28 қаңтар. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

28 қаңтар ДҮЙСЕНБІ
Ядролық қаруға қарсы жұмылудың халықаралық күні. 1985 жылы Үндістан, Аргентина, Грекия, Мексика, Танзания және Швецияның мемлекет және үкімет басшыларының Делиде өткен кездесуінде Дели декларациясы қабылданды. Онда ядролық қаруы бар ірі мемлекеттерді, басқа да елдердің парламенттері мен үкіметтерін ядролық қаруды көбейту ісіне қарсылық білдіруге шақырды.
Армения армиясы күні. 1992 жылы 28 қаңтарда «Армения Республикасының қорғанысы туралы» тарихи шешім қабылданып, Армения Ұлттық армиясы құрылды.
Мәліметтерді қорғау күні. Жеке мәліметтерді қорғау туралы конвенцияға сәйкес 28 қаңтар Мәліметтерді қорғау күні болып белгіленді. Бұл күнді өткізу мақсаты азаматтардың өздері туралы қандай мәліметтер не үшін жиналып жатқанынан хабардар ету болды. Бұл күн 2007 жылы белгіленді және алғаш рет аталып өтті.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
2 2 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.
2 1 жыл бұрын (1993) ҚР Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясын қабылдады.
20 жыл бұрын (1994) «Түркістан» апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді.
20 жыл бұрын (1994) Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында Абай Құнанбайұлының шәкірті, ақын Көкбай Жанатайұлы атындағы қор ашылды.
2 40 жыл бұрын (1774) II Екатеринаның Жайық өзенінің атауын Орал өзені деп өзгерту туралы арнаулы жарлығы шықты. Жайық атауын енді ешқашан естімеуді мақсат еткен әйел патшаның бұл шешімі Е.Пугачев көтерілісін қолдаған Жайық казактарына, сондай-ақ оларға ішінара қосылып кеткен қазақтарға жасаған қысастығы болатын.
9 жыл бұрын (2005) Алматыда ресейдің танымал жазушысы Николай Анастасьевтің қазақстандық «Өлке» баспасынан шыққан «Небо в чашечке цветка» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Кітап қазақтың танымал прозашысы Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылығына арналған. Н.Анастасьев әр түрлі халықтың әдебиетіне арналған 10-нан астам монографияның және 1000-нан астам мақаланың авторы. Соның ішінде «Феномен Набокова», «Творчества Эрнеста Хемингуэя», «Владелец Йокнапатофы», «Обновление традиции» және басқаларын атап өтуге болады.
6 жыл бұрын (2008) Павлодарда журналистика ардагері Юрий Ковхаевтің «Крушение мифов» атты кітабы жарық көрді.
Оның беттерінде автордың өз замандастары өміріндегі экономикалық, әлеуметтік және адамгершілігі мен өнегелілігі жақтарынан сыр шертетін көркемдік прозалары мен танымдық мақалалары орын алған.
Ю.Ковхаев - облыстағы танымал журналист, көптеген повестер мен әңгімелердің авторы.
4 жыл бұрын (2010) Ақын Мұзафар Әлімбаевтің соғыс жылдарында Татарстан композиторы Мақсұт Латиповке жолдаған өлеңдері мен хаттары Астанадағы Қазақстанның ұлттық мұражайына табысталды.
3 жыл бұрын (2011) Ұлы Отан соғысының ардагері павлодарлық Қабиден Жұмабековке Украинаның мемлекеттік наградасы - «Ерлік» ордені салтанатты жағдайда табыс етілді.
3 жыл бұрын (2011) Павлодарда «Бір ел - бір кітап» акциясы Ж.Аймауытовқа арналған шығармашылық кешпен өтті. Онда ел болып оқуға жазушының «Ақбілек» романы таңдалды.
3 жыл бұрын (2011) Посткеңестік кеңістікте алғаш рет журналистердің «Өз кәсібінің үздігі» халықаралық конкурсы өтті.
