28 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 28 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады. 

28 қараша. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform/ Midjourney

53 жыл бұрын (1972) «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсет Маратұлы МАҒАУОВ дүниеге келді.

 Әсет Маратұлы МАҒАУОВ
Фото: baq.kz

Гурьев (қазіргі Атырау) облысында туған. И. М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын отын-энергетика кешені салаларындағы экономика және менеджмент мамандығы бойынша бітірген (1994).

Еңбек жолы: «Теңізмұнайгаз» ӨБ экономист, бөлім бастығының орынбасары (1994-1998); Қазақстан Республикасы Энергетика және технологиялар министрлігі Салық және тариф саясаты департаменті бастығының орынбасары, бөлім бастығы, директорының орынбасары, Мемлекеттік активтерді басқару департаменті директорының орынбасары (1998-2001); «Қазақойл» ҰОК ЖАҚ Теңіз жобасы бөлімінің бас менеджері (2001); «Мұнай және газ көлігі» ҰК» АҚ сервистік жобалар департаменті директорының орынбасары (2001-2002); Директордың орынбасары, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ТШО акцияларын басқару департаментінің директоры (2002-2004); «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары (2004-2006); «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ акцияларын басқару жөніндегі басқарушы директор (2006-2008); Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі (2008-2010); Қазақстан Республикасы Мұнай және газ вице-министрі (2010-2011); «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры (2011-2012); «KAZENERGY» Қазақстандық мұнай-газ және энергетикалық кешен ұйымдарының қауымдастығы» АА бас директоры (2012-2016); Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі (2016-2017); «KAZENERGY» Қазақстандық мұнай-газ және энергетикалық кешен ұйымдарының қауымдастығы» АА бас директоры (2017-2019); Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі (2019-2024).

2024 жылдың қыркүйек айынан бері қазіргі қызметінде.

53 жыл бұрын (1972) ҚР мемлекет және қоғам қайраткері Айқын Ойратұлы ҚОҢЫРОВ дүниеге келді.

Айқын Ойратұлы ҚОҢЫРОВ
Фото: pkzsk.info

Бұрынғы Көкшетау облысы Куйбышев қала үлгісіндегі кентінде туған. Көкшетау мемлекеттік университетін, «Фемида» Қарағанды заң академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы Куйбышев аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының автобазасында слесарь болып бастаған. 1997 жылдан бастап кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. 2004-2011 жылдары — «News Print» ЖШС жетекшісі («Московский комсомолец в Казахстане» газетін шығару). 2005-2006 жылдары — Алматы қалалық комитетінің екінші хатшысы. Партияны тіркеген мезгілден бастап қазіргі уақытқа дейін ҚКХП Орталық комитеті аппаратының жетекшісі. 2007 жылы ҚКХП Орталық комитеті Бюросының мүшесі. 2004, 2007 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына ҚКХП атынан депутаттыққа кандидат болып қатысты. 2007 және 2011 жылдары ҚКХП республикалық сайлауалды штабы жетекшісінің орынбасары қызметін атқарды. 2012-2016 жылдары — ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің мүшесі, 2021-2023 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің VII депутаты, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің мүшесі.

44 жыл бұрын (1981) ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII сайланған депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Таңсәуле Ғабдыманапұлы СЕРІКОВ дүниеге келді.

Таңсәуле Ғабдыманапұлы СЕРІКОВ
Фото: Мәжіліс

Қарағанды ​​облысы Нұраталды ауылында туған. 2003 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын, автоматты электр байланысы мамандығы бойынша, 2005 жылы Қарағанды ​​қаржы институтын экономика мамандығы бойынша, 2014 жылы Қарағанды ​​мемлекеттік техникалық университетін бітірген.

Еңбек жолы: 2003-2015 жылдары инженер, жоғары санатты инженер, бас инженер, «Қазақтелеком» АҚ филиалы Қарағанды ​​облыстық телекоммуникациялар дирекциясының цех бастығы, 2022 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің инклюзивті білім беру мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарды.

2023 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

Жас ғалымдарға арналған академик А. Сағынов атындағы медальмен, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Белсенді еңбегі үшін» халықаралық «ЖанДос» қоғамдық сыйлығының лауреаты, «Мүмкіндігі шектеулі жандардың ғылымды, білім беру қызметін, білімге деген ұмтылысын дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша «Жан Шуақ» халықаралық қоғамдық сыйлығының лауреаты, ҚР ЖОО үздік оқытушысы.

43 жыл бұрын (1982) «Самұрық-Энерго» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Николай Юрьевич КАЗУТИН дүниеге келді.

Николай Юрьевич КАЗУТИН
Фото: samruk-energy.kz

Алматы қаласында туған.

Еңбек жолы: 2001 жылы Алматы қаласындағы «Өндірістік сақтандыру тобы» ААҚ филиалдарының сақтандыру және бухгалтерия маманы, 2003-2005 жылдары «Amanat Insurance» сақтандыру компаниясы» АҚ қаржылық талдаушысы, 2005-2006 жылдары «Казинтерполис сақтандыру брокері» ЖШС қаржылық талдаушысы, 2006-2016 жылдары «Прайсуотерхаускуперс Такс Энд Эдвайзори» ЖШС департаментінің аға менеджері, 2016-2018 жылдары «Көкшетау минералды сулары» АҚ кеңесшісі, 2018-2019 жылдары «Шығыс Қазақстан өңірлік энергетикалық компаниясы» АҚ Ішкі аудит қызметінің басшысы, 2020 жылы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2025 жылдың маусым айынан бері қазіргі қызметінде.

90 жыл бұрын (1935-1983) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының (мәтіні) авторы, көрнекті ақын, аудармашы, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Жұмекен Сабырұлы НӘЖІМЕДЕНОВ дүниеге келген.

Жұмекен Сабырұлы НӘЖІМЕДЕНОВ
Фото: cultural.kz

Атырау облысы Құрманғазы ауданында туған. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының ұлт аспаптары факультетін, М. Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары курсты бітірген.

1959-1965 жылдары — «Жазушы» баспасының кіші редакторы, 1965-1966 жылдары — республикалық «Лениншіл жас» газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі. 1966-1971 жылдары — Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші. 1974-1978 жылдары Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы, 1978-1983 жылдары «Мектеп» баспасында редакция меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Тұңғыш кітабы «Балауса» деген атпен 1961 жылы жарық көрді. 60-жылдардан бастап өлеңдері мен шығармалары, үш романы, аударма кітаптары «Жазушы», «Жалын» баспаларынан жарық көрген. «Балауса», «Сыбызғы сыры», «Жоқ, ұмытуға болмайды», «Күй кітабы», «Мезгіл әуендері», «Ұлым, саған айтам», «Қызғалдақ жайлы баллада», «Темірқазық», «Менің топырағым» кітаптары, үш томдық шығармалар жинағы, «Мен — тамырмын» дастандары, «Қасірет пен қайсарлық», «Жұмекен», «Жаңғырық», «Жарық пен жылу», «Весенние ветры», «Мен туған күн», «Жеті бояу», «Шуақ», «Ашық аспан», «Қыран қия», «Тебе говорю, потомок» толғау, поэмалары мен жырлары, «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» атты романдарының авторы. 1967 жылы «Жоқ, ұмытуға болмайды!» атты поэмасы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Ақын жырлары бірнеше шет ел тілдеріне аударылған. «Менің Қазақстаным» өлеңі 2005 жылы әнұран сөзі болып бекітілді. Ақынның есімі өзінің туған жері Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы ауылға берілген. 

Соңғы жаңалықтар