28 тамыз. Жылнама
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 28 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1985 жылы Қазақстанның ірі көмір өндіретін кәсіпорны - Екібастұздың «Шығыс» разрезі пайдалануға берілді.
1989 жылы ҚР Үкіметінің шешімімен «Әзірет Сұлтан мемлекеттік қорық-музейі» ұйымдастырылды. Қорық музей Түркістан қаласында көне Жібек Жолы бойында қазіргі Шымкент-Қызылорда автожолының бойында, Тәуке хан даңғылы мен Алматы алаңының қиылысында орналасқан. Қорық мұражайдың құрамында 100-ден астам тарихи-мәдени және археологиялық ескерткіш бар. Олардың жалпы қорғау аймағы 529,4 гектарды алып жатыр. Ал кесене орналасқан қаланың тарихи орталығының қорғау аймағы 88,7 гектар. Осы аймақта орналасқан сегіз тарихи ескерткіш музейге айналып, халыққа қызмет көрсетуде. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық музейі - Қазақстандағы ерекше маңызы бар рухани орталық.
1991 жылы Қазақ ССР Министрлер кеңесі «Қазақ ССР Ғылым академиясының Археология институтын құру туралы» Қаулы қабылдады. Оған белгілі академик, Қазақ ССР-і ғылым академиясының академигі Әлкей Марғұланның есімі берілді.
1992 жылы ҚР Президенті Жарлығымен қазақ әдебиетінің дамуына қосқан ерен еңбектері үшін және қоғамдық қызметтерге белсене араласқандары үшін бір топ ақын мен жазушыға «Қазақстан Республикасының Халық жазушысы» атағы берілді. Олардың қатарында Әнуар Әлімжанов, Тахауи Ахтанов, Ғафу Қайырбеков, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Қалтай Мұхамеджанов, Олжас Сүлейменов, Сафуан Шаймерденов, Иван Щеголихин бар.
1998 жылы Қазақстанда түсіріліп жатқан 250 сериялы «Тоғысқан тағдырлар» телесериалы ТМД және Балтық жағалауы елдері арасында өткен фестивальде жүлделі бірінші орынды иеленді.
1999 жылы ҚР Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілді. Онда мемлекеттік жастар жөніндегі саясаты қоғам дамуының басты стратегиялық ресурстарының бірі ретінде негізделді әрі оның негізгі мақсаттары, принциптері, басқару органдары айқындалды.
2006 жылы Қостанай облысының Сарыкөл ауданында Аққозы қажы атындағы мешіт ашылды. Аққозы қажы Абайдың серіктестерінің бірі болған. Ол осыдан 100 жылдан астам бұрын қазіргі Сарыкөл ауданы аумағында уағыз және тәрбие жұмыстарын жүргізген тұлға.
2012 жылы Семей қаласы Полковничий аралында Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 21 жылдығына арналған 13-мыңыншы митинг өтті.
2012 жылы Норвегияның Фрогн қаласының мэрі Туре Вестби және «Перспектива 2020» халықаралық қозғалысының директоры Аарон Товиш Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовке «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымының сертификатын табыс етті. Қазақстан елордасы осы ұйымға қатысатын 110-астана болды.
2014 жылы Қарағандыда Жұлдыз аллеясында Қазақстан Республикасының халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтің құрметіне ескерткіш белгі ашылды.
2015 жылы ҚР Ұлттық банкі «Қазақстан қалалары» сериясының нейзильбер құймасынан соғылған, құны 50 теңгелік «Астана», «Алматы», «Көкшетау», «Шымкент» естелік монеталарын айналымға шығарды. Диаметрі – 23 мм, массасы – 4,71 грамм. Әрбір аталымның таралымы 50 мың дана. Аталымдардың әрқайсысының мың данасы жақсартылған сапамен шығарылып, сату үшін арнайы пластикалық термовакуум орамдармен оралды.
