28 қазан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 28 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
67 жыл бұрын (1957) қазақ эстрада әншісі (сопрано), педагог, профессор, Қазақ КСР халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қырғызстан мен Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Роза Қуанышқызы РЫМБАЕВА дүниеге келді.
Абай облысында (бұрынғы Семей облысы) туған. Т. Жүргенов атындағы Алматы театр-көркемөнер институтын бітірген, мамандығы — музыкалық комедия әртісі.
1976 жылдан «Гүлдер» республикалық эстрадалық-жастар ансамблінің мүшесі, 1979 жылдан «Қазақконцерт» Қазақ мемлекеттік концерт бірлестігінің әншісі болды.
«Парасат» орденімен (2000) марапатталған. «Эстрада жұлдызы» аталымында «Жыл адамы» (2000) атанған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, «Өмірді әнмен өрнектеп» телевизиялық конкурсының, Бүкілодақтық жас орындаушылар конкурсының лауреаты. «Алтын Орфей», «Сопот-77», «Алтын микрофон» фестивальдерінің Гран-при иегері.
63 жыл бұрын (1960) сценарий жазушы, режиссер, актер, продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері (1998) Серік Секенұлы АПРЫМОВ дүниеге келді.
Семей облысында туған. 1979 жылы Алматы индустриалды техникумын, 1989 жылы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік факультетін бітірген.
«НИКА» киноакадемиясының мүшесі.
Қазақстан жастар Одағының сыйлығының лауреаты; ҚР Мемлекеттік шәкіртақысының екі мәрте иегері.
«Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты (2000).
2009 жылы «Экран шеберi» титулын иеленді.
47 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сараптама қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры Тимур Шамсатұлы ИСАБЕКОВ дүниеге келді.
1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, 2004 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, 2020 жылы Оңтүстік Калифорния университетін (АҚШ) бітірген.
Еңбек жолы: 2000-2001 жылдары ҚР Әділет министрлігінің мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау және халықаралық донорлық көмекті үйлестіру мәселелері басқармасының жетекші, бас маманы, 2001-2004 жылдары ҚР Жоғарғы сотының халықаралық байланыстар және хаттама бөлімінің консультанты, референті, аға маманы, 2004-2006 жылдары ҚР Әділет министрлігінің мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау, талап-арыз жұмысы шарттары басқармасының басшысы болып қызмет атқарған. 2006 жылы ҚР Әділет министрлігінің халықаралық құқық, мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау, талап-арыз жұмысы шарттары департаментінің басшысы, 2006-2009 жылдары Астана қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары, 2009 жылы ҚР Әділет министрлігінің тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары, 2009-2010 жылдары ҚР Әділет министрлігінің бақылау және ішкі әкімшілендіру департаменті директорының орынбасары, 2010 жылы Әділет министрлігінің ішкі әкімшілендіру департаментінің директоры қызметінде болды. 2010-2012 жылдары Алматы облысы әділет департаменті басшысының орынбасары, 2012-2015 жылдары Ақтөбе облысы әділет департаментінің басшысы, 2015 жылы ҚР Әділет министрлігі Астана қаласы бойынша сот сараптамасы институтының директоры, 2015 жылы ҚР Әділет министрлігі Сот сараптама орталығы директорының орынбасары, 2015-2017 жылдары ҚР Әділет министрлігінің Сараптама қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры лауазымын атқарған. 2017-2020 жылдары «Болашақ» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Калифорния университетінде (АҚШ) білім алды. 2020-2021 жылдары ҚР Әділет министрлігінің сараптамалық қызметті ұйымдастыру департаментінің директоры, 2022-2023 жылдары ҚР Әділет министрлігінің стратегиялық жоспарлау және ұйымдастыру-талдау жұмысы департаментінің директоры лауазымын атқарды.
Қазіргі қызметін 2023 жылғы мамырдан бастап атқарып келеді.
39 жыл бұрын (1985) Қазақстанның эстрада әншісі, музыкант Әлішер Шүкірұлы КӘРІМОВ дүниеге келді.
Тараз қаласында дүниеге келген.
1991 жылы ең алғаш сахнаға шығып, 5 жасында «Әнші балапан» конкурсына, 1995 жылы Түркияда, 1997 жылы Болгарияда, 1998 жылы Аустрияда өткен халықаралық фестивальдерге қатысқан.
2003 жылы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының эстрадалық вокал факультетіне қабылданды.
Академияны бітірген соң Қазақ ұлттық өнер университетінің «музыкатану» факультетінде магистратураны жалғастырды.
«Славян базары», «Новая волна», «Ереван зовет» халықаралық вокалдық байқауларына Қазақстанның атынан қатысты.
2004 жылы «Superstar.кz» мега жобасына қатысып, жүлдегер атанды. «Голос» шоуының оныншы маусымының суперфиналисі.
2015 жылы Әлішер Кәрімов Forbes Kazakhstan журналының нұсқасы бойынша шоу-бизнес пен спорттың ең үздік отыз жұлдызының қатарына кіріп, рейтингте 15-ші орынға тұрақтады.
ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы қорының мемлекеттік дербес сыйлығымен (2016 ж.), «Қазақстан халық ассамблеясына - 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
131 жыл бұрын (1893-1920) ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт ТОРАЙҒЫРОВ дүниеге келген.
