28 қараша. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 28 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады. 

28 қараша. Жылнама
Коллаж: Kazinform

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1934 жылы Қазақ ұлттық ғылыми-зерттеу мәдениет институты өз жұмысын бастады. Қазақ ұлттық ғылыми-зерттеу мәдениет институтының мақсаты — ұлттық мәдени құрылыс саласындағы барлық ғылыми-зерттеу жұмыстарын интеграциялау және үйлестіру, қорытындылап, ғылыми-зерттеу нәтижелерін бірыңғай базаға салу, Қазақстаның мәдени саясатының іргесін қалау.

2000 жылы «Қазақстан меценаттары клубы» жыл сайынғы «Тарлан» жалпыұлттық тәуелсіз сыйлығын жариялады. Сыйлық әдебиет, музыка, театр, бейнелеу өнері, кинематограф, ғылым және ағарту секілді жеті бағытта беріледі.

2005 жылы Павлодардың Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер мұражайы «Жергілікті мұражайларды қолдау» акциясының барысында қала тұрғындары сыйға тартқан 418 жаңа жәдігермен толықты. Олардың арасында Мәди ұстаған «Құран» және Мұхтар Әуезовтің 1947 жылы жарық көрген «Абай» кітабы болды. Екеуі де араб әріптерімен басылған.

Мұражайдың кітап қоры павлодарлық танымал қаламгерлер Мұзафар Әлімбаевтың, Нұтфолла Шәкеновтың шығармаларымен, қуғын-сүргін жылдары Ертіс селосында тұрған Сібір жазушысы Ефим Пермитиннің төрт томдығымен, орыстың белгілі ақыны Марина Цветаеваның сіңлісі, өткен ғасырдың 50-жылдары Павлодарда тұрған жазушы Анастасия Цветаеваның авторлық қолтаңбасы бар «Естеліктер» кітабымен де толықты.

Атақты әнші Суат Әбусейітовтің жеке заттары мен фотосуреттері келіп түсті. Варна қаласында (Болгария) өткен халықаралық байқау-фестивалінің жүлдегері жас суретші Лилия Мельник мұражайдың балалар бөліміне көрмеде көрсетілген суреті мен фестивальдің буклетін тарту етті.

2011 жылы Корея Республикасы Даеджон қаласының Корея инновациялық кластері қорында Корея-Қазақстан технологиялық ынтымақтастық орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

2011 жылы «KazSat-2» спутнигі Қазақстан Республикасының меншігіне берілді. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі комиссиясының «KazSat-2» ғарыштық жүйесін Қазақстан Республикасының меншігіне беру жөніндегі отырысында «KazSat-2» ғарыштық жүйесін меншік құқығына алу хаттамасын комиссия төрағасы «РҒБО» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Еркін Шаймағамбетов бекітті.

2012 жылы Польшаның солтүстік-батысындағы Пила қаласындағы әскери зиратта Кеңес Одағының Батыры Жолдыбай Нұрлыбаевтың қабіріне қойылған ескерткіш тақта орнатылды. Салтанатты ашылудан кейін бауырластар қабірінің басында Қасиетті Құранның аяттары оқылып, гүл шоқтары қойылды, ал Жолдыбай Нұрлыбаевтың туыстары оның қабіріне өзінің туған жерінен бір уыс топырақ салды.

2013 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев «Жыл таңдауы — Жыл адамы» халықаралық фестивалінің қорытындысы бойынша «2013 жылдың әскериі» номинациясында жеңісі үшін «Алтын адам» статуэткасымен марапатталды.

2017 жылы Жапония Үкіметі «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың Президенті Олжас Сүлейменовті ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастық арқылы екі ел арасындағы достық қатынастардың дамуына зор үлес қосқаны үшін «Күншығыс, Алтын шуақ орденімен» марапаттады. 2008 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Үлкен лентадағы Хризантема орденімен» марапатталса, 2006 жылы Қазақстандағы жапон тұтқындардың зиратын іздеумен айналысқан тарихшы Асқанбек Алданазаровқа «Күншығыс, Алтын шуақ ордені» тағылды.

2017 жылы Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Филипп Мартинэ танымал қазақ жыршысы Ұлжан Байбосыноваға «Франция әдебиеті мен өнерінің кавалері» орденін табыс етті. Франция Елшісі орденді Алматыда өткен «Ұлы дала елі» этнофестивалінде салтанатты түрде тапсырды. Ол Франция Мәдениет министрінің арнайы тапсырмасымен Еуропадан жолданған құрметке қазақ жыршысы лайық екенін айтты.

