27 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 27 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

туған күн
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

62 жыл бұрын (1963) Атырау облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Қойланұлы ДЖАНТОКОВ дүниеге келді.

Атырау облысының Қызылқоға ауданында дүниеге келген. В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «тау-кен инженері» мамандығы бойынша және Атырау инженерлік-гуманитарлық институтын «экономист» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1981 жылы Мақат ауданының баспаханасында бастаған. 1989-1992 жылдары «Ембімұнайгеофизика» өндірістік филиалында жұмыс істеді. Кейін кәсіпкерлік қызметпен айналысты. 1994 жылы Мемлекеттік қызметке ауысып, халықты жұмыспен қамту саласында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 1999-2003 жылдары Мақат ауданы әкімінің орынбасары, 2003-2007 жылдары осы ауданның әкімі қызметін атқарды. 2007-2010 жылдары Атырау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып жұмыс істеді. 2010-2021 жылдары түрлі кәсіпорындар мен компанияларда басшылық қызметтерде болды. 2021 жылы «Махамбет ауданы Орман және жануарлар дүниесін қорғау» КММ эколог болып жұмыс істеді.

«Құрмет» орденімен, II дәрежелі «Еңбек Даңқы» белгісімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

54 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Президент орталығы директорының орынбасары Ботагөз Мұттахетденқызы ҚАЙЫПОВА дүниеге келді.

Ақмола облысы, Ерейментау қаласында туған. Ақмола мемлекеттік педагогикалық университетін «Тарих және әлеуметтік педагогика» мамандығы бойынша, Ақмола педагогикалық университетінің аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолы: 1989-1995 жылдары Ерейментау ауданындағы Еңбек сегізжылдық мектебінің тарих пәнінің мұғалімі, 1999-2002 жылдары Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті археология және этнология кафедрасының оқытушысы, аға оқытушы, тарих және халықаралық қатынастар факультеті деканының орынбасары қызметін атқарды. 2002-2004 жылдары ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының «Саяси технологиялар» кафедрасының меңгерушісі, мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет теориясы мен тәжірибесі ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, 2004-2008 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің бас сарапшысы, бас инспекторы, сектор меңгерушісі, 2008-2016 жылдары «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары, 2017 жылы «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы» мемлекеттік мекемесі Ұйымдастыру жұмысы қызметінің басшысы, 2017 жылы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары қызметін атқарды.

«Ерен еңбегі үшін», «ҚХА 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» медальдарымен марапатталған.

47 жыл бұрын (1978) «Тараз» АҚ басқарушы директоры Назгүл Шолпанқұлқызы ҚАРНАҚОВА дүниеге келді.

М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құрылыс кәсіпорындарындағы экономика және менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2007 жылы «ҚазАгро» Ұлттық холдингі» АҚ экономика және қаржы департаменті директорының орынбасары, 2007 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ жоспарлау бөлімінің бастығы, 2007-2008 жылдары Басқарма мүшесі, 2007-2008 жылдары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қаржы департаментінің директоры, 2008 жылы «ҚазАгро» Ұлттық холдингі» АҚ басқарушы директоры, 2008-2012 жылдары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2012-2014 жылдары «ИНГИ& ИТ Қазақ-Британ техникалық университеті» АҚ қаржы директоры қызметін атқарған. 2014-2018 жылдары «Қазақ-Британ техникалық университеті» АҚ Қаржы-экономикалық департаментінің директоры, 2018-2019 жылдары «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры, 2019 жылы «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қаржы жөніндегі басқарушы директор, Басқарма мүшесі, 2019 жылы «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ қаржы жөніндегі басқарушы директоры, 2019 жылы «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры — Басқарма мүшесі, 2019 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарушы директоры — Басқарма мүшесі.

Қазіргі қызметін 2024 жылдан бері атқарып келеді.

45 жыл бұрын (1980) «Банк ЦентрКредит» АҚ басқарма төрағасы Руслан Владимирович ВЛАДИМИРОВ дүниеге келді.

Алматы мемлекеттік университетін халықаралық экономист мамандығы бойынша (1997-2001); Халықаралық бизнес академиясын бизнесті басқару мамандығы бойынша бітірген (2008-2010).

