29 қазан. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 29 қазан күні танымал тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
None

ЕСІМДЕР

106 жыл бұрын (1916-1994) Қазақстанда бокс спортының негізін қалаушының бірі, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шоқыр БӨЛТЕКҰЛЫ дүниеге келді.

Маңғыстау облысының Жармыш ауылында туған. Киевтің көркемөнер академиясын және денешынықтыру институтын бітірген (1947). Ұлы Отан соғысының қатысушысы. 1946 жылы Шоқыр Бөлтекұлы бокстан КСРО чемпионы атанып, қазақ жастары арасында бiрiншi болып спорт шеберi дәрежесіне жеткен. 223 рет рингке шығып, соның 199-ында жеңіс тұғырына көтерілген. Үш дүркін Қазақстан чемпионы. Қазақстанда бапкер даярлауға сүбелі үлес қосқан. КАРЛАГ тұтқындары Густав Кирштейн (неміс) мен Дәулеткерей Мулаевты (балқар) босатуға және жұмысқа орналастыруға (Алматыда бапкерлік жұмысына) жәрдем берген. «Қазақфильм» киностудиясында суретші болып жұмыс істеген. «Қазақ әдебиеті» газетіне мақалалар жазып тұрған. Соғыс кезінде тегіндегі -ов қосымшасынан бас тартып, оны -ұлы деп өзгерткізген. Сол үшін көптеген жеңілдіктерінен айырылып, оған қоқан-лоққы жасалды. Кеңсай моласына жерленген.

Маңғыстауда бокстан Шоқыр Бөлтекұлы атындағы халықаралық турнир өткізіледі. Қазақстанның Бокс федерациясының шешімімен 2009 жылы бокстан Шоқыр Бөлтекұлы атындағы халықаралық турнирге «А» класты мәртебесі берілді. Содан кейін турнир жеңімпазына «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы беріле бастады. Осы халықаралық турнир AIBA-ның күнтізбелік жоспарына енгізілген.

99 жыл бұрын (1923-2017) ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұзафар ӘЛІМБАЕВ дүниеге келді.

Павлодар облысының Шарбақты ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1948-1986 жылдары «Пионер» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, «Балдырған» журналының бас редакторы болды.

Алғашқы жинағы «Қарағанды жырлары» деген атпен 1952 жылы жарық көрді.

Ақынның 52 кітабы шыққан. «Құрбыма», «Лирика», «Менің Қазақстаным», «Жолдар - жырлар», «Жүрек лүпілі», «Өшпес от», «Өлеңдер мен поэмалар», т.б. өлең кітаптары нәзік лиризм мен азаматтық әуенге толы. Әлімбаевтың 300-дей өлеңіне ән жазылған, бірнеше ән кітаптары шыққан. Ақын қазақ балалар әдебиетін дамытуға көп еңбек сіңірді. «Менің ойыншығым», «Отпен ойнама», «Орақ-олақ», «Шынықсаң - шымыр боларсың», т.б. кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес болды. Әлімбаев мақал-мәтелдерді жинау, зерттеу, басқа халықтар мақалдарын қазақ тіліне аудару жұмыстарымен де айналысып келеді: «666 мақал мен мәтел», «Мақал - сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз - ортақ қазына», «Мақалнама», «Маржан сөз», «Нақылдар», «Батамен ер көгерер». «Халық - ғажап тәлімгер», «Нақылдың төркіннамасы», т.б.жинақтар мен зерттеу еңбектері бар. Сын-зерттеу саласында «Қалам қайраты», «Көңіл күнделігінен», «Өмір, өнер, өнерпаз», «Толқыннан толқын туады», «Көңіл күнделігі», «Көргендерім көңілде» еңбектері жарық көрді.

Әлем әдебиетінің кейбір үздік шығармаларын қазақ тіліне аударды. Әлімбаевтың өлеңдері 38 тілге аударылған. Бірнеше орденмен марапатталған.