Солтүстік Қазақстан облысының Ш. Уәлиханов ауданында туған. 3 жасында шешесі қайтыс болып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болған. Кейін әкесі екі ұлымен Баянауылға көшіп, Торайғыр кентіне таяу жерге қоныстанған. Алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің Торайғыровтың ақын ретінде қалыптасуына игі әсері болғанымен, 1908 жылы баянауылдық Әбдірахман молданың қаталдығы, өлең шығарғаны үшін жас қаламгерді жазалауы оның дін мен молдалар жайлы теріс көзқарасының қалыптасуына негіз болған. 1911 жылы жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. 1912 жылы Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды қойып, орысша оқу іздейді, қала маңындағы елде жаз бойы бала оқытады. Осы кезден ақындыққа ден қойып, «Оқып жүрген жастарға», «Тәліптерге» («Шәкірттерге»), «Ендігі беталыс», «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Мағынасыз мешіт», «Жарлау», «Досыма хат», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Түсімде», «Жазғы қайғы», «Қымыз», «Кешегі түс пен бүгінгі іс», т. б. өлеңдерін, «Зарландым» атты ұзақ очеркін жазды. Осы тұста «Қамар сұлу» романын жазуды бастады.
1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтқан Торайғыров «Айқап» журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, «Өлең һәм айтушылар», «Ауырмай есімнен жаңылғаным», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Қазақ ішіңде оқу, оқыту жолы қалай?», т. б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды. Журналда аз ғана уақыт қызмет еткен ақын 1914 жылы жазда туған елі Баянауылға оралады. Ел ішінде мәдени-ағарту жұмысын жүргізетін «Шоң серіктігі» деген ұйым ашпақ болғанымен, ісі жүзеге аспайды. Осы жылы орысша оқу іздеп Семейге барған Торайғыров діттеген оқуына түсе алмай, біраз дағдарысқа ұшырайды. Осындай көңіл-күй әсерімен «Ләпет бұлты шатырлап», «Алтыаяқ» сияқты өлеңдер жазған. «Ендігі беталыс», «Тұрмысқа», «Бір адамға», «Туған еліме», «Сымбатты сұлуға», «Қыз сүю», «Гүләйім», «Өмірімнің уәдесі», «Жан қалқам», «Гүл», т. б. өлеңдерін, 1915 жылы «Кім жазықты?» атты өлеңмен жазылған романын дүниеге әкелді.
Шығыс Қазақстанда жалданып бала оқытқан ол 1916 жылдың күзіне дейін әуелі Қатонқарағайда, кейін Зайсанда болады, орыс тілін үйренеді. 1916-1917 жылдардың қысында Томскіде орысша оқиды. Өмірден көп қағажу көріп қажыған ақын арманына жетіп көңілі көтеріледі. «Шәкірт ойы» өлеңінде «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды», «Мұздаған елдің жүрегін жылытуды» армандайды. Осы тұста әлем әдебиетінің классикалық үлгілерімен, саяси кітаптармен танысты.
1917 жылғы ақпан айындағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатысып, «Алаш ұранын» жариялады. Бірақ ауруы асқынып кеткендіктен оқуды да, жұмысты да тастап, 1918 жылы сәуірде еліне біржола оралады. Онда Колчак үстемдігінен кейін қайта жанданған совдеп жұмысына араласып, ел шаруаларының дау-шарларын әділ шешуге қатынасты. Осы тұста саяси-философиялық әдебиеттерді көп оқып, «Шал мен қызға», «А, дүние», «Жас жүрек», «Сарыарқаның жаңбыры», «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс», т. б. өлеңдерін жазды. Көптеген әңгіме, очерктер, әдеби-сын мақалалар жазды, екі роман («Қамар сұлу», «Кім жазықты?»), төрт поэмасын («Таныстыру», «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс») жариялады.
90 жыл бұрын (1934-2015) жазушы, аудармашы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Герольд БЕЛЬГЕР дүниеге келген.
Ресейдің Саратов облысында туған. Абай атындағы Қазақ педагогика институтын және аспирантурасын бітірген. Шығармаларын неміс, орыс, қазақ тілдерінде жазды.
1958-1960 жылдары Жамбыл облысы Байқадам кеңшарының орта мектепте мұғалім, 1963-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері болып еңбек етті. 1964 жылдан шығармашылық жұмыспен айналысқан. 1992 жылдан неміс тілінде шығатын «Феникс» альманахы бас редакторының орынбасары болды.
«Ауыл шетіндегі үй», «Даладағы шағалалар», «Алты асу», «Тас өткел», «Бауырластықтың жанды бейнесі», «Созвучие», «Уақытпен бетпе-бет», «Мотивы трех струн», «Гете и Абай», «Родство», «Земные избранники» зерттеу еңбектерінің, жекелеген әңгіме, мақалалары енген 25-ке жуық жинақтың авторы. Б. Майлин, Х. Есенжанов, Ә. Нұрпейісов, Ә. Кекілбаев, Д. Досжанов және тағы басқа қазақ жазушыларының бірқатар шығармаларын қазақшадан орыс тіліне, А. Раймген, Э. Кончак, Н. Ваккер, тағы басқа неміс ақын-жазушыларының жекелеген туындыларын неміс тілінен орысшаға аударды.
Қазақстан Жазушылар одағының Б. Майлин атындағы сыйлығының иегері, Президенттің бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының иегері, Қазақстан ПЕН-клуб сыйлығының иегері. «Парасат» орденімен марапатталған.