Еңбек жолы: ЦентрКредит Банкінің Алматы қалалық филиалы Несие департаментінің Талдау және мониторинг секторының кіші несие қызметкері (2002); «Банк ЦентрКредит» Алматы қалалық филиалы Кредиттік кеңсесінің Шағын және орта бизнесті несиелендіру департаментінің шағын және орта бизнесті несиелендіру секторының кіші кредиттік маманы, несиелік маманы (2002-2003); ЦентрКредит Банкінің Алматы қалалық филиалының Шағын және орта бизнесті несиелендіру департаментінің шағын және орта бизнесті несиелендіру секторының аға несиелік қызметкері (2003-2004); ЦентрКредит Банкінің Алматы қалалық филиалы Бизнес-клиенттерді несиелендіру басқармасының ірі жобаларды несиелеу бөлімінің бастығы (2004-2005); ЦентрКредит Банкінің Алматы қалалық филиалының № 12 РҚО менеджері (2005); ЦентрКредит Банкі Шағын және орта бизнес департаментінің несиелеу бөлімінің бастығы (2005-2006); Банк ЦентрКредит Алматы қалалық филиалының Бизнес-клиенттерді несиелендіру кеңсесі директорының орынбасары — менеджері (2006-2007); ЦентрКредит Банкінің Алматы қалалық филиалының Бизнес-клиенттерді несиелеу кеңсесінің менеджері (2008-2011); ЦентрКредит Банкі Алматы филиалының № 2 сату кеңсесінің менеджері (2011); «Банк ЦентрКредит» Алматы аймақтық несиелік талдау орталығының Несиелік талдау орталығының менеджері (2011-2014); «Банк ЦентрКредит» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры (2014-2016); «Банк ЦентрКредит» АҚ Несиелік тәуекел департаментінің директоры (2016-2018); «Банк ЦентрКредит» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі (2018-2022); «Eso Center Bank» ЕБ АҚ басқарма төрағасы (2022).

2022 жылдың қазан айынан бері қазіргі қызметінде.

122 жыл бұрын (1903-1958) қазақ тілі ғылымының теориясын қалыптастырып, практикамен байланыстырған алғашқы тілші ғалымдардың бірі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Сәрсен Аманжолұлы АМАНЖОЛОВ дүниеге келген.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген. 1931-1942 жылдары Қазақ педагогикалық институтының оқытушысы, қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, Қазақтың ұлттық мәдениетін зерттеу институтының директоры, ғылыми хатшысы, КСРО Ғылым академиясы Қазақстан филиалының тіл және әдебиет секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1942-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысты. Сол жылдарда қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, жауынгерлер арасында саяси-тәрбие жұмыстарын жүргiзді. Кеңес Одағының батырлары жөнiнде ақпараттар жариялап, қазақ тiлiнде «Қызыл армия үгiтшiсi блокнотының» жауапты редакторы болды. 1946 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының бөлім меңгерушісі болып істеді. Ғалым жалпы тіл білімі мен қазақ тіл білімінің теориялық негізін қалыптастыруда А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов бастаған ғылыми жұмыстарды ілгері жалғастырды. Ол жазған қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламалары ана тілін оқытуды ғылыми жолға қоюға елеулі ықпал етті. Сонымен қатар халық ауыз әдебиеті нұсқаларын жинап, әдеби тіл тарихын зерттеумен айналысты. «Қазақ диалектологиясының негізгі мәселелері» атты докторлық диссертациясында қазақтың әдеби тілі мен қазақ тілінің диалектілік негізін, оның қалыптасу тарихын, дамуын жан-жақты зерттеді, диалектілердің түркі тілдермен жақындығын, ру — тайпа — халық тілінің байланысын, даму жүйесін анықтады. Оның бұл еңбегі қазақ диалектологиясының, тіл білімінің бір саласы болып қалыптасуына негіз болды. Жалпы тіл біліміндегі синтаксис мәселелерін: сөйлемге берілген анықтамаларды, сөйлем мүшелерінің табиғатын, сөйлеудің синтаксистік құрылымын, сөйлеу мен ойлау арасындағы қарым-қатынасты зерттеді. Ол сөз таптарының сөйлем мүшесі болу шарттары, сөйлемнің элементтері мен дәнекерлері, интонация, оқшау сөздер, шақ пен жаққа қатысты синтаксистік категориялар, құрмалас сөйлемнің пайда болу жолдары, үйірлі мүше жайында тың қорытындылар жасады. Құрмалас сөйлемнің «аралас құрмалас» деген түрін енгізді.