3 жыл бұрын (2011) Мемлекет басшысы дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде елімізде медиация институтын енгізуге бағытталған «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
2 жыл бұрын (2012) Павлодарда Омбы және Тара қалаларынан келген ресейлік фотографтардың «Бұл жерде адамдар тұрады» атты көрмесі өтті.
1 жыл бұрын (2013) Нобель сыйлығының иегері, белгілі математик әрі экономист Джон Форбс Нэш әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтановтың «Экономика-математикалық әдістер мен үлгілер» атты кітабына өзінің жоғары бағасын берді.
ЕСІМДЕР
141 жыл бұрын (1873-1937) ақын, әдебиет зерттеушісі, ғалым, қазақ тіл білімінің атасы, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері БАЙТҰРСЫНҰЛЫ Ахмет дүниеге келді.
Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған. Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін, Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітірген. 1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі мектептер мен орыс-қазақ училищелерінде мұғалімдік қызмет атқарған. 1909 жылы патша үкіметінің саясатына қарсы наразылық білдіргені үшін Семей түрмесіне жабылып, 1910 жылы жер аударылған. 1913 жылы Орынборда «Қазақ» газетін ұйымдастырып, 1917 жылдың аяғына дейін оның редакторы болған. Қазақ елінің тәуелсіз мемлекеттігін армандап, сол жолда күрескен Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі көсемдерінің бірі болған ол кеңес өкіметі бел алған кезеңде халқына қызмет ету үшін большевиктер жағына шығып, 1919 жылы маусымның 24-інде Қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшелігіне тағайындалған. 1922-1925 жылдары Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, «Ақ жол» газетінің қызметкері, 1925-1929 жылдары Қазақ Халық ағарту институтының (Ташкент) және Қазақ педагогикалық институтының оқытушы болған.
Шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» деген атпен 1909 жылы Санкт-Петерборда жарық көрген. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсаған. Ақын Крылов мысалдары негізінде жазған әр туындысының соңына өзінің өзекті ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кезеңдегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.
«Маса» деген атпен жарық көрген екінші кітабына енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді шенеген. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болған. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы толғамды ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек-батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ», т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, жарыққа шығаруда зор еңбек сіңірген. Қазақтың «Ер Сайын» атты эпостық жырын алғысөзбен түсініктемелер жазып, 1923 жылы Мәскеуде шығарған. Қазақ ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау жырларын арнайы жүйелеп, сұрыптап, 1926 жылы «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялаған. Тілші-ғалым ретінде қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, араб әліпбиінің жайы, терминдер, қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы мақалалар жазған. 1926 жылы Бакуде өткен түркітанушылардың Бүкілодақтық 1-ші съезіне қатысып, «Түркі тілдеріндегі терминология жайлы» деген тақырыпта баяндама жасаған. Сонымен қатар қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсап, «Оқу құралы», «Тіл құралы»; ересектердің сауатын ашуға арнап «Әліпби», «Жаңа әліпби» атты оқулықтар мен ғылыми еңбектер ұсынған. Қазақ фонетикасы мен грамматикасын талдауда тілдің типологиялық ерекшеліктері мен өзіндік даму барысын ескеру принципін ұстанған. Сөйтіп, қазақ тіл білімін XX ғасырдың бас кезінде қалыптастырып, оның іргетасын қалаған.
А.Байтұрсынұлы 1929 жылдан бастап сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы атылған. Оның ардақты есімі мен асыл мұрасы 1989 жылы ғана ақталып, халқымен қайта қауышты. Оның атында көшелер, оқу орындары, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Тіл білімі институты, әдеби-мемориалдық мұражай-үйлер бар, ескерткіштер орнатылған.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
79 жыл бұрын (1935-2007) Қазақстанның ғылым мен техникасына еңбек сіңірген қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі АЙТАЛИЕВ Шмидт Мұсаұлы дүниеге келді.
