28 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі
АТАУЛЫ КҮНДЕР
«Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалыс күні
1989 жылдың 25 ақпанында ядролық қаруға қарсы ауқымды қозғалыстың тарихы қазақ жерінен басталды. Дәл осы күні жазушы Олжас Сүлейменов КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидат ретінде өзінің сайлауалды бағдарламасы бойынша сөз сөйлеуі керек болатын. Бірақ ол осыдан бірнеше күн бұрын болған екі жарылыс (12 және 17 ақпан) туралы сөйледі. Осылайша ол бүкіл қазақ даласына Семей полигонының қасірет төндіретінін айтып, алматылықтарды митиңге шығуға үндеді. Кейіннен Қазақстан Жазушылар одағына мыңға жуық жастар жиналды. Митиңде алғашқы антиядролық қозғалыс құрылды. Оған тарихтағы ең үлкен ядролық қару сынағы өткен екі қаланың атауы беріліп, «Невада-Семей» қозғалысы аталды. Қозғалыс басшысы белгілі жазушы Олжас Сүлейменов болды.
Халықаралық сирек кездесетін аурулар күні
Жыл сайын ақпанның соңғы күні атап өтіледі. Оның мақсаты-сирек кездесетін аурулар туралы хабардарлықты арттыру және оларды емдеуге қол жетімділікті жақсарту. Бұл күн 2008 жылы Еуропалық сирек кездесетін ауруларды зерттеу ұйымының (EURORDIS) бастамасымен енгізілді, өйткені қазіргі уақытта көптеген сирек кездесетін ауруларды емдеу жеткіліксіз, ал сирек кездесетін аурулардың құрбандары мен олардың отбасы мүшелерін қолдау үшін әлеуметтік желілер нашар дамыған.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы ҚР Байланыс министрлігіне қарасты «Қазтелеком» кәсіпорыны Алматыда халықаралық спутниктік байланыс жүйесін орнататын Аустралияның «ОТС» фирмасымен келісімшартқа отырды. Қазақстан Аустралия арқылы бүкіл әлеммен байланысу мүмкіндігіне ие болды.
2002 жылы Алматыда Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Орталық Азия ынтымақтастық ұйымын құру туралы келісімге қол қойды.
2006 жылы ҚР Ұлттық кітапханасында Орталық Азиядағы 5 мемлекетте Кеңес одағы кезінде түсірілген фильмдермен қатар, соңғы 10-15 жылда көрермендер назарына ұсынылған туындылар қоса жазылған DVD жинағының таныстырылымы болды. Мұнда Орталық Азия елдерінде түсіріліп, халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болған 20-ға жуық көркем фильм 10 DVD дискіге бөлініп жазылған. Ал Қазақстан жағынан Шәкен Аймановтың «Атамекені» мен Серік Апырымовтың «Ақсу» көркем фильмі енгізілсе, Қырғызстан мен Өзбекстанда түсірілген фильмдер ішінен «Күрделі асу», «Бескемпір», «Сен - жетім емессің», «Шешен», «Келін», «Хасан арбакеш» секілді туындылар басылыпты.
2007 жылы Иерусалимде (Израиль мемлекеті) Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі жөнінде екіжақты келіссөздер өтті.
2011 жылы Астанада Литваның сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис ресми түрде Алматыдан көшірілген литвалық елшілікті ашты.
2012 жылы Женевада БҰҰ Ұлттар сарайында «Қазақстан» көп салалы залының таныстырылымы өтті. «Қазақстан» залы синхронды аударма үшін, фильмдерді көрсету және концерттік бағдарламаларды қою үшін жаңа техникамен жабдықталған.
2013 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаев Кишинев қаласында Қазақстан Республикасының бас консулдығын ашу туралы Жарлыққа қол қойды.
2017 жылы Дубайда өткен Әлем кубогында пауэрлифтинг бойынша Қазақстан паралимпиадашылары 2 алтын, 1 күміс медальға қол жеткізді. Жасөспірімдер арасында 49 келі салмақ дәрежесінде Захар Буйлов, 59 келіде Ақжол Жарылғапов алтын медаль алды. Ересектер арасында 50 келі салмақта сынға түскен Кәбира Асқарова күміс жүлдеге ие болды.
2019 жылы Астана қаласы білім саласында инвестициялық жобаға қол қойылған қазақстандық алғашқы қала болды. Бизнесмендер жобаны 100% қаржыландыруға қамтамасыз етеді, ал қалалық билік құрылыс салу үшін жер учаскесін заттай грант түрінде ұсынады. 1 мың орындық мектеп пен 250 орынға арналған балабақшасы бар SABIS халықаралық мектебінің құрылысы туралы келісімге қол қойылды.
2020 жылы Нью-Йоркте «Barclays Arena» жұлдыздар галереясында аталмыш аренада концерт берген Beyonce, Elton John, Justin Timberlake, Rihanna секілді көптеген әлемдік таланттармен бірге әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің де суреті пайда болды.
2022 жылы Қазақстандық Заңғар Нұрланұлы Франция астанасында 14 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы Tennis Europe сериясының бірінші санатты супертурнирінде жеңіске жетті. Tennis Europe турнирлер сериясындағы төртінші жүлдесіне жету жолында ол Австрия, Ресей және Францияның мықты ойыншыларын жеңді.
2022 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде жұмысын бастады. Бұл Қазақстанның 2022-2024 жылдар аралығындағы Кеңеске мүшелік шеңберінде бүкіл әлемде адам құқықтары мен бостандықтарын жалпыға бірдей құқықты дамыту және қорғау мақсатында басқа мемлекеттермен тиімді өзара іс-қимыл жасау ниетін растады. Қазақстанды кеңеске қосу туралы шешім ұлттық және халықаралық деңгейде адам құқықтарын қорғау және ілгерілету жөніндегі күшті міндеттемеге негізделген.
2022 жылы қазақстандық теннисші Анна Данилина өзінің жеке рекордын жаңартып, Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) рейтингінің ТОП-20 қатарына енді.