С.Аманжолов қазақ тiлi мен тарихы жөнiнде бiрқатар оқу құралдарын жасады, қазақ жазуын реформалау жобасының авторы болды. Оны аса қызықтырған тағы бір мәселе — Қазақстан жерiндегi тау-тастарға жазылған көне жазулар мен ру таңбалары еді. Оның 200-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрді.

Ғалым алғашқылардың бiрi болып қазақ мақалдары мен жұмбақтарын, «Бөгенбай батыр» жинағын шығарды. Сондай-ақ, қазақ тiлiнiң академиялық түсiндiрме сөздiгiн, қазақ тiлiнiң қазақша-орысша сөздiгiн жасауға басшылық еттi. 1939-1940 жылдары профессордың жетекшiлiк етуiмен қазақ әдебиетiнiң классигi Абай Құнанбаевтың толық шығармалар жинағы басылып шықты.

115 жыл бұрын (1910-1995) әдебиет сыншысы, жазушы, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мұхамеджан Қожасбайұлы ҚАРАТАЕВ дүниеге келген.

Қызылорда облысы Сырдария ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтын, Ленинградтың Тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, төрағасы қызметтерін атқарған. Қазақ педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, Жамбыл педагогикалық училищесінің оқытушысы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының редакторы, бас редакторының орынбасары, директоры, Қазақстан Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және тіл институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, Қазақ совет энциклопедиясының бас редакторы болған. 1988 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының бас кеңесшісі болып істеген.

Оның алғашқы күрделі еңбегі — Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы туралы мақаласы. Әдеби жұртшылық арасында үлкен айтыс туғызған бұл поэманың көркемдік-идеялық құны туралы дұрыс талдау жасады. Ғабит Мүсіреповтің «Шұғыла» повесі туралы да оның сол кездегі мақаласы жұртшылық назарын аударды. Мұхамеджан Қаратаев тұтас алғанда қазақ әдебиетінің түрлі мәселелерін қамтыған жеті жүзден астам мақаланың, қырықтан аса кітаптың авторы. Ғалым еңбектерінің негізгі арқауы — қазақ әдебиетінің тарихи жолы мен өсу сатылары, туған елдің топырағынан жаралып, ана сүтімен енген ұлттық дәстүр, оның жаңа сапада қалыптасуы, түр мен мазмұнның біте қайнасып, шеберліктің шыңдалуы. Сонымен қатар көркем әдебиеттің эстетикалық мұраты жөнінде де толымды пікірлер айтты. Көркем шығармашылықпен де шұғылданды. Оның «Даладағы дабыл» атты көркем публицистикалық романы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді. Ол көркем аударма саласына да елеулі еңбек сіңірді. М.Горькийдің «Менің университетім», М.Шолоховтың «Тынық Дон» романының 3 кітабын қазақ тіліне тәржімалады. Сондай-ақ көркем аударма теориясын дамытуға қызу ат салысып, қазақ әдебиетін орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне аударудың негізгі мәселелері жайында сүбелі еңбектер жазды. Көптеген оқулықтардың авторы, хрестоматиялардың құрастырушысы. 6 томдық Қазақ әдебиеті тарихының үш томының, орыс тілінде шыққан Қазақ әдебиеті тарихының кеңестік дәуіріне арналған томының бас редакторы және негізгі авторларының бірі.

Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. Халықаралық әдебиет сыншылары қауымдастығының мүшесі, екі мәрте Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында 2010 жылдың қыркүйек айында белгілі публицист, әдебиет сыншысы, жазушы Мұхамеджан Қаратаевтың туғанына 100 жыл толу мерейтойы атап өтілді.

112 жыл бұрын (1913-1999) актер, Қазақстанның халық әртісі Шахан Әлімханұлы МУСИН дүниеге келген.