Республикадағы жер асты құрылыстары механикасының ғылыми мектебін құрушылардың бірі.
Орал қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет) бітірген.
Қазақстан Ғылым Академиясы математика және механика секторының кіші ғылыми қызметкері, Қазақстан ҒА Математика және механика институтының аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, Қазақстан ҒА Сейсмология институтының зертхана меңгерушісі, Қазақстан ҒА Батыс бөлімшесінің төрағасы, Қазақстан ҒА физика-математика бөлімшесінің академик-хатшысы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының бас ғылыми қызметкері болып жұмыс атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері тау жыныстары механикасына арналған. Біртекті және әртекті анизотроптық серпімді-пластикалы тұтқыр массивтегі жер асты құрылыстарының статикалық және динамикалық кернеу күйін, деформациялануын, қозғалуын, беріктілігі мен орнықтылығын зерттеген. Жер асты бекітпелерінің жаңа құралымдарын есептеу әдістерін жасады. 9-10 балдық жер сілкінісі кезіндегі болашақ Алматы метросының сейсмикалық орталығын анықтады. Сондай-ақ терең мұнайгаз оқпарын бұрғылау динамикасының кейбір өзекті мәселелерін де зерттеді.
«Сейсмонапряженное состояние подземных сооружений в анизотропном массиве», «Оптимальное проектирование подземных сооружений», «Динамика тоннелей и подземных трубопроводов», «Метод граничных интегральных уравнений в задачах динамики упругих многосвязных тел», «Механика прихвата бурильных колони в нефтегазовых скважинах» атты кітаптардың, 260-ден аса ғылыми басылымдардың авторы.
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті сыйлығының иегері.
Екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, медальдармен марапатталған.
5 9 жыл бұрын (1955) ҚР Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы ТҮСІПБЕКОВ Рашид Төлеутайұлы дүниеге келді.
Шымкент қаласында туған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
Қарағанды қаласы Совет аудандық халық сотында 1981 жылы қараша айында халық судьясы болып тағайындалды. 1984-1999 жылдары - Қарағанды облысы Нұра аудандық соты төрағасы, Қарағанды облысы сотының төрағасы. 1999 жылдың сәуір айынан Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағалығына тағайындалды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты төрағасы міндетін атқарды. 2000 жылдың қазан айынан желтоқсан айына дейін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің төрағасы болды. 2000-2009 жылдары - Қазақстан Республикасының Бас прокуроры. 2009-2012 жылдары - ҚР Әділет министрі. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қаңтардан бері.
2 дәрежелі «Барыс» орденімен, Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен марапатталған.
57 жыл бұрын (1957) К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының әншісі АСАМБАЕВ Қияқбай Мұзапарұлы дүниеге келді.
Ресейдің Орынбор облысында туған. Республикалық эстрада-цирк өнері студиясын, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының вокалды-хор факультетін бітірген.
1986 жылдан Абай атындағы опера және балет театрының әншісі. 1999 жылдан - Астана қаласы мемлекеттік филармониясының әншісі. 2000 жылдан бері - қазірі қызметінде. Меценаттар клубының «Жылдың үздік әншісі» сыйлығының лауреаты. ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Мәдениет қайраткері.
4 5 жыл бұрын (1969) ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы КЕЛІМБЕТОВ Қайрат Нематұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Нарық институтын, Джорджтаун университетінің (АҚШ, Вашингтон) арнаулы бағдарламасын бітірген. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңес хатшылығының аға сарапшысы, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау агенттігінің департамент директорының орынбасары, директоры. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформа агенттігінің департамент директорының орынбасары. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасының бірінші қаржы вице-министрі. 2001-2002 жылдары - «ДВК» республикалық қоғамдық бірлестігі саяси кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасының бірінші қаржы вице-министрі. 2002-2006 жылдары - Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі. 2006-2008 жылдары - «Қазына» орнықты даму қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы. 2008 жылы қаңтардың 23-інде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды. 2008 жылғы қазанның 13-інен - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы. 2011 жылғы сәуірден - ҚР Экономика және сауда министрі. 2012 жылғы 20 қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды. 2013 жылдың қазанынан қазіргі қызметте.
