29 қазан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 29 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қазақстандағы күзет ұйымдары қызметкерлерінің күні
Ресми кәсіби мереке Қазақстанның мерекелер күнтізбесінде 2017 жылы пайда болды және алғаш рет 2018 жылғы 29 қазанда аталып өтті. Оны ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелерінің барлық қызметкерлері және жеке күзет ұйымдарының қызметкерлері тойлайды.
Дүниежүзілік инсультпен күрес күні
Дүниежүзілік инсультпен күрес аясында өткізілген шаралар мен науқандардың негізгі міндеті - инсульт проблемасы туралы халықтың хабардарлығын арттыру, алғашқы көмекті дұрыс және уақтылы көрсету маңызы. Уақтылы көрсетілген көмек адам өмірін сақтап қана қоймай, мүгедектіктің алдын алуға септігін тигізеді.
Дүниежүзілік псориаз күні
Бұл күнді атап өтуге Халықаралық псориаз қауымдастықтарының федерациясы бастамашы болған. Атаулы күн псориаз немесе псориаттық артрит ауруына шалдыққан адамдарға арналып, тұрғындардың ол проблема туралы білуіне бағытталған.
Халықаралық қамқорлық және қолдау күні
Халықаралық еңбек ұйымы 2024 жылғы маусымда қабылданған Лайықты еңбек және қамқорлық экономикасы туралы қарарының құрметіне Халықаралық қамқорлық және қолдау күнін атап өтеді.
Күтім экономикасына инвестиция салу және адам құқықтарын толығымен сақтай отырып, жынысты, жасты және мүгедектікті қамтитын күшті және тұрақты күтім мен қолдау жүйелерін құру қажеттілігін мойындай отырып, ақысыз күтім және еңбек күтімін мойындау, азайту, бағалау және қайта бөлуді қолдау көрсетіп, Бас Ассамблея 29 қазанды Халықаралық қамқорлық және қолдау күні деп жариялау туралы резолюция қабылдады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1949 жылы Өскемен қаласында Үлбі металлургия зауыты құрылды. Бүгінде ол «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының құрамындағы басты кәсіпорын ретінде атом стансалары үшін ядролық отын өндіреді, бериллий, тантал, осы металдар мен олардың қосындыларынан ондаған бұйым шығарады.
1996 жылы Пәкістан Ислам Республикасының президенті Сардар Фарух Ахмед Хан Легари алғаш рет ресми сапармен Қазақстанға келді. Сапар барысында екіжақты байланыс перспективалары туралы Қазақстан-Пәкістан бірлескен құжатына қол қойылды. Пәкістан президенті екіжақты қарым-қатынас жағдайы жайлы айта келе, Орталық Азиядағы Пәкістанның бірінші елшілігі Алматыда ашылғанын ерекше атап өтті.
1999 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан Ғылым академиясы ғимаратының жанында орыстың ұлы ақыны Александр Пушкинге арналған ескерткіш орнатылды. Қола ескерткіш алматылық зауыттардың бірінде құйылған, ақын есімімен аталған көшеге қойылды. Жоба авторлары - мүсінші Анатолий Бичуков, сәулетшілер Тоқтар Ералиев пен Анатолий Анчугов.
2010 жылы Талдықорғанда «Мәдени мұра» президенттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында халық ақыны Сүйінбай Аронұлына ескерткіш ашылды. Биіктігі шамамен он метр болатын монумент таза қоладан құйылған, авторлары - танымал қазақстандық сәулетші Қазбек Жарылғапов пен мүсінші Мерлан Әзмағамбетов.
2010 жылы белігілі тарихшы, археолог және этнограф, академик Әлкей Марғұланның жеке мұрағатын ғалымның қызы Дәнел Марғұлан Павлодар мемлекеттік университетіне сыйға тартты. Академиктің қорындағы көптеген материалдар әлі жарық көрмеген, оларды университет ғалымдары зерттеуге кіріспек.
2013 жылы ҚР Ұлттық банкі номиналы 100 теңгелік «Бокстан әлем чемпионаты. Алматы-2013» атты естелік күміс монетасын айналымға шығарды.
2015 жылы Ақтөбеде мүкісі бар азаматтарға арналған Қазақстандағы алғашқы видеодиспетчер қызметі ашылды. Оның жұмыс мәні былай: сөйлей алмайтын әрі мүкіс адамдар кез келген қоғамдық орында тілдесуден қиындық туғанда ноутбук немесе басқа бір гаджеттен Skype арқылы жест тілін білетін диспетчерге хабарласып, не қалайтынын сол арқылы айналасындағыларға жеткізе алады.
