28 шілде. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 28 шілдеге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күні
2008 жылы Халықаралық гепатитпен күрес альянсының бастамасымен енгізілді. 2011 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл датаны өзінің күнтізбесіне енгізді, осылайша Дүниежүзілік гепатитке қарсы күні ресми мәртебе алып, жыл сайын 28 шілдеде атап өтілетін болды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1969 жылы Жамбыл облысында Жаңатас қаласының іргетасы қаланды. Жаңатас - Жамбыл облысы Сарысу ауданының орталығы. Қала тарихы фосфорит өндірісінің жандануымен тікелей байланысты.
1992 жылы Брюссельде Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Комиссия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы нота алмасу рәсімі өтті.
1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдум өткізу туралы қаулы шығарды. Кейіннен осы референдум бойынша Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы қабылданды.
2003 жылы ҚР Ұлттық банкі номиналы 10 000 теңгелік банкнотты айналымға енгізді.
2007 жылы ҚР Президенті білім саласында қоғамдық қатынастарды реттеуге, осы саладағы мемлекеттік саясаттың қағидаттарын анықтауға және Қазақстан Республикасы азаматтары, сондай-ақ елімізде тұрғылықты тұратын шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдардың білім алуға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған «Білім туралы» Заңға қол қойды.
2012 жылы Қазақстаннның велошабандозы Александр Винокуров ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының алғашқы жарыс күнінде тас жолда топтық жарыста мәре сызығын бірінші болып кесіп өтіп, Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль салды.
2012 жылы Оңтүстік Корея Ёсу қаласында EXPO-2012 халықаралық мамандандырылған көрмеде Қазақстанның Ұлттық күнінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
2012 жылы Ақмола облысының Сандықтау ауданындағы археологиялық жұмыстар кезінде қола, ерте темір және Орта ғасыр дәуірі кезеңдерінің бұған дейін белгісіз болған 80 ескерткіші табылды.
2016 жылы Ыстанбұлда ҚР Инвестиция және даму министрлігінің «Kaznex Invest» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-ның өкілдігі ашылды. Аталмыш құрылымның Түркия мемлекетіндегі арнайы өкілі ретінде Нұриддин Аманқұл тағайындалды.
2016 жылы Өскеменде автозауыт алаңында алғашқы KIA Soul EV электромобилін құрастырды. Оның максималды жылдамдығы сағатына 145 шақырым Толық зарядталған көлік батареясы 14-тен 18 сағатқа дейін жетеді. 100 шақырымға электромобильді қуаттау құны 170 теңгені құрайды.
2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында XII ғасырға тиесілі екі мүсін табылды. Аудан тұрғындары ежелгі ескерткіштерді Қаратау жотасында Арпа өзенінің жағалауынан тапқан. Мүсінде ер адам мен әйел бейнеленген.
2017 жылы Алматыда 1964 жылдан 1975 жылға дейін Сауд Арабиясында билік еткен Фейсал патшаның алтын қаруы қойылған көрме ашылды. Көрмеде ерекше, сирек, тарихи мұрағаттық құжаттар, Құран, жеке заттары, Әл-Фейсалға әртүрлі мемлекеттердің басшылары сыйға тартқан медальдер, ордендер мен төсбелгілер, суреттері және т.б. қойылды. Әсіресе алтынмен және күміспен қақталған салтанатты қару түрлері көздің жауын алады.
2018 жылы Астанада алғаш рет грэпплингтен Әлем кубогі өтті. Қазақстан Республикасы – дәл осындай форматта жарыс өткізген әлемдегі бірінші мемлекет. Грэпплинг – дзюдо, самбо, джиу-джитсу, еркін күрес, грек-рим және т.б. сынды күрес түрлерін біріктіретін спорттық жекпе-жектің түрі.
2021 жылы бал және ара өнімдерін өндіретін он қазақстандық компания Сауд Арабиясындағы сенімді экспорттаушылар тізіліміне енді.
2022 жылы Денис Теннің «Соқыр махаббат» («Слепая любовь») сценарийі бойынша түсірілген фильмнің көрсетілімі өтті. Мәнерлеп сырғанаушы бұл сценарийді 2018 жылы жазған, төрт жылдан кейін фильм прокатқа шықты.
Фильм екі ерекше адам - Саул есімді жігіт пен Луна есімді қыздың қарым-қатынасы мен бір-біріне сүйіспеншілігін туралы баяндайды. Қыз саңырау, ал жігіт - соқыр. Алайда, шектеулі мүмкіндіктерге қарамастан, олардың сезімдерінің шегі жоқ. Фильм бойында Денис Теннің рухы мен қатысуы сезіледі. Лейтмотив және саундтрек ретінде коньки тебуші жазып, орындаған ән таңдалды.
2023 жылы Алматы мектептерінің бірінші сыныптарына қабылдау басталғаннан бері төрт айдың ішінде 25 мыңнан астам өтініш түскен. Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қала тұрғындары балаларды бірінші сыныпқа қабылдауға 25 009 өтініш берген.
2023 жылы ҚР ТЖМ "Қазақстан Республикасының сейсмологиялық саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспарын бекіту туралы" Үкіметтің қаулысын дайындады. Сейсмикалық қауіпті аймақтарда-елдің шығысы, оңтүстік – шығысы, оңтүстігінде-7 миллионнан астам адам тұрады, өнеркәсіптік әлеуеттің 50% - дан астамы шоғырланған, 400-ден астам қалалар мен елді мекендер орналасқан.