28 сәуір. Тұлғалар туған күн

25 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі
Фото: Kazinform

Бүгін, 28 сәуір күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

54 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Айжарықұлы СМАҒҰЛОВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Нұра кеңшарында туған. Заң ғылымдарының докторы, профессор.

Еңбек жолын 1987 жылы жұмысшы болып бастады. 1988-1990 жылдар аралығында КСРО Қарулы күштері қатарында азаматтық борышын өтеген. Құқық қорғау органдарындағы қызметін 1991 жылы Ақтөбе қаласы ҚІІБ жанындағы ПБҚ ЖБ милиционері лауазымынан бастаған. 1991-1992 жылдары КСРО ІІМ Свердлов жоғары мектебінің тыңдаушысы; 1992-1995 жылдары ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің тыңдаушысы, аталған мектепті үздік бітірді. 1995-2000 жылдары Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің оқытушысы, адъюнкты, аға оқытушысы болған. 2000-2012 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Қаржы полициясының академиясында қылмыстық құқық және криминология кафедрасының доценті, бастығы, Академия бастығының ғылыми-зерттеу жұмысы жөніндегі орынбасары, Академия бастығының оқу-әдістемелік жұмысын ұйымдастыру жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 2012 - 2016 жылдар аралығында «Қазақстан Республикасының Заңнама институты» ММ директоры қызметін атқарған. 2016-2020 жылдары ҚР Парламент Мәжілісінің VI шақырылым депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі.

2020 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.

Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) және Әділет министрлігінің құрмет грамоталарымен, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшiн», «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін», «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталған. Өзге де наградалары бар.

45 жыл бұрын (1979) қазақ шахматшысы Дәрмен Қанатұлы СӘДУӘҚАСОВ дүниеге келді.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универсиетін «аударма ісі» мамандығы бойынша бітірген. 2009 жылы Carnegie Mellon University Мемлекеттік басқару магистрі (АҚШ). Қазақстан-Британ техникалық университетінің доктарантурасын аяқтады. Кембридж Нидерланды қайта даярлау институттарында «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша оқыту курстарынан өткен. Еңбек тәжірибесі: ҚР Президенті Әкімшілігі Стратегиялық зерттеулер және талдау орталығының консультанты, сектор меңгерушісі (2009-2011); ҚР Шахмат федерациясының вице-президенті (2011 жылдан бастап). Қазақстан, АҚШ, Индонезия, Дания, Ресей, Украина, Латвия және өзге елдердегі гроссмейстерлік турнирлердің жеңімпазы.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

38 жыл бұрын (1986) Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) әкімшілігінің басқарма төрағасы Ернұр Бүркітбайұлы РЫСМАҒАМБЕТОВ дүниеге келді.

Жезқазған қаласында дүниеге келген. Калифорния технологиялық институтын; Лондон Университеттік колледжін бітірген, дипломды қаржы талдаушысы (CFA Charterholder). Еңбек қызметі: JP Morgan Chase инвестициялық банкінің талдау бөлімшелерінде және Wilshire Associates, Inc инвестициялық компаниясында жұмыс істеді; АХҚО үздіксіз кәсіби дамыту бюросының директоры (AIFC BCPD) (2017-2019); «АХҚО Әкімшілігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары (2019-2020).

2020 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.

34 жыл бұрын (1990) Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының бастығы, «Алматы» ӘКК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Берік Бекмырзаұлы СОЛТАНБАЕВ дүниеге келді.

Қазақстандық көпсалалы «Парасат» институтын, Қазақ ұлттық аграрлық университетін, Нархоз университетін бітірген.

Еңбек жолы: 2013-2014 жылдары «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалында кеңесші, 2014-2017 жылдары Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі аппаратының кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің «Қоғамдық келісім» КММ маманы, 2017-2018 жылдары Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі аппаратының кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы, 2018-2022 жылдары Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысына жетекшілік етті.

Қазіргі қызметінде 2022 жылдың маусымынан бастап.

120 жыл бұрын (1904-1974) тарихшы, ғалым Халел Мұхамеджанұлы ӘДІЛГЕРЕЕВ дүниеге келген.

Батыс Қазақстан облысында туған. Қазан шығыс педагогикалық институтын бітірген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының, Шымкент мұғалімдер институтының деканы, директоры, кафедра меңгерушісі, доценті қызметтерін атқарған. Ғалым қазақ әдебиеттанушылары мен тарихшыларының тұрпайы социалистік әдістемелеріне қарсы шығып, шоқантануды бастаушылардың, С.Аспандияров туралы алғаш қалам тартқандардың бірі болды. Кенесары хан бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы жөнінде тарихшы Е.Бекмахановтың тұжырымдамасын қолдағаны үшін саяси қуғынға ұшыраған. Тарих ғылымының кандидаты, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері.

Соңғы жаңалықтар