2018 жылы Порт-Луисте (Маврикий Республикасы) бас қосқан Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеті түркі халықтарының «Қорқыт баба» эпосын ЮНЕСКО материалдық емес мұралар тізіміне енгізді.

2019 жылы ұйымның Париж штаб-пәтерінде өткен ЮНЕСКО-ның 40-шы Бас конференциясы келесі жылға арналған еске алу күндерінің халықаралық күнтізбесіне ортағасырлық Шығыстың ұлы ғалымы және философы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1 150 жылдығын және Шымкент қаласының құрылғанына 2 200 жылдығын енгізу туралы арнайы қарар қабылдады. Ұйымға мүше 193 мемлекеттің ұжымдық шешіміне сәйкес ЮНЕСКО хатшылығына аталған мерейтойларды мерекелеуге қатысу тапсырылды.

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында (қазіргі Астана) Орталық Азияда ЕО-ның үш ауқымды бағдарламасын — «Орталық Азия Инвест», «Орталық Азияда халықаралық сауданы ілгерілету», «Орталық Азияда заңның үстемдігін дамыту» іске асыру туралы Келісімге салтанатты түрде қол қойылды. Бұл жаңа өңірлік бағдарламалар сауда көлемін ұлғайтуға, ЖІӨ-нің өсуін жеделдетуге және жұмыс орындарын құруға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ол жобаларды басқару жөніндегі қызмет шеңберінде бақыланады.

2020 жылы ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының патронажымен шексіз білім мәдениетін қолдау үшін Еуразиялық университеттер желісі құрылды. Алматыда орналасқан бұл орталық ғылым мен білімді дамыту, жалпыадамзаттық құндылықтар мен мәдени саналуандықты нығайту негізінде планетарлық сананы тәрбиелеуге және диалогке жаңа серпін беру үшін арнайы құрылған бірегей халықаралық институт.

2021 жылы режиссер Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» көркем фильмі «Қараңғы түндер» 25-ші Таллин кинофестивалінде (PÖFF) қазылар алқасының жүлдесін жеңіп алды.

2022 жылы Мемлекет басшысыҚазақстан мен Ресейдің өңіраралық серіктестігіне арналған ХVIII форумға қатысты. Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесу өткізді.

2022 жылы Испанияның Ла-Нусия қаласында бокстан 2022 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Оған Қазақстан боксшылары да қатысты.

2023 жылы алматылық мектеп оқушылары INTERNATIONAL SCIENCE AND INVENTION FAIR (ISIF — 2023) жәрмеңкесінде үш алтын медаль жеңіп алды. Жеңімпаздар № 24 лицейдің оқушысы Халбай Дияр, сонымен қатар № 178 мамандандырылған лицейдің оқушылары Ажар Нышанбай мен Тоғжан Жандарбек болды. Көрмеде олар күнделікті өмірде қолдануға болатын «Өмір туралы ғылым» номинациясы бойынша ғылыми әзірлемелерін таныстырды.

2023 жылы Того Республикасының Президенті Астанаға ресми сапармен келді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Того Президенті Фор Эссозимне Гнассингбе шағын құрамдағы келіссөздер жүргізіп, экономикалық ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Мемлекет басшысы қонақтың Қазақстанға сапары екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың жаңа бетін ашатынын атап өтті.

2023 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне зерттеу университеті мәртебесі берілді.

2024 жылы қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Дубайда DIAFA сыйлығын жеңіп алды. Әртіс өнерге қосқан үлесі үшін DIAFA ұйымдастырушыларына алғыс айтты.

DIAFA (ерекше халықаралық араб фестивальдерінің марапаты) — Дубайда жыл сайын өтетін халықаралық марапаттау рәсімі. Ол өнерге, мәдениетке, бизнеске және гуманитарлық жұмысқа қосқан үлесі үшін әлемнің түкпір-түкпірінен келген көрнекті тұлғаларды марапаттайды. Лауреаттар халықаралық аренадағы жетістіктері мен ықпалы үшін таңдалады.

2024 жылы Астанада ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтті, оған мүше мемлекеттердің басшылары, Бас хатшы Иманғали Тасмағамбетов және Біріккен штаб бастығы генерал-полковник Андрей Сердюков қатысты. Кездесуге қатысушылар ҰҚШҰ жауапкершілігі аймағындағы әскери-саяси жағдай туралы пікір алмасты, ынтымақтастық нәтижелерін және ұжымдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Талқылау нәтижелері сессия барысында қабылданған Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясында көрініс тапты. 

Соңғы жаңалықтар