43 жыл бұрын (1971) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы ӘШІМБАЕВ Мәулен Сағатханұлы дүниеге келді.
Алматыда туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетін бітірген. Саяси ғылымдарының кандидаты. Университетті бітіргеннен соң 1993-1994 жылдары Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің жүйесінде жұмыс істеді. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңес депутатының көмекшісі. 1995 жылғы маусым - қараша аралығында - Қауіпсіздік кеңесі аппаратының консультанты. 1995-1999 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Сараптау және стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, осы орталық жетекшісінің бірінші орынбасары. 1999-2000 жылдары - Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі. 2000-2002 жылдары - Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры. 2002-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры. 2005-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары. 2006-2011 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары. 2012 жылғы ақпаннан бастап V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін атқаруда. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. «Құрмет» орденімен марапатталған. 2003 жылы Джонс - Хопкинс университетінінің Халықаралық зерттеулер мектебінде (АҚШ) ғылыми стажировкадан өтті. Ағылшын тілін еркін меңгерген.
66 жыл бұрын (1948) қолөнер шебері, суретші, Қазақстандағы ұлттық этнодизайнның негізін қалаушы БӨЛТІРІКОВА Сәуле Төлебайқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, Жоғарғы безендіру өнері орталық студиясын (Мәскеу, 1974) бітірген.
1968-1969 жылдары - «Алматыгипрогор» жобалау институтында техник-сәулетші. 1972-1991 жылдары - Қазақ КСР көркемсурет қорының «Өнер» комбинатында монументтік цех суретшісі. 1985-1986 жылдары - Қаз КСР Көркемсурет қорының бас суретшісі. 1992 жылдан - «Нұр» республикалық шығармашылық бірлестігінің төрайымы. 1994 жылдан - Алматы қаласындағы «Құрастырмалы-монолитті үй құрылысы» шағын кәсіпорнында суретші-дизайнер. 1996 жылдан - «Эрик және К» кәсіпорнының сәулетшісі. 2002 жылдан Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясында кафедра профессорнының ассистенті. 2006 жылдан - «Баспана контракшн» ЖШС жобалардың бас сәулетшісі. 2007 жылдан - шығармашалық жұмыста. «Мәдениет қайраткері».
Архитектор, сән, қолөнері және монумент өнері саласында жұмыс істейді. Оның шығармаларының ерекшелігі - халық өнерін бүгінгі үлгімен және дизайндық жаңалықтармен ұштастыруымен ерекшеленеді. Сәуле Төлебайқызы Абайдың 125 жылдық мерейтойына орай «Абай дәуірі» (1968, құлын және ондатр терісі, автор қоры) еңбегін әзірледі. Туындылары Қазақстанда, Түркіменстанда, Польшада, Латвияда, Венгрияда, Словакияда, Чехияда, Финляндияда, Данияда, Италияда (Сардиния аралы), АҚШ-та, Қытайда, РФ, Молдавияда, Германияда («Gold» галереясы) сақталуда. Еңбектері халықаралық, бүкілодақтық, республикалық, аймақтық, аумақтық, қалалық, тақырыптық жеке көрмелерде қойылған.
127 жыл бұрын (1887-1982) көрнекті поляк және американ пианисі Артур РУБИНШТЕЙН дүниеге келді.
76 жыл бұрын (1938) кеңестік ауыр атлет, әлем рекордшысы және екі мәрте олимпиада чемпионы ЖАБОТИНСКИЙ Леонид Иванович дүниеге келді.
46 жыл бұрын (1968) театр және кино актрисасы, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Ольга КАБО дүниеге келді.