28 желтоқсан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 28 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
59 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Арман Кәрімұлы ӨТЕҒҰЛОВ дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысында туған. Саратов зоотехникалық-малдәрігерлік институтын, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін бітірген.
Еңбек жолы: 1989-1998 жылдары Фурманов ауданы «Ақкөл» кеңшарының бас мал дәрігері, Казталов ауданы «Талдыапан» ауыл шаруашылығы кәсіпорнының директоры. 1998-2002 жылдар аралығында Қазталов ауданы әкімдігінде және облыс әкімі аппаратында басшы және жауапты лауазымдар атқарды. Қаратөбе ауданының әкімі болды. 2010-2013 жылдары Теректі ауданының әкімі, 2013-2014 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, 2014-2015 жылдары БҚО әкімінің орынбасары, 2015-2018 жылдары БҚО әкімінің бірінші орынбасары, 2018-2020 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы, 2020-2021 жылдары Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданының әкімі қызметін атқарды. 2021-2023 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары.
2023 жылдан бастап қазіргі қызметінде.
59 жыл бұрын (1964) «Агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі» бойынша Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі Қайрат Серікбайұлы БИСЕТАЕВ дүниеге келді.
Ресей Федерациясы, Қорған қаласында туған.
Челябі ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институтын және РФ Үкіметі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын бітірген.
Еңбек жолы: 1989-1992 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының директоры, облыс әкімінің орынбасары, Қостанай облысындағы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін ұйымдастырушы, 1992-2016 жылдары Bisko холдингінің негізін қалаушы, Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағы басқармасының төрағасы.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
45 жыл бұрын (1978) ҚХА Республикалық медиация кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтайдың мүшесі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Шерзод Аббозұлы ПУЛАТОВ дүниеге келген.
Өзбекстан Республикасының Андижан қаласында туған. М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, Халықаралық тілдер институты «Ағылшын және араб тілдерінің аудармашысы» мамандығы бойынша, Исламабад қаласындағы Халықаралық ислам университеті (Пәкістан) «Ислам құқығы және құқықтану» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолы: «Түрік-Цемент» ЖШС құрылыс материалдары өндірістік кәсіпорнының қаржы директоры, «KazSnabService TTM» ЖШС коммерциялық-сауда кәсіпорнының бас директоры, «ТаразКожОбувь» ЖШС былғары-аяқ киім зауытының бас директоры, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми - зерттеу және талдау орталығы» РММ-нің бөлім бастығы-бас ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ-нің ғылыми зерттеулерді үйлестіру және Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесімен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша бөлім басшысы. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары (2019-2020). Нұр-Сұлтан қаласы «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
36 жыл бұрын (1987) Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Сергеевич ГЛОТОВ дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда магистратура бітірген.
Еңбек жолы: 2066-2007 жылдары «Қазақстан жастар конгресі» ММ менеджері, 2007-2008 жылдары «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қорының атқарушы директоры, 2008-2009 жылдары «Қазақстан ауыл жастары одағы» ҚБ төрағасы, 2009-2011 жылдары «Агроиздат» ЖШС директорының орынбасары, директоры, 2011-2014 жылдары «STILSOFT-ASTANA» ЖШС директоры, 2015 жылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы, 2015-2016 жылдары «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм басқармасы» КММ басшысы, 2016-2019 жылдары Петропавл қаласы әкімінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары, 2019 жылы «Нұр Отан» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2020-2022 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2022-2023 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы.
2023 жылдың қазан айынан бастап қазіргі қызметінде.
32 жыл бұрын (1991) Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің бастығы Нұраби Рашидұлы ТӨЛЕУТАЙ дүниеге келді.
Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Киевка ауылында туған.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясын, Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін бітірген.
Еңбек жолы: 2014-2015 жылдары ҚР ҚМ Қылмыстық процеске қатысушыларды іздеу және қорғау департаментінің бас сарапшысы – ішкі істер жөніндегі аға қызметкері, 2016-2017 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Арнайы дамыту басқармасы басшысының орынбасары, ҚР Бас Прокурорының көмекшісі, ҚР Қаржы министрінің кеңесшісі қызметтерін атқарды. 2019-2020 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Ішкі істер департаментінің офицері (режим бойынша көмекші), Профилактикалық жұмыс және бақылау департаментінің ішкі істер бойынша анықтаушысы (тергеуші), ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің ассистенті, ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеулер басқармасы басшысының орынбасары, 2021-2023 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеулер департаментінің басшысы.