Павлодар облысының Май ауданында туған. Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Семей облысы Бесқарағай аудандық атқару комитетінің хатшысы, Семей облыстық қазақ драма театрының, Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының, Қазақ академиялық драма театрының актері болған. Осы театрлар сахнасында Бидахмет (І.Жансүгіров «Кек»), Арыстан, Есен (М.Әуезов «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек»), Әбіш (Б.Майлин «Шұға»), Ақан (Ғ.Мүсірепов «Ақан сері-Ақтоқты»), Сырым (М.Әуезов «Қарагөз»), Айдар (М.Әуезов, Л.Соболев «Абай»), Махамбет (Ғ.Сланов «Махамбет»), Сапар (Т.Ахтанов «Сәуле»), Әлжанов (А.Жағанов «Беймаза әйел»), Дзержинский (А.Каплер «Ленин 1918 жылы»), Әпенде (Н.Хикмет «Әпенде»), Моцарт (А.Пушкин «Шағын трагедиялар»), Телегин (А.Чехов «Сүйікті менің апатайым») рөлдерін ойнаған. Ақындық өнермен айналысып, көптеген өлеңдер жазған. 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. Актер киноға да түсіп, Рүстемов («Бұл Шұғылада болған еді»), Сапаров («Біз осында тұрамыз»), Баймағанбет («Шоқан Уәлиханов»), Профессор («Ұлан»), Ректор («Қосымша сауда»), Төле би («Жаушы») рөлдерін ойнаған. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

110 жыл бұрын (1915-2006) ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының, Жаратылыстану Ғылым Академиясының академигі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты Әбілқас Сағынұлы САҒЫНОВ дүниеге келді.

Павлодар облысы Баянауыл ауданы Баянауыл кентінде туған. Қарағанды тау-кен техникумын, Днепропетровск тау-кен институтын бітірген.

Еңбек жолын «Прибалхашстрой» тресінің Өспен руднигінде моторист болып бастаған. 1939-1948 жылдары — Қарағанды көмір бассейндерінде учаске бастығы, бас инженер, шахта бастығы, техникалық бөлімінің меңгерушісі. 1948-1951 жылдары — Қарағанды ауданы мемлекеттік қалалық техникалық қадағалау басқармасының бастығы, «Қарағандыкөмір разрездері» тресінің бас инженері. 1951-1955 жылдары — Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу көмір институты Қарағанды филиалының директоры. 1955-1958 жылдары — Қарағанды тау-кен институтының ректоры. 1958-1987 жылдары — Қарағанды политехника институтының ректоры, кафедра меңгерушісі. 1987-1991 жылдары — Қарағанды политехника институты ректорының кеңесшісі. 1991-2001 жылдары — Қазақстан Ғылым Академиясы Жер қойнауын кешенді игеру мәселелері институтының директоры. 2001-2006 жылдары Қарағанды бизнес, басқару және құқық университетінің президенті қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері көмір қабаттарын қолайлы жүйелермен өндіруге, тау-кен техникасын кемелдендіруге, жер асты құрылыстарының беріктігін зерттеуге, шахта алаңдарын аршу және дайындау сұлбаларын жетілдіруге арналған. Пайдалы қазбалар орындарын игерудің кешенді механизациясы мен технологиясы ғылыми мектебінің негізін қалаған. Әбілқас Сағыновтың басшылығымен және тікелей қатысуымен Қарағанды көмір бассейнінде алғаш рет кертпешті және үшқабатты қазу, күкіртті газы бар қаттарды қазудың технологиясы, массивті физикалық-химиялық беріктеу, тағы басқа бойынша кешенді тәжірибелік жұмыстар мен өндірістік сынақтар жасалған. «Көмір өндірудің технологиялық есебі процестері» (тең авторлы), «Көмір шахталарының технологиялық схемаларын біріктіру» (тең авторлы), «Қарағанды бассейнінің көмір қабатын әзірлеу мәселелері», «Пластикалық карьер конвейерлерінің есебі және жобалау негіздері» (тең авторлы), «Мәшиненің соғу органдарының гидроимпульсті жүйесін құрудың теориялық негіздері» (тең авторлы), «Механикалық ұстамдарды жетілдіру және дамыту жолдары» (тең авторлы), «Өткен белестер туралы» еңбектері мен 300-ден астам ғылыми жарияланымның авторы, оның ішінде монографиялар, авторлық куәліктер мен патенттер бар. Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, екі мәрте Ленин, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Парасат» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар