28 тамыз. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 28 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
74 жыл бұрын (1951) Конституциялық Сот судьясы Сергей Федорович УДАРЦЕВ дүниеге келді.

РСФСР, Новосібір облысы, Обь ауылында әскери қызметкердің отбасында дүниеге келген. 1973 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы, біліктілігі «Заңгер» және 1976 жылы ҚазМУ аспирантурасын бітірген. 1981 жылы М.В. Ломоносов атындағы ММУ БАИ, 1990 жылы қоғамдық ғылымдар Академиясының ФПК бітірген.
Еңбек жолы: 1976-1988 жылдары ҚазМУ заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы, 1985-1986 жылдары деканның орынбасары және 1987-1988 жылдары ҚазМУ заң факультетінің күндізгі бөлімінің деканы болып жұмыс істеді.1988-1991 жылдары Алматы жоғары партия мектебінің, Алматы саясаттану және басқару институтының кафедра доценті және ғылыми хатшысы болып қызмет етті. Докторлық диссертациясын аяқтау үшін Ресей басқару академиясының Мемлекет және құқық орталығына жіберілді. 1992 жылы Қазақстан менеджмент, Экономика және болжау институтының ұлттық қатынастар және мемлекеттік құрылым кафедрасының доценті қызметін атқарды. 1992-1995 жылдары ҚР Конституциялық сотының судьясы қызметін атқарды. Профессор, Қазақ мемлекеттік заң институтының мемлекет және құқық теориясы кафедрасының меңгерушісі болды. 1998-1999 жылдары Заң бөлімінің, заң басқармасының бастығы, «Казатомпром» Ұлттық атом компаниясының заң департаментінің директоры, Үлбі металлургия зауытының Директорлар кеңесінің мүшесі болды.
1994-2006 жылдары Профессор, оқу жұмысы жөніндегі проректор және құқықтану академиясының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі болды. 2006-2007 жылдары профессор, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің оқу және оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, 2007-2009 жылдары Қазақ гуманитарлық-заң университетінің ректоры, 2009-2012 жылдары КазГЮУ Президентінің Кеңесшісі қызметінде болды. 2012-2022 жылдары Құқықтық саясат және конституциялық заңнама ҒЗИ директоры, құқықтық саясат, Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу жобаларының басшысы, 2013-2023 жылдары «Право и государство» журналының бас редакторы қызметін атқарған.
Заң ғылымдарының докторы (1992). Профессор (1994). ҚР әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигі (1998). Қазақстанның құрметті заңгері (2015).
2023 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.
45 жыл бұрын (1980) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Анастасия Геннадьевна ЩЕГОРЦОВА дүниеге келген.

Павлодар қаласында туған. 2003 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін (саясаттану), 2010 жылы «Әлеуметтану» мамандығы бо45йынша магистратураны бітірген.
Еңбек жолы: 2003-2007 жылдары Астана қаласы әкімдігінде Талдау және мониторинг бөлімінің бас маманы, талдау және мониторинг бөлімінің меңгерушісі, Астана қаласы ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, 2007-2010 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Талдау және мониторинг департаментінің директоры, 2010-2013 жылдары ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары, 2013-2014 жылдары «Қазмедиа орталығы «БК» ЖШС Бас директорының стратегиялық жоспарлау және талдау жұмысы жөніндегі орынбасары, 2014-2017 жылдары Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Саясаттану» кафедрасының оқытушысы қызметінде болды. 2017-2018 жылдары «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ директоры, 2018 жылы «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, 2018-2019 жылдары ҚР Орталық сайлау комиссиясының БАҚ және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл бөлімінің меңгерушісі қызметінде болды. 2019 жылғы 7 қарашада ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болып сайланды.
«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Ерен еңбегі үшін» (2019) медальдарымен марапатталған.
136 жыл бұрын (1889-1941) Алаш қозғалысының қайраткері Садық Аюкеұлы АМАНЖОЛОВ дүниеге келген.

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында туған. Верный ер балалар гимназиясын, Қазан императорлық университетінің заң факультетін бітірген.
1917 жылдың Ақпан революциясына дейін Жетісу облысының Аягөз, Үржар заң орындарында қызмет атқарып, Үржар уезі қазақ комитетінің төрағасы болды. 1-ші жалпықазақ съезі Аманжоловты Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы депутаттығына бекіткен. Съезден кейін ол «Алаш» партиясының Жетісу өңіріндегі жергілікті ұйымдарын құруға белсене араласты. 1917 жылы 2-ші жалпықазақ съезі Аманжоловты Алашорда үкіметіне - Халық Кеңесіне мүше етіп сайлады. 1918 жылы Лепсі қаласында өткен Жетісу облыстық 2-ші қазақ съезінде облыстық кеңес мүшелігіне сайланып, Жетісуда және Шыңжаңның Шәуешек қаласында Алашорда жасақтарын құруға басшылық жасаған. Кеңес әскерлерімен болған шайқастарға қатысып, ауыр жарақаттанды. 1923-1930 жылдары Қазақ АССР Заң халық комиссариаты жүйесінде қызмет атқарды. 1930 жылы Қазақстаннан кетуге мәжбүр болып, Мәскеуде, Бішкекте, Ташкентте жұмыс істеген.
121 жыл бұрын (1904-1977) атақты әнші, Қазақ ССР халық әртісі, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жүсіпбек ЕЛЕБЕКОВ дүниеге келген.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Мәди ауылында туған. Бес-алты жасынан әншілік өнерге ден қойған. Ән өнерін әкесінің інісі Жақыпбек Балғабайұлынан үйренген. Әншілер Ғ.Айтбаев, Қ.Байжанов, Ә.Қашаубаев шығармашылығымен танысқан. 1920-1930 жылдары Семейдегі «Ес аймақ» труппасының спектакльдері мен бірнеше концерттеріне қатысқан. 1931-1935 жылдары Қазақ мемлекеттік драма театрында (қазіргі М.Әуезов атындағы драма театры), 1935-1960 жылдары Қазақ Мемлекеттік филармониясында қызмет етті. 1960 жылдан «Қазақконцерттің» әнші - солисі болды. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрының спектакльдеріне қатысып, «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясынан Әлібектің, «Қыз Жібек» пен «Айман-Шолпан» операсынан Төлеген мен Арыстанның партиясын айтып, көптеген драмалық спектакльдерде ойнаған. Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында концерттік бригаданың құрамында болып, Калинин майданы жауынгерлеріне мәдени қызмет көрсетті. Осы сапарында жауынгер-композитор Р.Елебаевтың «Жас қазақ» әнін тұңғыш рет орындап, кейін халық арасында кең түрде насихаттады. 1967 жылдан Қазақ эстрадалық студиясында педагогтық қызметпен айналысқан. Ж.Елебеков репертуары негізінен халықтың және халық композиторларының музыкалық құрылысы мен тілі күрделі, сыршыл әндері «Ардақ», «Ағаш аяқ», «Айтбай», «Жамбас сипар», «Жиырма бес», «Қанатталды», «Құлагер», «Сегіз аяқ», «Сұржекей», тағы басқалардан тұрады.
Қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндіктерінде, сондай-ақ концерттік сапармен барлық республикаларда, Қытай Халық Республикасында, Моңғол Халық Республикасында, Үндістанда болды. Ж.Елебековтің құрметіне Алматы эстрада-цирк өнері колледжіне, Егіндібұлақ селосындағы музыкалық мектепке, көшеге оның есімі берілген. Ленин ордені, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
94 жыл бұрын (1931-1998) қазақ өнерінің жанашыры, көрнекті мемлекет қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі ЖӘНІБЕКОВ дүниеге келген.

Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген.
1952-1962 жылдары мұғалім, орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі, Келес аудандық партия комитетінің штаттан тыс насихатшысы, Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Оңтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің хатшысы-бөлім меңгерушісі, 1962-1975 жылдары Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы, 1975-1977 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінің шетелдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі, 1977-1987 жылдары Қазақ ССР мәдениет министрінің орынбасары, Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1987-1988 жылдары Қазақ ССР мәдениет министрі, 1988-1991 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы қызметін атқарған. 1991 жылы зейнет демалысына шықты. «Арқас» қазақ тілі мен әдебиетін түлету қорының президенті болды. Үш мәрте Еңбек Қызыл ту орденімен, медальдармен марапатталған.
75 жыл бұрын (1950-2023) Қазақстан футболының көрнекті тұлғаларының бірі, спорт қайраткері Сейілда Икрамұлы БАЙШАҚОВ дүниеге келді.

Тараз қаласында туған. Қазақ дене шынықтыру және спорт институтын бітірген. «Қайрат» футбол командасында және СССР ұлттық құрамасында ойнады. «Қайрат» Футбол клубы» АҚ вице-президенті, Қазақстан Республикасының шағын футбол қауымдастығының президенті, Қазақстан футбол федерациясының балалар мен жасөспірімдерге арналған футболының жетекші маманы қызметтерін атқарған. 2007 -2013 жылдары Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті. 2016 жылдың қарашасынан 2018 жылға дейін Қазақстан футбол федерациясының президенті болды.
СССР спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген бапкері.