63 жыл бұрын (1959) Қазақстанның саясат және қоғам қайраткері Мейрам Құдайбергенұлы ПІШЕМБАЕВ дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. Семей зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын бітірген, зооинженер. Санкт-Петербург қаласындағы Солтүстік-Батыс ветеринариялық академияны бітірген. 1981-1983 жылдары - СБВИ комсомол комитетінің хатшысы. 1983-1992 жылдары - совхозда бас маман, директор. 1992-1996 жылдары «Ақсу» АҚ басқарма төрағасы. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасындағы «Роснефть» өкілдігі басқармасының бас директоры. 1997-1998 жылдары - «Қазнефтеком» ЖШС вице-президенті. 1998-2000 жылдары ПМӨЗ- «Қазақойл» Ұлттық мұнайгаз компаниясы» ЖАҚ бас менеджері. 2000-2003 жылдары - ҚР ҰҚК «Казимпекс» республикалық орталығы» ЖАҚ бас директорының орынбасары. 2003-2005 жылдары - «Siemens AG» компаниясы өкілдігінің атқарушы директоры. 2004-2007 жылдары - «Қазақсельмаш» корпорациясы» директорлар кеңесі басқармасының төрағасы, «Қазақстанның машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма төрағасы. 2007-2011 жылдары - IV сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі. 2012-2016 жылдары - V сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі. 2016-2021 жылдары – VІ сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі. 2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

63 жыл бұрын (1959) Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Әуелхан Елтайұлы ТҰРҒЫМБЕКОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ химия-технологиялық институтын бітірген. 1981-1983 жылдары - Шымкент облысы Ленгір ауданы «Сельхозтехника» өндірістік бірлестігінің аға инжинер технологы. 1983-1984 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Ленгір аудандық комитетінде түрлі қызметте. 1985-1988 жылдары - Қазақстан ЛЖКО Шымкент облыстық комитетінде. 1991 жылы - Облыстық халық депутаттары кеңесі ұйымдастыру-кеңес жұмыстары және тұрақты комиссия бөлімінің бас референті, бас маманы.

1992 -1993 жылдары - Шымкент облысы әкімшілігі ұйымдастыру-талдау бөлімінің инспекторы. 1993-1994 жылы - ОҚО, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары. 1994-1995 жылдары - ОҚО әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің меңгерушісі. 1995-1998-1999 жылдары - ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары, бірінші орынбасары - ұйымдастыру- инспекторлық бөлімінің меңгерушісі. 2000-2002 жылдары - ОҚО әкімі аппаратының басшысының ұйымдастыру - инспекторлық мәселелер бойынша орынбасары. 2002 жылы - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары - ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің меңгерушісі, Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының әкімі. 2002-2006 жылдары - ОҚО әкімі аппаратының басшысы. 2006 жылы - Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының әкімі. 2007-2009 жылдары - «Нұр Отан» ХДП ОҚО бойынша филиалы төрағасының бірінші орынбасары. 2009 жылы - ОҚО әкімінің кеңесшісі. 2009-2016 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданының әкімі. 2017-2018 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы. Қазіргі қызметінде 2018 жылдан бері.

58 жыл бұрын (1964) Алматы қалалық сотының төрағасы Ерлан Жұмаханұлы АЙТЖАНОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 1990 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдады.

1994-1995 жылдары Алматы қалалық арбитраж сотының судьясы, 1995-2000 жылдары Алматы қалалық сотының судьясы, 2000-2002 жылдары Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының төрағасы, 2002-2008 жылдары Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы, 2008-2010 жылдары Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы, 2010 жылдың қантар айынан наурыз айына дейін Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, наурыз 2010 жылдан маусым 2011 жылға дейін Ақтөбе облыстық сотының кассациялық сот алқасының төрағасы, 2011 жылдың 9 маусымынан бастап-2016 жылдың 20 маусымы бойынша Ақтөбе облыстық сотының төрағасы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 20 маусымдағы Жарлығымен Солтүстік Қазақстан облыстық соты төрағасы лауазымына тағайындалды.

Қазіргі қызметін 2021 жылдың қараша айынан бері атқарып келеді.

«Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының прокуратурасына 20 жыл», «Қазақстан полициясына 20 жыл» мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасының судьялар Одағының және Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының «Құрмет» грамоталарымен марапатталған.

Судьялар одағының «Үш би» құрмет белгісімен марапатталды.

39 жыл бұрын (1983) Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінің бастығы Шыңғыс Сайранұлы ӘРІНОВ дүниеге келді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетін, Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын (құқықтану), Азаматтық авиация академиясын бітірген.

Еңбек қызметі: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамындағы әртүрлі офицерлік және басшы лауазымдардағы қызмет (2006-2022).

Қазіргі қызметін 2022 жылдың қаңтарынан бастап атқарып келеді.

«Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» ІІ, ІІІ дәрежелі медальдарімен, «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне 25 жыл», «Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл» медальдарімен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар