28 мамыр. Жылнама

ASTANA. KAZINFORM — Kazinform оқырман назарына 28 мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады. 

Жылнама
Фото: Kazinform/ Midjourney

Халықаралық әйелдер денсаулығы үшін іс-әрекет күні

1987 жылдан бері жыл сайын тойланады. Мақсаты — әлем елдерінің үкіметтеріне кез келген ұлттың болашағы үшін әйел денсаулығының маңызы зор екенін еске салу.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1869 жылы Қазақстанда «Ақ-төбе» әскери бекінісі құрылды. 1891 жылы оған уезд қаласының статусы берілді. Кеңестік уақытта қала Актюбинск деп аталған, ал 1999 жылдың наурызында оған бастапқы тарихи атауы берілді.

1993 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын құру туралы» Қаулысы шықты.

1998 жылы Алматыда «LG Electronics Almaty Kazakhstan» зауыты ашылды. Салтанатты шараға ҚР Президенті мен LG Electronics бірлестігінің басшысы Джон Ку қатысты.

2005 жылы Алматыда Жеңістің 60 жылдығына орай «Рақымжан Қошқарбаев. Рейхстагқа шабуыл» деректі фильмінің таныстырылымы болды. Режиссері — Әділ Медетбаев. 40 минуттық фильм Халықаралық мәдени құндылықтарды сақтайтын және қолдау көрсететін қордың көмегімен «Amanat studio» студиясында түсірілген.

2009 жылы Румынияның Ясы уезіндегі Струнга коммунасының Братулешть ауылында 1944 жылы Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған қазақстандық жауынгер Шернияз Аяғановқа арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті. Қатардағы жауынгер Шернияз Аяғанов Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген, соғысқа Семей облысының Аягөз әскери комиссариатынан шақырылған. Мотоатқыштар батальонының 56-бригадасының 23-танк корпусының құрамында болды. Бұл шара Қазақстан Республикасының дипломатиялық миссиясы мен Румынияның батырларды еске алу ұлттық агенттігінің және «Ромпетрол» серіктестік тобының бірлескен көмегімен ұйымдастырылды.

2012 жылы Бастөбе тауының етегінде «Қазақ халқына мың алғыс» атты Алғыс білдіру монументінің тасы қойылды. Бұл монумент кезінде Қазақстанға депортацияланған барлық этностардың атынан қазақ халқына деген алғысын сипаттайды.

2017 жылы ҚХР-да шығатын «Іле» газетінде Жарқын Нұрәбілдәұлының мақаласы жарияланды. Мақалада ұшақ сатып алып, оны соғыс жылдарында қазақтарға көмектесуге жіберген белгілі қазақ байы Басбайдың құрметіне ашылған мұражай кешені туралы айтылған.

2018 жылы Зеренді ауданындағы (Уәли хан кесенесінің солтүстік-батыс бөлігінен 10 км қашықтықта орналасқан) егістік алқабынан араб жазулары бар екі ескерткіш гранит тастары табылды. Қазбалар XVIII ғасырдың басы мен ХІХ ғасырдың аяғына тиесілі болуы ықтимал. Сондай-ақ, құлпытастардың бірі — қажыныкі, екіншісі — Абылай хан нөкерлерінің бірінің құлпытасы болуы мүмкін деген жорамал бар.

2018 жылы вьетнамдық Хошимин қаласында өткен таэквондодан Азия чемпионатында Дүйсебай Смайыл 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Қазақстандық спортшының бұл жеңісі 2006 жылдан бері Қазақстан қоржынына түскен Азия чемпионаттарындағы бірінші алтын болды.

2019 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданы аумағына орын тепкен көне Қышқала шаһарында зерттеушілер жаңа деректерге қол жеткізді. Бұл қала Алпамыс батырдың жары Гүлбаршын өмір сүрген Баршынкент болуы әбден мүмкін. Археологтердің айтуынша, қалашықты зерттеу Сыр бойындағы орта ғасырлық қалаларды зерттеу мен тарихын анықтауда өз септігін тигізетін болады. Қышқаланың шын атауы әлі күнге дейін белгісіз. Ел арасында оны Баршынкент дейтін болжамдар айтылады.

2019 жылы алғаш рет Қазақстанда «Болжам. Қорғаныс. Алдын алу (Predict, Protect, Prevent)» тақырыбында ҚР Қорғаныс министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығымен бірлесе ұйымдастырылған бітімгершілік технологиялардағы серіктестік бойынша БҰҰ-ның бесінші симпозиумы өтті. Іс-шара БҰҰ-ның бітімгершілік қызметін одан әрі жетілдіру аясында өзекті мәселелерді қарастыру үшін тиімді алаң болды. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында анағұрлым қауіпсіз және тиімді қызметке ықпал ететін технологиялық тетіктер мен тың жаңалықтар бойынша бірқатар ұсыныстар енгізді.

2021 жылы Түркістанда көне түркі тіліндегі алғашқы Құран кітабы таныстырылды. Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған бұл бірегей басылым біздің заманымызға жеткен Құран аудармасының ең көне әрі толық нұсқасы саналады. Бүгінде бұл қолжазба Ыстанбұл қаласындағы Түрік және Ислам өнері музейінде сақтаулы тұр. Түркістан топырағында туып, жетілген ғұламалар сусындаған мыңжылдық мұра осылайша түркология, тіл дәне дін мәселелеріне қызығушылық танытатын ғалымдар мен ізденушілерге қолжетімді болып, толық факсимиле нұсқасында тұңғыш рет жарияланып отыр.

2023 жылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі халық арасында коронавирустық инфекциямен күресу бойынша шектеу шараларының жойылатынын хабарлады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 пандемиясының аяқталуы және Қазақстандағы және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы туралы жариялауына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің шектеу шараларын енгізген шешімдерінің күшін жойды.

2024 жылы Нидерланд премьер-министрі Марк Рютте Мақсұт Нәрікбаев университетінде студенттерге дәріс оқыды. Ол өз сөзінде Қазақстанның көпполярлы саясатының артықшылықтарын, сондай-ақ Қазақстан мен Нидерланд арасындағы ынтымақтастықты кеңейту бағыттарын атап өтті.

2024 жылы Euronews Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың орта державалар тақырыбына арналған мақаласын жариялады. «Орта державалар икемді негізгі ойыншы саналады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері қолданатын вето құқығы көбінесе тығырыққа тіреледі, жаһандық дағдарыстарға қарсы шешуші әрекетке жол бермейді және ұжымдық әрекеттен гөрі біржақтылық басымырақ болатын сценарийлердің қайталануына әкеледі. Бұл көпжақтылық рухын одан әрі әлсіретіп, Қазақстан сияқты халықаралық институттарға деген сенімді әлсіретеді», — делінген Euronews жариялаған Қазақстан Президентінің мақаласында.

Соңғы жаңалықтар