28 қарашада қай жолдарда қозғалыс тәртібі өзгерді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» бірқатар бағыт бойынша қозғалыс режимі жаңартылғанын хабарлады. Кей өңірдегі жол учаскесінде шектеулер жеңілдетілсе, кейбір жолдарда қозғалысқа әлі де тыйым салынып отыр.
Ұлттық компанияның мәліметінше, «Тимирязево – Сарыкөл – облыс шекарасы» автожолының 0-30-шақырым учаскесінде (Қостанай облысының шекарасы – Тимирязево ауылы аралығы) бұрын енгізілген барлық көлік түріне қозғалыс шектеуі алынды. Қазіргі уақытта шектеу тек жүк көліктері мен қоғамдық көлік құралдарына ғана енгізілген.
Ал «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолында (Қалқаман елді мекеніне кіреберіс пен Астанаға шығатын бағыт) көліктің барлық түрі үшін қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді.
Қалқаман елді мекенінен Астанаға қозғалыс Береке «Қалқаман – Ақсу» көлік айрығы арқылы (ұзақтығы 6 шақырым) және Павлодар қаласынан Қалқаман елді мекеніне қозғалыс «Баянауыл» көлік айрығы арқылы жүзеге асырылады.
Сондай-ақ тркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) учаскесінде сақталады.
Ауа райы
2025 жылғы 28 қарашада Ақмола, СҚО, ШҚО, Абай және Павлодар облыстарының кей жерінде қар аралас жаңбыр мен қар жауады.
– Сол себепті жүргізушілерге жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты қатаң сақтап, жолдардағы ауа райының қолайсыздығын ескерулеріңізді сұраймыз, - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін «Қазгидромет» РМК елдің 13 облысында ауа райына байланысты ескерту жариялады.