28 қаңтар. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 28 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

туған күн
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

69 жыл бұрын (1955) көрнекті мемлекет қайраткері Рашид Төлеутайұлы ТҮСІПБЕКОВ дүниеге келді.

Рашид Төлеутайұлы ТҮСІПБЕКОВ
Фото: finance.kz

Шымкент қаласында туған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

1981 жылы Қарағанды қаласының аудандық халық сотының судьясы болып тағайындалды, 1984-1999 жылдары Қарағанды облысы Нұра аудандық сотының төрағасы, Қарағанды облысы сотының төрағасы қызметтерін атқарды. 1999 жылы ҚР Жоғарғы Соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып тағайындалды. 2000 жылдың қазан айынан желтоқсан айына дейін ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің төрағасы, 2000-2009 жылдары ҚР Бас прокуроры болды. 2009-2012 жылдары ҚР Әділет министрі, 2012-2014 жылдары ҚР Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы, 2014-2015 жылдары ҚР Жоғары сот кеңесінің төрағасы, 2015-2019 жылдар аралығында ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды.

2 дәрежелі «Барыс» орденімен, Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен марапатталған.

58 жыл бұрын (1966) «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Зарлықұлы АЙМАНБЕТОВ дүниеге келді.

 Мәулен Зарлықұлы АЙМАНБЕТОВ
Фото: finance.kz

Алматы қаласында дүниеге келген. Игерген мамандықтары — жол-құрылыс инженері, агроном, экономист және іскерлік басқару магистрі.

Еңбек жолын 1990 жылы «Алматыгорстрой» тресінің 2-ші құрылыс-монтаждау бөлімінің бригадирі болып бастаған. Кейін осы бөлімнің бригадирі, бөлім бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. 2000-2006 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Фитосанитарлық» РМК бас директоры, 2006-2008 жылдары ҚР Президенті Іс басқармасына бағынышты ұйымдарда түрлі жауапты қызметтер атқарды, 2008-2013 жылдары Астана қаласы «Алматы» ауданы әкімінің орынбасары болды. Сонымен қатар Көкшетау қаласы автомобиль жолдары комитетінің Ақмола облысы автомобиль жолдары департаменті директорының орынбасары болып жұмыс істеді. 2014-2020 жылдары «Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы» ММ Күрделі жөндеу құрылыс бөлімінің басшысы қызметін атқарды. 2020-2022 жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болды.

2022 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

53 жыл бұрын (1971) ҚР Бас прокуратурасы басқармасының басшысы Алмаз Оралұлы МҰХАМЕТЖАНОВ дүниеге келді.

Алмаз Оралұлы МҰХАМЕТЖАНОВ
Фото: ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ​​мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1994-1998 жылдары Қарағанды ​​қаласы Совет ауданы прокурорының көмекшісі, тергеушісі, Қарағанды ​​облысы прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің прокуроры, 1998-2003 жылдары Астана қаласы бойынша Тарихи статистика орталығының басшысы, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, Бас прокуратураның халықаралық байланыстар департаменті басшысының орынбасары, Ұйымдастыру-құқықтық және мемлекеттік қызмет басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 2003-2006 жылдары Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының орынбасары, 2006-2009 жылдары Бас Прокурордың көмекшісі, Бас прокуратураның ұйымдастыру-бақылау жұмысы басқармасының бастығы болды. 2009-2012 жылдары Әділет министрлігі Заңды тұлғаларды тіркеу департаментінің директоры, 2012-2024 жылдары ҚР Бас Прокуратурасының Заң шығару қызметін үйлестіру департаментінің бастығы қызметін атқарды.

2024 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

53 жыл бұрын (1971) ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Сағатханұлы ӘШІМБАЕВ дүниеге келді.

Мәулен Сағатханұлы ӘШІМБАЕВ
Фото: senate.parlam.kz

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетін бітірген. Саяси ғылымдар кандидаты.

Университетті бітіргеннен соң 1993-1994 жылдары Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігі жүйесінде жұмыс істеді. 1994-1995 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңес депутатының көмекшісі, 1995-1999 жылдары Қауіпсіздік кеңесі аппаратының консультанты, ҚР Президенті Әкімшілігі Сараптау және стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, осы орталық жетекшісінің бірінші орынбасары, 1999-2000 жылдары Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі, 2000-2002 жылдары Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі — ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, 2002-2005 жылдары ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, 2005-2006 жылдары ҚР Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, 2006-2011 жылдары V сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, 2012-2016 VІ сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, 2019 жылы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, ҚР Президентінің көмекшісі, 2019-2020 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары болды.

2020 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен, «Астанаға 10 жыл» медалімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.

45 жыл бұрын (1979) Атырау облысының прокуроры Бауыржан Альбертұлы ЖҰМАҚАНОВ дүниеге келді.

  Бауыржан Альбертұлы ЖҰМАҚАНОВ
Фото: Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі

Ақтөбе облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 2003 жылы Қандыағаш көлік прокурорының көмекшісі қызметінен бастаған. Қандыағаш, Ақтөбе көлік прокурорларының аға көмекшісі, Батыс аймағының көлік прокуратурасының прокуроры, аға прокуроры, басқарма аға прокуроры, Ақтөбе облысы прокуратурасының басқарма аға прокуроры, Алматы қаласы Бостандық ауданы прокурорының орынбасары және прокуроры, Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінің аса маңызды қылмыстық істерді тергеу басқармасындағы Бас прокурордың көмекшісі, Арнайы прокурорлар қызметінің Бақылау-әдістемелік басқармасындағы Бас Прокурордың көмекшісі қызметтерін атқарған. 2019-2022 жылдары Атырау облысы прокурорының орынбасары қызметін атқарды.

2022 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.