2023 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.
125 жыл бұрын (1898-1948) мемлекет және қоғам қайраткері, публицист Алма Дінмұхамедқызы ОРАЗБАЕВА дүниеге келген.
Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туған. Ордадағы орыс-қазақ әйелдер училишесін, 2 сыныптық қыздар мектебін, педагогикалық курсты бітірген.
1919 жылы комсомол қатарына өтіп, сол жылдың маусымында қызыл әскердің Қазақстандағы тұңғыш саяси клубын ұйымдастырды. Сол жылы қараша айында Киров революциялық комитеті ақпараттық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1920 жылы тамызда Орынбор губерниясы партия комитетінің жанынан құрылған қырғыз (қазақ) бөлімінің алқа мүшелігіне сайланды. 1920 жылы қазанда Бүкілодақтық Құрылтай съезіне делегат болып сайланып, оның атқару комитетінің құрамына енді. Бөкей ұйымынан Бүкілресейлік Шығыс әйелдерінің съезін өткізуге ат салысып, әйел теңдігі, оқу-ағарту мәселелерін шешуге, оларды қоғамдық жұмысқа тарту ісіне тікелей араласты. 1921 жылы мамырда өткен Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Бүкілодақтық жұмысшы әйелдердің Орталық ұйымы мәжілісіне қатысып, әйелдер қозғалысының атынан сөз сөйледі. Коммунист әйелдердің Берлинде өткен 3-ші халықаралық конференциясына, Коминтерннің 5-ші конгресіне делегат болып қатысты. 1931 жылы ауыр дертке шалдығуына байланысты зейнетке шықты. Ол «Степная правда», «Советская степь», «Еңбекші қазақ», «Жас қазақ», «Дұрыстық жолы» газеттеріне қазақ әйелдерінің қоғам ісіне араласуы, әйелдер арасындағы мәдени-ағарту жұмыстарының жүргізілу барысы, қалыңмал мәселелеріне арнап «Қазақ әйелдері даңғыл жол үстінде», «Қазақ әйелдерінің қалыңмалдан құтылған күні», «Октябрь революциясы және қырғыз әйелі», «Әйелдер бостандығы» тағы басқа мақалаларын жариялаған. Кейбір мақалалары «Қазақ әйелі», «Сағида» сияқты бүркеншек атпен жазылған. Оразбаева қазақ әндері мен күйлерін жинаған А.В.Затаевичке өзінің орындауымен қазақтың «Жайық», «Қосай», «Танысу жыры», «Зейнешім», «Сарыжан», «Төрт пішін», «Айнамкөз», «Япырай», «Қыз ұзату» (Қоштасу) сияқты барлығы 18 әнінің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына енуіне мұрындық болды.
79 жыл бұрын (1944-2017) Қазақстанның құрметті журналисі, «Проза.ру» Ұлттық порталының әдеби сыйлығына үміткер диплом иегері Анатолий Степанович ГУРСКИЙ дүниеге келген.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. Жоғары экономикалық және филологиялық білімі бар.
Еңбек жолын кеңшардың тракторлық бригадасынан бастады. Әскерден келгеннен кейін Қазақстанның ЛКСМ аудандық және облыстық комитетінде жұмыс жасады. 1969 жылдың қазан айынан бастап аудандық және облыстық газеттерде, ТАСС тілшісінің өкілеттігімен КазТАГ агенттігінде журналистік және басқарушылық қызметтерді атқарды. 1994 жылдан «Вести Казахстана» парламенттік газетінің бас редакторы болды. 1996 жылдың наурыз айының басында Қазақстан баспа және жалпы ақпарат ұлттық агенттігі төрағасының орынбасары болды. Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің БАҚ департаментін басқарды. 1999 жылдың наурызынан «Казахстанская правда» газетінің президенті қызметін атқарды. «Аграрный Казахстан» республикалық апталық басылымын шығарып әрі басшылық етті.