28 ақпан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 28 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

28 ақпан. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform/ Midjourney

ЕСІМДЕР

61 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Ноғайұлы АСЫЛОВ дүниеге келді.

Берік Ноғайұлы АСЫЛОВ
Фото: egemen.kz

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Бірлік ауылында туған. 1991-1992 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданы прокуратурасының тағылымдамашысы, 1992 жылдың 17 наурызында Алатау аудан прокуратурасының аға тергеушісі қызметін атқарған. 1993 жылы Бас прокуратура тергеушісі, аға тергеушісі, 1995-1996 жылдар аралығында Алматы әуе көлік прокурорының орынбасары болды. 1996 жылдың сәуірі мен желтоқсаны аралығында Мемлекеттік тергеу комитеті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс министрлігінің әскери барлау қызметінде, Президент күзеті қызмет органдарында жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бойынша бөлім бастығы лауазымында қызмет атқарды. 1996 жылдың желтоқсан айында ҚР Бас прокуратурасының жедел- іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бойынша бөлімінің аға прокуроры болып тағайындалды. Сол жылы аталған бөлімнің бастығы лауазымына ұсынылып, онда 2001 жылға дейін қызмет етті. 2001 жылдың қаңтарынан 2003 жылдың сәуіріне дейін Шымкент қаласының прокуроры, 2003-2005 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, 2005-2006 жылдары облыс прокурорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 2006-2008 жылдары Батыс аймақтық көлік прокуроры, 2008 жылдың наурызынан 2010 жылдың маусымына дейін Ақтөбе облысының прокуроры болды. 2010 жылдың маусым айынан 2011 жылға дейін - Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары. 2011-2017 жылдары Алматы қаласының Бас прокуроры. 2017-2019 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры. 2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары.

2022 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалімен және «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медалімен марапатталған. 2011 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 3 дәрежелі «Мемлекеттік әділет кеңесшісі» шеніне ие болды.

50 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Бас көлік прокуроры Тимур Қайырбекұлы СҮЛЕЙМЕНОВ дүниеге келді.

 Тимур Қайырбекұлы СҮЛЕЙМЕНОВ
Фото: Gov.kz

Ресей Федерациясының Новосібір облысында Куйбышев қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «халықаралық құқық» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы Алматы қаласы Алмалы аудандық прокуратурасында Құқықтық статистика және ақпарат орталығында прокурор көмекшісі болып бастаған. 2008-2013 жылдары Алмалы ауданы прокурорының аға көмекшісі, Алматы қалалық прокуратурасында Жедел-іздестіру, тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау жөніндегі басқармасының прокуроры, Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 2013 -2017 жылдары Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары, 2017-2021 жылдары Қостанай облысының прокуроры, 2021-2022 жылдары ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының басшысы қызметін атқарды.

2022 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Прокуратурасына 20 жыл», «ҚР Конституциясына 20 жыл», «ҚР Прокуратурасына 25 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Мінсіз қызметі үшін» III, II, I дәрежелі медальдарімен; ІІ дәрежелі «Прокуратура озаты», «Прокуратураның құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталған.

42 жыл бұрын (1983) «Қазпочта» АҚ желілік басқару, логистика және сатып алу жөніндегі басқарушы директоры Ержан Қалдыбайұлы ҚАЗАНБАЕВ дүниеге келді.

Ержан Қалдыбайұлы ҚАЗАНБАЕВ
Фото: Gov.kz

Алматы қаласында туған. 2006 жылы Алматы технологиялық университетін, 2008 жылы Абердин университетін (Ұлыбритания) бітірген.

Еңбек жолын 2008 жылы «Экспресс Банк» АҚ-ында комплаенс-бақылаушы болып бастаған. 2008-2010 жылдары коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеді. 2010-2012 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Инвестициялық саясат департаменті Инвестициялық саясат басқармасының сарапшысының м.а., сарапшысы қызметін атқарды. 2012-2013 жылдары ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Кәсіпкерлікті қаржылай қолдау басқармасының бастығы, 2013 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Мемлекет міндеттемелерін басқару және қаржы секторын дамыту саясаты департаменті Мемлекет міндеттемелерін басқарармасының саясат басқармасының басшысы, 2013-2016 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Экономика салаларын дамыту департаменті директорының орынбасары, 2016-2019 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Экономика салаларын дамыту департаментінің директоры, 2019-2020 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2020-2022 жылдары ҚР Сауда және интеграция вице-министрі болды.

2023 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.

179 жыл бұрын (1846-1945) ақын, жырау, жыршы Жамбыл ЖАБАЕВ дүниеге келген.

Жамбыл ЖАБАЕВ
Фото: adebiportal.kz

Қазіргі Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде туған. Жасынан өлең-жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, «Менің пірім - Сүйінбай...» деп Жамбылдың өзі жырға қосқандай, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алған. Жамбыл 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетке қатысты. 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғап, тағы бір көзге түсті. «Замана ағымы», «Белсенділерге», «Қазақстан тойына», «Жастар алдындағы сөз» сияқты арнау, толғаулары осы тұста жырланды. Оның үздік шығармалары 40-тан астам шет елдер тілдеріне аударылды. Ұлы жырау қазақ халқын, оның поэзиясын бүкіл әлемге жария етті. 1938 жылы Жамбылдың шығармашылық өнерінің 75 жылдығын тойлағанда, оған әлемнің әр түкпірінен құттықтаулар келді. Ромен Роллан, Мартин Андерсен, Нексе, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. ХХ ғасырдағы халық ақындарына Жамбылдың әсері өте зор болды. Бұл қатарда Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Әбдіғали Сариев, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев, Саяділ Керімбеков, Орынбай Тайманов сияқты белгілі импровизаторлар бар. 1941 жылы Сталиндік (кейін КСРО Мемлекеттік) сыйлығының лауреаты атанған. І сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше аудандарға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына, мектептерге, көшелерге берілген. Қазақ халқы Жамбылдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық, 160 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті.

Соңғы жаңалықтар