2015 жылы Қытайдың тарихи бесігінде орналасқан Шаньси провинциясындағы тарихи құндылықтарды қорғау жөніндегі зерттеу институтында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Мәдениет министрліктері арасында тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау, қалпына келтіру, консервациялау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
2016 жылы Уфада ІІІ Халықаралық «Күміс Ақбозат» ұлттық және этникалық кино фестивалі аясында Досқан Жолжақсыновтың (Қазақстан) «Құнанбай» фильмі Амир Абдразаков атындағы «Ұлттық рух үшін» сыйлығына ие болды.
2016 жылы Астанадағы Ресей ғылым және мәдениет орталығында «Мұса Жәлел. Таңдамалы» атты өлеңдер жинағының тұсаукесері болып өтті. Бұл жинақта алғаш рет өлеңдердің қазақша аудармасы ұсынылған.
Бірегей басылымға «Моабит дәптері» атты әлемге танымал циклдің татар, орыс және қазақ тілдерінде 14 туындысы кірген. Қазақ тіліне Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұрат Әбдірахманов (1938-2015) тәржімалаған.
2018 жылы энергетика саласындағы Қазақстан-Румыния инвестициялық қоры құрылды. Қордың қызметі жергілікті энергетика саласын дамытуға арналған жобаларды іскер асыруға, Румыния нарығындағы КМGI позицияларын одан әрі нығайтуға бағытталған.
2020 жылы Қазақстанның Грекиядағы Елшілігінде аты аңызға айналған алматылық «Қайраттың» шабуылшысы, сексенінші жылдардағы Қазақстан футболының жұлдызы Евстафия Пехлеванидидің мерейтойы аталып өтті.
«Қайрат» командасының ардагері алматылық клуб құрамында 226 матчта карсыластар қақпасына 69 гол соғып, КСРО чемпионаты жоғары дивизионының тарихындағы өз командасының үздік бомбардирі ретінде Қазақстан және Кеңес Одағы футболының жылнамаларында өз есімін мәңгі қалдырған. Сондай-ақ, Пехлеваниди Кеңес Одағы футболының Жоғарғы лигасы матчтарының тарихында ең жылдам гол соққан ойыншы ретінде рекордымен әйгілі. 1986 жылғы 3 қыркүйекте шабуылшы сол кездегі КСРО чемпионы – киевтік «Динамо» қақпасына матч басталғалы небәрі 10 секунд ішінде гол соққан болатын.
2020 жылы UNESCO-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне Алматы және Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы кірді. Бүгінгі таңда UNESCO-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының биосфералық резерваттарының Қазақстандағы ұлттық желісінде 12 резерват тіркелген.
Бұл Орталық Азияның басқа елдеріндегі биосфералық резерваттар санынан едәуір асып түседі.
2021 жылы елордада Халықаралық Түркі академиясының жаңа ғимараты ашылды. Ғимарат екі бөліктен тұрады. Біріншісінде мұражай мен кітапхана, ал екіншісінде қызметкерлердің кеңселері орналасқан. Мұражайдың өзі үш бөлікке бөлінген. Бірінші бөлім түркі халықтарының этнографиясына, екінші бөлім жалпы түркологияға арналған, үшінші бөлімге академияға сыйға тартылған кәдесыйлар мен жәдігерлер қойылады.
2022 жылы Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде мұнай-газ саласы мамандарын даярлайтын Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орны – Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінің өкілдігі ашылды.
2023 жылы Қарағанды облысындағы И.А. Костенко атындағы шахтада болған апат салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасында Ұлттық аза тұту күнін жариялады.
2023 жылы Алматыда және Қазақстанның басқа 10 облысында мәслихат сайлауы өтті. Зейнетке шыққан халық өкілдерінің орнына үміткерлер бақ сынады. Бәсекелестік жоғары болды – жаңадан сайланған халық өкілінің бір орнына алты үміткер. Қалада азаматтар мегаполистің қоғамдық өміріне қатысу құқығын жүзеге асыра алатын 42 учаске жұмыс істеген. Республика бойынша барлығы екі облыстық, 7 қалалық және 12 аудандық мәслихат депутаты сайланды.
2023 жылы грек-рим күресінің палуаны Сұлтан Әсетұлы Тиранда (Албания) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. 67 келі салмақта финалда Әсетұлы түркиялық Мұстафа Йылдырымды 2:1 есебімен ұтты. Әсетұлы грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль алған тұңғыш қазақстандық атанды.
2024 жылы Қазақстанда «Naqty Өнім» дәрі-дәрмек аутентификациясы қосымшасы іске қосылды. Қазақстандықтар дәрі-дәрмектердің заңдылығын тегін мобильді қосымша арқылы қаптамадағы Data Matrix кодын сканерлеу арқылы тексере алады. Сканерлегеннен кейін өнім туралы барлық ақпарат, өндірушіден бастап дәріхана сөресіне дейін, қауіпсіздік пен заңдылық кепілдігімен бірге қолжетімді болады. Егер код жоқ болса немесе танылмаса, шағымды «E-otinish» платформасымен біріктірілген қосымша арқылы тікелей мемлекеттік органдарға беруге болады.