәсіпкер атануына мемлекеттік «Бастау бизнес» жобасы да үлкен септігін тигізген. Аталған жоба аясында арнайы курсты оқыған ол, бизнес жоспарын сәтті қорғап 1 млн 225 мың 200 теңге қайтарымсыз гранттың жеңімпазы атанды. Ол қаржыға грант талабына сай қажетті құрылғыларды сатып алды. Мәселен, инкубатор мен генератор, бройлер мен аккумуляторға грант есебінен қол жеткізді. Содан, «әрекетке – берекет» қағидатын ұстанып, іске кірісті. Қазір қырғауылдың балапандарын сол арқылы көбейтіп отыр.


«Жалпы жылына 5 млн теңгедей табыс табуға болады. Көктемде көбейтіп, күзде сатамыз. Көбінесе етін ем көріп алатындар бар. Сондай-ақ аңшылық шаруашылығымен айналысатындар арнайы келіп, алып кетеді. Бір қырғауылдың салмағы 1,5-2 келі аралығында. Ал, бағасы 5-10 мың теңгенің жобасында сатылады. Интернет желісі арқылы жарнама жасап жатырмыз. Содан көрген адамдар, хабарласып, келіп алып кетеді» - дейді ол.

Гүлдананың негізгі мамандығы – бағдарламашы. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі. Дегенмен, жастайынан кәсіпке бет бұрған ол, бүгінде бұл бағытта көп ізденуде. Әсіресе, қазіргі кезде маркетинг, менеджмент салалары бойынша білімін жетілдіріп жүр. Сондай-ақ қырғауыл өсірудің қыр-сырын тереңінен зерттеуде.

«Қырғауыл ұзаққа ұша алмайды. Науқастанбас үшін жиі-жиі қора-қопсыны залалсыздандырып тұрамыз. Бір инкубаторға 300 жұмыртқа сияды. Бір айға жуық уақытта жарып шығады. Біз қырғауылдың аңшылыққа арналған түрін ғана өсіреміз. Себебі олар өте төзімді келеді. Ал, басқа түрі нәзік болады. Еті мен жұмыртқасы денсаулыққа пайдалы, әрі өте дәмді» - дейді жас кәсіпкер Гүлдана Жарылқадиева.


Соңғы жаңалықтар