2018 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық музейіне ел ішінде Сегіз Сері атанған қазақтың әйгілі ақыны, әншісі әрі композиторы Мұхамедханафия Бахрамұлы Шақшақовтың шекпені сыйға тартылды. Түйе жүнінен тігілген шекпен бойы 2 метр келетін адамға арналған, қазіргі стандарт бойынша 56-шы киім өлшеміне сай. 172 жылдық тарихы бар шекпенді музейге Қарағанды облысының тұрғындары – Есімбек Мұқанжаров пен оның жұбайы Бақытжамал Әжібекқызы табыстады.
2018 жылы Қазақстанда «Жер бетіндегі өмір үшін» пошта маркасы шығарылды. Марка АТОМ жобасына арналды. Аталған халықаралық компания әлем елдерінің үкіметтерін ядролық сынақтарды тоқтатуға шақырады.
АТОМ Жобасының «Жер бетіндегі өмір үшін» пошталық маркасы офсеттік баспамен көк және сары түсті бояуда жасалған. Перфорациясы ирек тәрізді, тиражы - 20 000 дана.
2021 жылы Будапеште 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында үшінші санатты Tennis Europe сериясының жарысы аяқталды. Онда Қазақстан намысын Заңғар Нұрланұлы қорғап, ол финалда ресейлік Алексей Савгирден басым түсті, есеп - 6:4, 6:1.
2023 жылы US Open өзінің әлеуметтік желілерінде турнирдің ресми постерін жариялады. Плакатта Қазақстанның төртінші ракеткасы, АҚШ ашық чемпионатының фавориті Елена Рыбакинаның есімі болды. Сондай-ақ постерде 2022 жылы жеке разрядтағы жеңімпаздар Карлос Алькарас пен Ига Швентек, сонымен қатар жұптық чемпиондар Барбора Крейчикова мен Катерина Синякова, Джо Солсбери және Раджиев Рам бейнеленген.
2023 жылы Астанада Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қарулы күштердің тылының құрылған күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету бас басқармасының әскери қызметкерлері, Қарулы күштер филиалдарының бас басқармалары мен қызмет ардагерлері қатысты. Бұл мерекенің өзіндік тарихы бар: әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік тиімділігін қамтамасыз ету көбіне байланысты Қарулы Күштердің тылы 1992 жылы 28 тамызда құрылған. Қорғаныс министрінің орынбасары Мұхамеджан Таласов әскери қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларға кәсіби шеберлігі, іске жауапкершілікпен қарауы және әскери борышын адал атқарғаны үшін алғыс айтты.
2023 жылы тазы тұқымды қазақстандық екі ит 2023 жылғы World Dog Show көрмесінде ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Тұмар есімді ит «Үздік тұқым» және «Женева әлем кубогының жеңімпазы» деп танылды. Қазақстаннан екінші қатысушы Вангелия «Қарсы жыныстың үздік өкілі» және «Женевадағы әлем чемпионатының үздік ардагері» (Женевадағы Әлем кубогының ардагер жеңімпазы) атағын жеңіп алды.
2024 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және қарусыздану істері жөніндегі Жоғарғы өкілі Изуми Накамицуды қабылдады. Кездесу барысында өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласындағы Қазақстан мен БҰҰ институттары арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның бүгінгі күннің өзекті мәселелерін шешудегі айрықша рөліне тоқталып, оған балама жоқ екенін атап өтті. Изуми Накамицу Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық үдерістегі көшбасшылығын, сондай-ақ біздің еліміздің орта держава ретінде өсіп келе жатқан рөлін жоғары бағалады.
2024 жылы Парижде 2024 жылғы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты басталды. Салтанатты шара аясында туды қазақстандық паралимпиадашылар алып шықты. 2024 жылғы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан құрамасының туын Азия Паралимпиада ойындарының жеңімпазы, Қазақстан чемпионатының он дүркін жеңімпазы Берік Ізмағанбетов (отырып ойнайтын волейбол) алып шықты. Тағы бір ту ұстаушы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Севда Алиева (пара ату) болды.